Атырау, 19 сәуір 19:32
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Атырау 2013 және 2014 жылдарда

4 087 просмотра

10 желтоқсанда қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ (суретте) брифинг өткізді. Онда әкім жылдың алдын-ала қорытындысын жасап, 2014 жылдың жоспарлары туралы әңгімеледі.

ӨНЕРКӘСІП, БИЗНЕС, САУДА

2013 жылы қалалық бюджетке нақты 34,2 млрд теңге түскен (соңғы үш жылдағы бюджет 7,7%-ға өскен).

Құбыр арматурасын шығаратын «ШевронМұнайГазИнк» зауыты іске қосылды. Жыл аяғына дейін сервистік қызмет көрсететін цех («ЖігерМұнайСервис» ЖШС) пайдалануға берілмек.

2014 жылы жалпы сомасы 2,7 млрд теңге болатын үш жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол жерде 200 жұмыс орны ашылмақ: «Alanbuildingsystems» ЖШС-нің модульдік үй тұрғызу фабрикасы (құрылыс құны 668 млн теңге); «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің үй құрылысы комбинаты (1,5 млрд теңге); «CaspianRoyalFish» ЖШС-нің тауарлық-бекіре фермасы (491 млн теңге). Қалада шағын және орта кәсіпкерліктің 21 мың белсенді субъектілері бар, онда 55 мың адам жұмыспен қамтылған.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

2013 жылдың 9 айы ішінде  1,6 мың тонна ет, 3,5 мың тонна сиыр сүті, 189 мың жұмыртқа өндірілді.

Егіс алаңы 1,5 мың гектарды құрайды. 28,3 мың тонна көкөніс, 4 мың тонна картоп, 6 мың тонна бау-бақша өнімдері жиналды (өнім мөлшері 3,7 пайызға өскен). Тамшылатып суарудың жаңа технологиясы бойынша 250 га жерге көкөніс пен бау-бақша өнімдері егілді. Жыл аяғына дейін жаңа технологиялар қолданылатын «Жұмағалиев» ЖК (2 га), «Алаша Атырау» ЖШС (0,5 га) жылыжайлары іске қосылмақ.

 

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

2014 жылы тұрғын үйлерді салу үшін жер телімдерін бөлу бүкіл қажетті инфрақұрылымдар жүргізілгеннен кейін жалғасатын болады. Бүгінде 57 мың адам жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға өтініш берген. Оған жыл сайын шамамен 5 мыңдай өтініш қосылады.

Жеке тұрғын үй салуға бөлінген екі мың жер телім үшін инфрақұрылымдар жүргізу жұмыстары басталды: жалпы ұзындығы 47 шақырым болатын су құбыры торабы бойынша Жұлдыз-2, Тасқала-2, Тасқала-3 (құрылыс жұмыстары), Геолог, Ақжар және Бірлік селоларында (күрделі жөндеу жұмыстары).

23 инфрақұрылым нысанда-рында (газ құбыры, су құбыры мен электр жүйелері) құрылыс жұмыстары жалғасуда. 14 нысанда мемлекеттік қабылдау процесі өтуде: газ құбыры (Өркен, Сарықамыс, Дамбы, Водников, Ақжар, Атырау, Бірлік, Тасқала-3, Томарлы, Талғайраң, Тасқала-2, Жұлдыз-3), су құбыры (Тасқала-2), электр жүйелері (Жұмыскер-1). Қалған нысандар 2014 жылы іске қосылатын болады.

 

ТКШ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ

Қаланың Бас жоспарына 2014 жылы бекіту жоспарланған өзгерістерді енгізу жұмыстары жалғасуда.

Қала бойынша барлығы көппә-терлі 922 тұрғын үй бар, оның 774-і АЖЭО-на қосылған; 53-і Балықшы қазандығымен жылытылады, 16-сы «Атырау Су Арнасы» КМК-не қосылған, 79-ының автономды қазандықтары бар.

Ұзындығы 450 метр болатын кәріздік жүйелерді жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Көгалдандыру жұмыстарының шеңберінде 11 мың жас көшет отырғызылды. Сәтпаев даңғылында жалпы алаңы 6,2 мың шаршы метр жерге кеспе тас төселді.

Қазіргі кезде теміржол көпірінен бастап Геолог поселкесіне дейін жалпы алаңы 542 метр болатын жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жағалауды абаттан-дыруға жергілікті бюджеттен 361,8 млн теңге бөлінді.

Селолық округтерде аулаларға 18 ойын алаңдары, қала аумағына жаттығу құрылғылары бар 12 спорттық алаңқайлар орнатылды. Жыл аяғына дейін тағы 18 жаттығу құрылғысы орнатылмақ.

 

ЖОЛДАР ЖӘНЕ КӨЛІКТЕР

Биыл облыстық бюджет қаржысының есебінен ұзындығы 11 шақырым болатын Атырау-Индер көлік жолына, сондай-ақ, Геолог пен Ақжайық елді мекендеріндегі жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өркен ықшамауданындағы, Тасқала, Тасқала-2 поселкелеріндегі және қаладағы 26 көше жолдарына күрделі жөндеу жүргізілуде.

