Атырау, 25 сәуір 06:55
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Тағы да қамауға алу, немесе Жас қазақ неге лаңкес атанады?

6 905 просмотра

Құрманғазы ауданындағы діни экстремистер тобын қамауға алуға байланысты орын алған соңғы оқиғалар Атырау облысының әлі де шиеленіс ошағы екенін көрсетіп отыр.

Экстремистік топтар Қазақстанның жастарын өз қатарларына қалай тартады? Неліктен жастар радикалды ағымдарға еріп, терактілер жасайды? Бұлай жасауға оларды не итермелейді? Діни экстремизммен күресте күш қолдану әдістері тиімді ме? Бұл күрделі сұрақтарға жауапты ұзақ ізденуге тура келеді.

 

АСТЫРТЫН ҰЙЫМДАРҒА ҚАЛАЙ КЕТЕДІ?

Жастар радикалды топтарға жақсы ақша төлегендіктен барады, бұл да желілік маркетинг секілді (жаңа біреуді әкелсең – дивиденд аласың) деген пікірдің қазіргі Қазақстандағы шынайы ахуалға ешқандай қатысы жоқ. Ешкімнің ақша үшін өлгісі де, тіпті өз бостандығын қатерге тіккісі де келмейді.

Негізінен радикалды топтардың қатары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) мешіттеріне келіп жүрген, молдалардан көңілі қалған бұрынғы жамағаттармен толығады. Экстремистер жасөспірімдерді көшеден тартып алмайды, оларға жастардың өздері барады. Оларға ақида саласындағы қарапайым ілімді іздеуге деген жеке құлшыныстарымен, діни сұрақтарға білікті жауаптар алғысы келген ниетпен келеді. Яғни жас мұсылмандар ресми дін басыларынан ала алмаған нәрсені іздейді. Исламға жаңа келген жандардың түсінігінде ҚМДБ тағайындаған молда басқаратын жерлерде дін тек салт-жоралғылар мен садақа жинайтын жәшік түрінде ғана көрінеді.

Ғаламтор бетінде ақида (иман негіздері) мен фиқһтың (шариғат заңы) қарапайым түсініктері кең таралғандықтан, діндарлар мешіттердегі молдаларға бармай-ақ, бұл мағлұматты үйлерінде отырып ала алады. 

Содан соң түсінбестік туындайды. Мәселен, мешіттегі молда ҚМДБ-ның ресми діни қағидалары мен нормаларына сәйкес, бір нәрсенің дұрыстығын айтса, жас діндар оған жауап ретінде ғаламтордан жүктеп алған ибн БАЗДЫҢ (беделді дін ғұламасы, Сауд Арабиясының бұрынғы мүфтиі) пәтуәсын келтіреді. Молда бұған қарсы дәнеңе дей алмайды.

Ресми мұсылман дінбасылары ұстанатын діни тәжірибе нормалары  қабылданбағандықтан әрі қарай кейбір жас жамағаттардың көзқарасы радикалдана бастайды. Осы түсінбеушілік нәтижесінде тәуелсіз мұсылмандарды – не ҚМДБ бекіткендей құлшылық етесің немесе кетесің деп, мешіттен шеттете бастайды.

Бұлар әдетте жасырынып құлшылық етуге көшеді, дербес қауымға бірігеді, түрлі араб шейхтарына бағынып, олардың түрлі идеяларын бойларына сіңіреді.

Экстремистік топқа шамшыл, әлі өмірлік тәжірибесі жоқ, өздігімен діни білім алып жүрген жастар ілінеді.

Бір бөлігі достарына, туыстарына тілектестік білдіріп, тәуелсіз қауымдарға келген болса, енді біреулерін исламдағы бауырластық пен YouTube-тегі бейнероликтерде әсерлі бейнеленетін жиһад романтикасы елітеді.

Тағы бір контингент бар – олар әлеуметтік бейберекет ортадан шыққан сауатсыз жастар, толыққанды емес отбасында өскен балалар, жұмыссыздар, бұрын сотталғандар, мемлекеттен емес, діни бауырластарынан азды-көпті рухани және материалдық қолдау тапқан адамдар.   

 

ИДЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТОПТАСУ МАҚСАТТАРЫ

Бүгінде ислам әлемінде сүнниттік идеологияның өте радикалды құбылысы – харижиттер басым түседі. Батыста оны жиһадшылық деп атайды. Харижиттер ағымын жақтаушылар өз көзқарастарын бөліспейтін мұсылмандардың барлығын дінсіздер деп күстаналайды, қазіргі Ислам үмметін (мұсылмандар қауымын) жалғыз ғана құтқаратын жол тағұтпен (Аллаһтың заңдарымен құрылмаған кеңес өкіметімен) және кәпірлермен қарулы күрес жүргізу деп есептейді.

