Атырау, 25 сәуір 06:46
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Миялы ауылының «қара тізімі»

Сурет Бейнежазба
2 108 просмотра

Соңғы кездері азық-түлік бағасының қаншалықты көтерілгенін көріп жүрміз. Шалғай жатқан Қызылқоға ауданы үшін азық-түлік туарлары жақын жердегі Ақтөбе қаласынан тасымалдануда. Бірақ жол шығынын есептегенде (Ақтөбеден Миялыға дейін 350 шақырым) бөлшек сауда бағасына айтарлықтай әсер етеді.

«АЖ» тілшісі Миялыдағы бірнеше дүкенді аралап көрді. Бүгінде картоп, жуаның келісі 180, сәбіз 250, қияр, қызан 350-400, орамжапырақ 180, 5 литрлік күнбағыс майы 3400 теңге, ақ нан 150 теңге тұрады.   

- Мені түсірмеңізші, аты-жөнімді де сұрамаңыз, - деді дүкендегі жас келіншек бірден қарсылық білдіре. Дүкеншінің алдындағы дәптерге қараған соң бет әлпеті өзгеріп, ашу қыса бастады. Жергілікті тұрғындар «қара тізім» деп атап кеткен бұл дәптерде кімнің қаншалықты бережағы көрініп тұрады.

- Еден жуушы болып жұмыс жасаймын, айлық еңбекақым 50 мың-ақ теңге. Оны қалай жеткіземін деп басым қатады күнде, бес балам бар. Олар да тәтті жегісі келеді, жеміс-жидек дегенді ұмыттық. Рожки, күнбағыс майы, астық, қант, басқа да ұсақ керек-жарақтан ауыспайды тапқаным. Ауылда отырғасын азырақ мал ұстап, арасында сойып, болмаса сүтін ішеміз. Мал ұстау да оңай болмай тұр, жем-шөбі қымбат. Менің түсінбейтінім, жалақы немесе зейнетақы өседі десе болды баға бірнеше есеге аспандап шыға келеді, - деп бөліседі кездейсоқ сұхбаттасушым.

Қай дүкенге барсаң да «қара тізім» бар. Бірақ дүкен иелерін де түсінуге болады.

- Азық-түлікті Ақтөбеден әкелеміз. 20 шақты адам «қарызға» кірген. Өтей алмай жатыр, алдының бережағы 100 мың теңгеге дейін жеткен. Біз көбіне жұмыс жасайтындармен, болмаса зейнеткерлермен сауда жасаймыз. Ал жұмыс жасамайтындарға қарыз бере алмаймыз. Өйткені мына дүкен орнын жалға алып отырмыз, пайда түсу керек қой,-дейді жергілікті жеке кәсіпкер Жанат ТАНКЕЕЕВА.

- Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлікпен қамту жағын қарастырудамыз. Дегенмен бау-бақша өнімдерінің бағасы түспей тұр, мәселен, картоп, сәбіз, жуа, капуста бағасы облыстық әкімдік бекіткен шекті бағадан асып тұр, - дейді аудан әкімінің орынбасары Жәнібек ТУРДАҒАЛИЕВ. – Жергілікті шаруалар өр суының кемшін келуінен бау-бақша өсіруге ынталылық танытпауда. Жеке кәсіпкерлермен жиі кездесіп, бағаны шектік мөлшерде ұстау үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

13 қазан 2021, 12:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.