Атырау, 19 сәуір 14:44
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Бірегей жобаның үздіктері анықталды

1 340 просмотра

«Туған елге тағзым» өлкетану ғылыми-зерттеу экспедициясының үздік зерттеу жобалары анықталды, деп хабарлайды Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінің баспасөз қызметі.

«Туған елге тағзым» – тоғыз жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде жүзеге асырылып келе жатқан бірегей жоба, осы уақыт ішінде мыңдаған оқушы туған өлкесін жан-жақты тани түсті.

Қашықтан өткен экспедицияда 1000-ға жуық қатысушы жиналып, 700-дей жоба ұсынылды. Жобалар онлайн арқылы қорғалып, NIS оқушыларының зерттеу ауқымы мен креативтілігін дәлелдеді. Елбасы кітапханасы, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бірнеше ғылыми институттар, Astana Hub IT-стартаптарының халықаралық технопаркі, республикалық Ұлттық музейі, «Ұлы дала скауттары» қоғамдық бірлестігі, «BilimInvest» білім беру инвесторларының ұлттық ассоциациясы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, сондай-ақ ЮНЕСКО сарапшыларынан құралған қазылар алқасы академиялық білім деңгейінің жоғарылығына, оқушылардың туған өлкедегі өзекті мәселелерді шешуге қатысты ынтасына, жобалардың әлеуметтік бағдарына оң баға берді. Жобалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылғандықтан, қазылар алқасы оқушылардың үш тілді еркін меңгергендігін де атап өтті.

Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын баяндайтын «Ұлы Дала өркениеті» номинациясында Айлана Өмірзақтың туған қаласы туралы «Көкшетау қаласының көшелері» жобасы үздік деп танылды.

Қостанайдағы Зияткерлік мектептен Айнұр Мушанова мен Тимур Шаймерденов әзірлеген «Наурызым Қорығының «Келу Орталығына» және табиғатына 3D тур» жобасы «Туған өлкем – жұмақ мекен!» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Елордалық физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептен Иран Касымов дәстүрге айналдырған мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеу тұрғысындағы бірқатар жобаларын қорғады. «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші» номинациясында қазылар алқасы Иран жасақтаған «Брайльдің дисплейі» атты жұмысты үздік деп атады. Жобаның басты артықшылығы – дисплейлердің құнын төмендету арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету. Иран Касымовтың жобасын Нұр-сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS техноториясында жалғастыру жоспарда тұр.

Бұдан басқа Ақтау, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей, Алматы, Тараз қалаларындағы Зияткерлік мектеп оқушыларының жобалары бағаланып, құрмет тұғырынан көрінді.

«Туған елге тағзым» байқауында командалық есепте алғаш рет Нұр-Сұлтандағы Халықаралық мектеп оқушылары жеңіске жетті.

Экспедиция жеңімпаздары мен қатысушыларын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады:

- Экспедицияға ұсынылған жобалардың тақырыбы жыл сайын кеңейіп, деңгейі артып келеді. «Туған елге тағзым» жобасы академиялық білімді арттыруға және зерттеу жетістіктерін дәлелдеуде теңдесіз платформаға айналды. Экспедицияда ұсынылған жұмыстардың барлығы жалғасын табуға лайық, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жобалары патенттер мен авторлық құқықтарға ие бола алады деп сеніммен айта аламын.

16 қазан 2021, 22:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.