Заманауи харижиттердің басты идеологтарының бірі йорданиялық шейх Мұхаммад МАКДИСИ боп табылады. Ол қарулы жиһад жүргізу қажеттігін дәлелдейді, араб әлемінің билеушілеріне тәкпір шығарып (имансыз деп айыптау), мұсылмандарды дінге сенбейтіндерге жылы шыраймен қарағаны үшін кінәраттап, олардан теріс айналуға шақырады. Жиһадтық дін ілімін ұстанушылардың көзқарасы Таяу Шығыста және Мағриб елдерінде, ішінара Ауғанстанда, Пәкістанда және Солтүстік Кавказда кең тараған. Ол жерде бір ортақ ақида-идеологияға біріккен көптеген топтар пайда болды. Батыс сарапшылары қателесіп, негізгі халықаралық террористік ұйымына теліп, оны «әл Каида» (арабша «негіз») деп атап жүр.

Айтпақшы, Сирия тағы бір жиһад ошағына айналды. Ол жерге қазір бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінен Орта Азия мен Қазақстаннан харижиттер шоғырлануда, олар көтерілісшілерді жақтап соғысып жатыр. Мұсылман-сүнниттердің қасиетті риуаятына (хадистеріне) сәйкес, сол Дамаскіде Дәжжалға қарсы соңғы шайқаста мұсылмандарды бастап жүру үшін Иса (Иисус) пайғамбардың жерге түсетіндігін атап өткен жөн.

Жиһадшылдық, сондай-ақ, бұрынғы КСРО мемлекеттерінде: Ресей Федерациясында, Орта Азия елдерінде де бар. Қазақстанда уағызшылар Әбдулхалил ӘБДІЖАППАРОВТЫҢ және Саид БУРЯТСКИЙДІҢ (ол 2009 жылы Ингушетияда ресейлік ФСБ күшімен өлтірілді) дәрістері кең тараған.

Шейх Халил ретінде танымал Әбдіжаппаровты арнайы қызмет қазақ моджахедтерінің «рухани көшбасшысы» деп есептейді. Ол ресми түрде Атыраудағы мешіт жанында бірнеше жыл дәріс берді, әлі күнге дейін жамағаттардың алдында үлкен беделге ие. Халилді Интерпол жүйесі бойынша іздестіруде, ол Сауд Арабиясында жасырынып жүр.

Қазақстанда мурджииттік идеялары бар, жиһадшылар көзқарасына қарама-қайшы анағұрлым ұстамды салафиттік уағызшылар бар. Бұлар этникалық татар Ринат Әбу Мұхаммад ӘЛ ҚАЗАҚСТАНИ (шын аты-жөні Ринат Зайнуллин, «Джунд аль-Халифат» моджахедтері оның көзін жоюға тырысқан) және қазақ Дарын МҮБАРОВ (бұл да Таяу Шығыста арнайы қызметтерден жасырынып жүр).

Қазақ жиһадшыларының тәуелсіз мұсылмандарды қуғындап, қысым көрсетіп отырған Қазақстанның күш құрылымдары мен билігіне қарсы жиһад жүргізу үшін пәтуа беру өтінішімен араб шейхтарына әлденеше рет шыққаны белгілі. 

Бұдан бөлек, зайырлы билік өкілдеріне қатысты террорды ақтап шығатын басқа да рұқсаттар бар. Мәселен, Сауд Арабиясындағы жиһадизм идеологы шейх Әбу Джандал ӘЛ-АЗАДИДІҢ «тағұтты қорғайтын» барлық арнайы күш құрылымдарының қызметкерлерін жоюға рұқсат беретін пәтуасын айтуға болады.

2011 жылы Ақтөбе облысында орын алған оқиғаны мен «алғашқы қоңырау» деп атап, осыдан кейін билік пен діни топтар арасындағы тайталас одан әрі күшейе түседі деп жорамалдаған едім.

2012 жылы Атырауда астыртын жиһадтық топтың 42 мүшесіне және облыстық әкімдік пен прокуратура ғимараттарының маңындағы терактілерге қатысы бар 5 тұлғаға қатысты сотта теракті жасауға не себеп болды дегенде, мұсылмандарды қуғындағаны үшін құқық қорғау органдарынан және биліктен өш алмақ болғандықтарын әлденеше рет атаған болатын.

 

ҚОРҒАНСЫЗДЫҚ

Қазіргі билік терроризммен күрескенде ең алдымен идеологиямен, атап айтқанда, зор жұмылдыру әлеуетіне ие діни идеологиямен бетпе бет келетінін түсіне алмайды және түсінгісі де келмейді.

