Атырау, 18 сәуір 18:17
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

«Бұрқақтар туралы іс»: соттар, мердігерлер және жоғалған миллиондар

1 481 просмотра

Екі жыл бұрын қараусыз қалған қаладағы тоғыз субұрқақтың төртеуінің құрылысын аяқтауға 50 миллион теңге бөлінеді.

Еске салсақ, сонау 2019 жылы жергілікті билік облыс орталығының әр ауданында орналасқан тоғыз субұрқақты ретке келтіруді қолға алып, оған сәйкес тендер жарияланған болатын. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, мердігер – «Еңбек-Атырау» филиалы (кәсіпорын ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек» РМК құрылымына кіреді). Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны бір миллиард теңгеден сәл астам қаржыны құрады.

Кейін гидротехникалық құрылыстарды пайдалануға беру мерзімі «Еңбек-Атырау» басшысына бюджет ақшасын жымқырғаны үшін тергеу жүріп жатқаны белгілі болғанға дейін бірнеше рет кейінге шегерілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сотқа дейінгі тергеуі 2020 жылдың мамыр айында басталды. Бұл уақытқа дейін әкімдік атқарылған жұмыстың бір бөлігі үшін мердігерге 816 миллион теңге аударып үлгеріп, аяқталмаған субұрқақтар қараусыз қалған еді. Олардың қатарында Жилгородоктағы қаланың ең көне «Үш кербез» субұрқағы бар. Оның сиқы бұзылған қалдықтары әлі күнге дейін Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының алдында тұр. Ал тұрбалары едірейіп тұрған жаңа бассейнді жергілікті тұрғындар «коронавирус ескерткіші» деп атап кеткен. Айтпақшы, бұл «кербезді» қалпына келтіруге 62 миллион теңге қарастырылған. Ал жалпы тоғыз субұрқақтың бәрі де аяқталмай қалды.

Былтыр қазан айында «Еңбек-Атырау» директоры Берік ЖАЛМАҒАНБЕТОВТЫ сот кінәлі деп тауып, екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасын берген. Бұл ретте жымқыру Қылмыстық кодекстің 195-бабына – «Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру» бабына өзгертіліп, ол (зиянды) өтеді. Сондай-ақ, қылмыстың субұрқақтармен емес, Индер ауданындағы «Жас өркен» жазғы балалар лагерінің жөндеу жұмыстарымен байланысты екені белгілі болды.

«Жалмағанбетовке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Атырау қаласындағы субұрқақтар құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі расталмады», - деп жауап берді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «АЖ» сауалына.

Дегенмен, Антикордың одан әрі жазбаша түсініктемелерінен белгілі болғандай, «субұрқақтар туралы істе» ақшаның бір бөлігі «сыртқа» кеткен.

«Мердігер – «Атыраугороформление» ЖШС және «Ремми» ЖШС директоры М. ҚҰЛШАМАНҒА қатысты жоғарыда аталған объекті бойынша мемлекетке мүліктік зиян келтіру фактісі бойынша шынайы өкінуіне және келтірілген зиянды толық өтеуіне байланысты ҚР ҚК-нің 195-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 12-тармағы, ҚР ҚК 68-бабының 3-бөлігі негізінде тоқтатылды», - делінген Антикор хатында.

Өкініш білдірген директордың қанша соманы өтегені, ол басқаратын фирмалар кімнің мердігері екені нақтыланбаған.

Қазір қалалық әкімдік субұрқақтарға қатысты жобаны соңына дейін жеткізбек. Әкімдік мамандардың төрт құрылымды техникалық тексеруден өткізіп, ақаулар тізімін жасағанын, соның негізінде жаңа жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін жазбаша түрде хабарлады. Әңгіме Музыка академиясы ғимаратының алдындағы, «Арбаттағы», сондай-ақ Құнанбаев көшесінің (Балықшы) бойындағы және Жилгородоктағы субұрқақтар туралы болып отыр.

Жұмыстарды аяқтауға тағы 50,7 миллион теңге бөлінбек. Тендер әлі жарияланған жоқ, бірақ нысандар үш айдың ішінде аяқталуы керек екені белгілі. Қалған бес субұрқаққа келетін болсақ, олар бойынша ақаулар тізімі әлі жасалып жатыр.

Бұдан басқа, бұл хикаяда тағы бір мердігер – «Еңбек-Батыс» филиалы бой көрсетті. Онымен қалалық құрылыс бөлімі бастапқыда келісімге отырған көрінеді. Қалай болғанда да, сот осы негізде, атап айтқанда, әкімдіктің «Еңбек-Атырау» мекемесін жосықсыз қызмет көрсетуші деп тану туралы арызын қанағаттандырудан бас тартты.

Лев ГУЗИКОВ

Суретті түсірген автор

12 мамыр 2022, 16:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.