Атырау, 18 сәуір 14:55
 ашықВ Атырау +21
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

«Нәрестенің өлімі туралы іс»: дәрігерлер колонияға ауыстырылды

2 208 просмотра

Перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ, акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН және акушер Жәмилә ҚҰЛБАТЫРОВА тергеу абақтысынан колонияға ауыстырылды. 

Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржан Орал қаласындағы қатаң режимдегі колонияға ауыстырылды. Атышулы іс бойынша тағы бір айыпталушы Жәмилә Құлбатырова жазасын Алмагүл ықшамауданындағы әйелдер колониясында өтейтін болды. Неонатолог дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАМБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА пробация қызметінің бақылауына алынды. 

Айта кету керек, Асқар Қайыржан «АЖ» редакциясына сұхбат беру туралы ұсыныспен хат жолдады. Алайда Қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен облыстық сот тілшіні тергеу изоляторына кіргізуден бас тартты. Жақында редакция журналистің Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржанмен кездесуін ұйымдастыру өтінішімен ҚАЖД-ға сұраным жолдағанымен, олардың этаппен ауыстырылғаны белгілі болды. 

Еске салсақ, перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан және акушер Жәмилә Құлбатырова алдын ала сөз байласу арқылы жаңа туған нәрестені өлтіруге кінәлі деп танылып, тиісінше 18, 16 және 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал дәрігер-неонатологтар Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.

 Фархат АБИЛОВ

26 қараша 2021, 14:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.