Исламның бастапқыда-ақ саясиландырылған дін болғанын және солай бола да беретінін түсіну керек. Бұл «Бүкіл билік Аллаһқа ғана лайық!» деген негізгі қағидасы бар идеология. Ол исламның жалпы мәнінен ажыратылып алынбайды және әлдебір реформаторлық идеямен жойылмайды.

Көпшілік қазір Қазақстандағы және Солтүстік Кавказдағы оқиғаларды ұқсастырып жүр. Алайда, менің пікірімше, іс жүзінде мұндағы ахуалдар әртүрлі, бізбен салыстыруға келмейді. Солтүстік Кавказдағы мұсылмандардың басым көпшілігі үшін нығайтушы күш - дәстүрлі мықты сопылық ағым боп табылады. Федералдық биліктер ресми ұстанатын, шейхтарға, пірлерге және мүриттерге табынатын сопылық идеология Кавказдағы салафизммен күресте өзіндік қарсы салмаққа ие. Осы идеялар егесінің кемелденген тұсы – Кавказдағы Нақшбандия тариқатын ұстанатын сопылар шейхы Саид Афанди ЧИРКЕЙСКИЙДІҢ жақын арада өлтірілуі болды. Бұл аймақтағы жанжалдың жаңа деңгейде ушығуына әкелді. Өйткені жүздеген мың дағыстандықтар өздерін шейх Чиркейскийдің жолын қуушы ізбасарларымыз деп есептейді, сопылар Дағыстан мұсылмандары діни басқармасында басшылық етеді. Қазіргі кезде Солтүстік Кавказ республикаларында нағыз азаматтық соғыс жүріп жатыр. Ол ресейлік арналардың экрандарынан бұрмаланған күйде көрсетілуде.

Кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстандағы, діни-мәдени болмысы әлсіз елдегі жағдай мүлдем басқаша. ҚМДБ дәстүрлі сопылықты ұстанбайтын ханафит мәзһабының жолын қуушылардан тұрады.

Көптеген діндарлар, әсіресе жастар үшін ҚМДБ рухани беделге ие емес. Өйткені Қазақстанда, мәселен, Өзбекстандағыдай немесе Солтүстік Кавказдағыдай діни көсемдер мен ақсақалдар институты жоқ.

ТӘЛІБТЕР ДЕ ХАНАФИТТЕР...

Қазақстанның зайырлы билігі насихаттайтын, осылайша ҚМДБ-нің монополистке айналуына көмектескісі келетін «Бір ұлт – бір мәзһаб» ұранының жасырын қаупі бар. Басқа мәзһабтарды ұстанатын діндарлар не істемек? Діндарларды ханафиттік көпшілік және басқа мәзһабты ұстанушыларды, сол сопыларды және т.б. қосқанда басқа өкілдер деп бөлудің не қажеті бар?

Имам Ағзам ӘБУ ХАНИФАНЫҢ қағидаларын үлгі етіп алып, оны жаппай енгізу қиын болады. Бұл мектепті көпшілігі қателесіп, суннизмдегі ең қолайлы әрі жеңіл бағыт деп есептейді. Іс жүзінде ханафит мәзһабы исламдағы шариғат құқығының ең көне мектептерінің бірі боп саналады және оның фиқһы ең қатал боп табылады. Мәселен, ауғандық тәлібтер ханафит мәзһабын қатаң ұстанады.

Діни экстремизм проблемасы, менің пікірімше, оны шешу үшін күрделі әрі жүйелі әдісті қажет етеді. Әрине, діндарлардың жасырын ұйымға кетуінің және өзін-өзі жарып, басын өлімге тігетіндердің шабуылының негізгі себептерін түсінгеннен гөрі, сақал мен хиджабқа саусақ шошайтып көрсеткен оңай. Қоғам мен билікке осы құбылыстың түпкі мәнісін түсіну керек. Қазақстандық экстремизм – бұл ең алдымен діни-әлеуметтік, экономикалық және саяси проблемалардың жиынтығы. Бұл құбылысты өмірден түбегейлі біржола «алып тастау» мүмкін емес, бұл жерде ұзақ уақыт алатын жан-жақты «терапия» қажет.

БІЗ ҚАЗАҚПЫЗ

Радикализмге қарсы әрекет тек күш қолдану әдісімен және ресми алаңнан дінбұзарларды ығыстырып шығарумен ғана емес, ең бастысы рухани-зайырлы білім саласындағы экстремистік доктриналар мен ілімдерді түсіндіру, оларға деген сенімді жою арқылы парасаттылықпен жүзеге асырылуы тиіс. Ал оның алдын алу үшін – қоғам дін негіздері туралы қарапайым мағлұматпен сусындап, ұлттық болмыс пен мемлекеттілікті дамыту және насихаттау керек.

Азамат МАЙТАНОВ

26 ақпан 2013, 14:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.