Атырау, 19 сәуір 00:05
 ашықВ Атырау +24
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

«Арагви» қалатын болды

1 693 просмотра

Атырауда қала әкімдігі мен «Арагви» кафесінің иесі арасындағы сот процесі аяқталды. Әкімдік енді кәсіпкердің жер теліміне таласпайды.

Бас жоспарды жүзеге асыру аясында Жарбосынов, Байтұрсынов, Жангелдин, Молдағұлов, Гагарин, Нәжімеденов көшелерінің бойындағы жеке үйлерді ауқымды бұзу жұмыстары 2018 жылы басталған болатын. Үйлерді бұзу бағдарламасы 2017 жылдан 2029 жылға дейін 12 кезеңге бөлінген.

2018 жылдың соңына қарай 110 үйдің иесі үйді бұзуға келісіп, оларға өтемақы ретінде жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 2 млрд теңге төленді. 2020 жылы ең көп өтемақы сомасын қала тұрғыны 0,054 гектар жер теліміндегі 587 шаршы метр коттедж үшін 91 миллион 589 мың теңге алған.

Өтемақы мөлшерімен келіспегендерге салынып жатқан «Береке» ықшамауданындағы көпқабатты үйлерден пәтер ұсынылды. Екі ұсынысқа да келіспегендер сотқа жүгінді.

«Арагвидің» иесі Әсет ҚАЖЫҒАЛИЕВ 3 жыл соттасты. Оның ескі қаланың қақ ортасында орналасқан кафесі сот шешімімен сүрілуі керек еді.

– Менің бизнесімді мәжбүрлеп бұзып, мемлекет мұқтажы үшін жер телімін алып, осы жерге көпқабатты үй салмақ болған. Осы жылдар ішінде мемлекеттік органдармен соттасып, ұтылып қалып жүрдім, шарасыздықтан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновке жүгінуге тура келді. Ол менің проблемама құлақ асып, жер телімін алуды тоқтату туралы шешім қабылдады, – дейді Әсет Қажығалиев.

Азаматтарды жеке қабылдау кезінде өңір басшысы кәсіпкерге ғимараттың қасбетін өзгертіп, аумағын абаттандыруды ұсынды.

Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының атқарушы директоры Рафхат БОЗБАЛИЕВТІҢ айтуынша, олардың ұйымы бизнесменнің өтініші бойынша бұл мәселені шешуге бір жылдай бұрын араласқан. Одақ кәсіпкерге құжаттарын рәсімдеуге көмектесті. Нәтижесінде қала әкімдігі сот орындаушыларына «Атқару құжатын қайтару туралы» өтінім жолдады. Осылайша, Атырау қаласының әкімдігі енді кәсіпкердің жер телімін талап етпейтін болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Еламан НУХИН

22 маусым 2022, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.