Привокзальный 3, 3а, 5, СМП-136, СМП-163, Сарыарқа, Тұлпар ықшамаудандарында, Құлманов, Канцев, Тайманов, Абай, Махамбет, Бақтыгереев, Берғалиев, Құрманғазы, Бигелдинов, Амандосов, Молдағалиев,  Сәтпаев,  Баймұханов, Студенческий, Құнанбаев, Әбілқайыр хан көшелерінде, Жұмыскер мен Талғайраң селоларында ағымдық шұңқырларды бітеу жұмыстары жүргізілді.

Қалада 1900 жол белгісін орнату жұмыстары жасалуда. Салқын пластиктен арнайы материалдарды және жол белгілеулерін жағу жұмыстары аяқталды.

32 қалалық маршрутқа (оның 12-сі – селолық округтерде) қызмет көрсететін 8 кәсіпорын жолаушылар тасымалымен айналысады. 210 автобус пен 157 микроавтобустар жұмылдырылған. Қосымша қазақстандық және қытайлық өндірістен шығарылған 20 автобус сатып алынды.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ

«Қолжетімді баспана - 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде көппәтерлі 22 тұрғын үй салу жоспарланып («Жас отбасы» бағдарламасы бойынша 5 үй, кезекте тұрғандар үшін 14 үй және 3 «несиелік» үй, барлығы - 1 005 пәтер), оның екеуі пайдалануға берілді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

2014 жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының шеңберінде 19 тұрғын үйді салу жоспарланған: 8 «несие» үйі (390 пәтер), «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша 2 үй (120 пәтер), 9-ы – кезекке тұрғандар үшін (390 пәтер).

 

БІЛІМ БЕРУ

Апатты (Құрсай поселкесіндегі №18 орта мектеп пен Алтынсарин атындағы орта мектеп) мектептердің орнына 300 орындық екі жаңа мектепті салу жұмыстары жүргізілуде. М.Отаралиев атындағы мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталды.

Қаладағы 5 мектепті күрделі жөндеу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталды. Аз қамтылған отбасынан шыққан бір мыңнан астам оқушы мен 1-4 сыныптың 21 мың оқушысы ыстық тамақпен қамтылды.

Қалада мектепке дейінгі 47 балалар мекемесі (оның 35-і мемлекеттік), 83 шағын орталық, 190 мектепке дайындық тобы жұмыс істейді (мектепке дейінгі мекемелерде барлығы 18 954 бала тәрбиеленуде). Балабақшаға 8 900 адам кезекте тұр.

Жыл аяғына дейін Алмагүл ықшамауданындағы жаңа балабақшаны іске қосу жоспарланған. Жұмыскер, Көкарна, Бірлік поселкелерінен және Нұрсая ықшамауданынан (280 орыннан) балабақшалар салу жұмыстары басталды.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Жыл басынан бері қала бойынша 8 мың жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту органдарына жүгінген 7 мың адамның 3 161-і тұрақты жұмыс орнына орналасты, 798-і уақытша қоғамдық жұмыстарға тартылды.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Жарақталған7 медициналық жедел жәрдем көлігі сатып алынып, қосымша жеті бригада құрылды. Қалада барлығы 18 медициналық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, автоматталған диспетчерлік ақпараттық қызмет енгізілді. Жыл аяғына дейін Еркінқаладағы дәрігерлік амбулаторияны және Жаңаталап поселкесіндегі фельдшерлік-акушерлік қосынды тапсыру жоспарланды.

 

ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП

Қалада 266 сыртқы бақылау камералары жұмыс істеп тұр, жыл аяғына дейін тағы 191 камера орнатылатын болады. 2014 жылы 138 бейнекамераны орнату жоспарланған.

Ағымдағы жылы қалалық ішкі істер басқармасына 61 көлік бөлінді. Есепті кезең ішінде жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар санының 19 пайызға азайғандығы байқалады. 44 бағыт бойынша жұмыс істейтін патрульдік қызмет құрылды.

 

ОЙЫН-САУЫҚ

Журналистерге тек бір сұрақтан ғана қоюға болатындығы жөнінде алдын ала ескерткен еді. «АЖ» тілшісі екі сұрақ қойды:

– Қазір бұзып алынып жатқан «Фэнтези» аттракциондар паркінің орнында не болады? Балаларға арналған ойын-сауық нысандарын салу жоспарда бар ма?

– Қазіргі кезде бұл жер жеке меншік болып табылады. Ол ұзақ уақыт бойына банкте кепілзат болды. Банк осы жер телімін, соның ішінде аттракциондарды кәсіпкерге сатып жіберген. Кәсіпкер ол жерден аттракционға қатысы жоқ әлдебір коммерциялық нысанды салмақшы.

Ойын-сауыққа келер болсақ, қалалық екі бақты салуды жоспарлап отырмыз: бірінің жобалау-сметалық құжаттамасын жасау жұмыстары аяқталып қалды, екіншісі – мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Бұлар Жилгородоктағы ретропарк (отбасылық демалыс бағы) және Х. Досмұхамедұлы атындағы АМУ маңындағы жастардың демалыс бағы.

– Жеке тұрғын үй салатын жер телімдері үшін нақты қай аудандарға инфрақұрылымдар жүргізілмек?

– Қазір біз Атырау және Қайыршақты селолық округтерінде жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру үшін инфрақұрылымдар жүргізілген жерлерді дайындаудамыз.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.