Атырау, 25 сәуір 18:28
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Атырауға көкорай кілем жайғымыз келеді»

2 870 просмотра

Үш жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Атырауды көгалдандырумен «Каспийдормостострой» ЖШС айналысып келеді. Осы уақыт ішінде қала тұрғындарында көгалдандырушыларға қатысты біраз сұрақ пайда болды. Осы сұрақтарды «Атырауды көгалдандыру» жобасының жетекшісі Леонид ЗАДЕРНЫЙҒА қойған едік.

- Құжаттарға сүйенсек, суаратын су құбырының бірінші желісі 2017 жылы тапсырылған, бірақ қала тұрғындары әлі күнге дейін Сатпаев даңғылынан су таситын көлікті жиі көреді. Екінші желі өткен жазда салынуы керек еді, бірақ бұл мерзім кейінге қалдырылды. Қазір қаланың қай ауданында жұмыс істейтін суару жүйесі бар?

- Бізде суаратын су құбыры Сәтпаев даңғылында толықтай, Әбілқайыр хан даңғылында және Исатай мен Махамбет алаңында бар. Азаттық даңғылында су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Біз 2019 жылы жұмыс істей бастағанда, ТКШ бұл желілерді бізге берді. Мердігерлердің жиі ауысуына байланысты оның күйі жақсы емес еді, біз көп жөндеу жүргіздік. Біздің компания суаратын су құбырын жүргізуге мүдделі: біріншіден, су тасығыштар біздікі емес, біз оларды жалға алып отырмыз, екіншіден, олар экологиялық ортаны ластайды. Әбілқайыр хан даңғылы бойымен Құрманғазыға және әуежайға дейін толықтай 2015 жылы біз салған су құбыры желісі жұмыс істеп тұр. Сәтпаев даңғылының бойында да солай. Жаңа тамшылатып суаратын су құбырының құрылысы аяқталып қалды. Осы айда Алмагүл ықшамауданы Бейбарыс даңғылындағы, Владимирский көшесіндегі, Тайманов даңғылындағы («Арнаулы автобазадан» айналма жолға дейін), Азаттық даңғылындағы, Берғалиев көшесіндегі желілер іске қосылуы керек.

- Ендеше, неге қала тұрғындары Сәтпаев бойындағы ағаштарды су тасығышпен суарып жатқанын жиі көреді?

- Механикалық ақау, кейде ЖКО кезінде көліктер соғып кетеді, жаяу жүргіншілер су шашатын түтігін сындырып кетеді. Кейде су тасығыштарды тыңайтқыш шашқан кезде қолданамыз. Жобаға сәйкес, біз оны әр маусымда бірнеше рет жасауымыз керек. Биогумусты, айталық, су таситын машинада ерітіп құямыз. Тыңайтқышты су құбыры желісіне жіберуге болмайды, тұрба бітеліп қалады. Қыста Астанада Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының қызметкерлерімен кездестім. Орталық мамандары елдегі және біздің қаладағы жағдайға мониторинг жүргізіп отырады, Атырауға да арнайы келеді. Орталықтағылар соңғы екі жылда қалада жасыл желек көбейгенін растады.

"НҰРСАЯ, ПРИВОКЗАЛЬНЫЙ ЖӘНЕ ӘУЕЖАЙ ТРАССАСЫНДА ТҰЗ КӨП»

- Қала тұрғындары көгалдандырушылар ағаштарды көп қырқады, нәтижесінде тек діңгегі ғана қалады деген пікірде. Қазір Азаттықта осындай «жалаңаш» ағаштар тұр.

- Екінші жыл қатарынан Атырауға газон отырғызылды. Біздің климатымыз үшін арнайы сұрып таңдалды. Олар тұздан қорықпайды, ыстыққа шыдамды. Бірақ кемшілігі де бар - олар көлеңкені ұнатпайды. Ағаштардың көлеңкесінен шөп шықпай қалады. Сондықтан газонға жарық түсу үшін ағаштарды қырқып жатырмыз. Бұл ағаштар үшін де өте пайдалы. Кейін газонға жарық түсіріп, ағаштардың эстетикалық ажарын кіргізу үшін пішінге салып қырқамыз.

- Көгалдандыру тұрғысынан қандай аудандарды проблемалы деп санайсыз? Олар қай жағынан қиын?

- Нұрсая, Привокзальный ықшамаудандары және Әбілқайыр хан даңғылы біздің қаламыз бойынша күрделі учаскелер деп саналады. Ол жердегі топырақтың тұзы көп, бастапқыда көшеттер тамыр алады, бірақ кейін тұзға жеткесін өліп қалады. Әбілқайыр хан даңғылында тағы бір проблема бар: қазір бұл даңғылда құрылыс көп салынып жатыр, жаңа тұрғын үй кешендері мен қоғамдық ғимараттар бой көтеруде. Біздің күшімізбен даңғыл бойында екі жақтан тамшылатып суаратын су құбыры жүргізіліп, ағаштар отырғызылды. Бұл ағаштар 7-8 жылдық. Бұл әуежай трассасы өтетін даңғыл, ол туристік тұрғыдан да, белгілі бір дәрежеде саяси тұрғыдан да маңызы зор.  Бірақ жаңа ғимараттардың құрылысы аяқталғаннан кейін, құрылыс жобаларына сәйкес, тұрақ пен жолдар салына бастайды да сол үшін біздің ағаштар алынып тасталады. Бір рет бізге хабарласып, ағаштарды көшіру керек деді. Біз көшірдік, гильза жүргіздік, бәрі олардың есебінен жасалды. Бірақ әрбір компания құрылыс салып, өз аумағына кіретін бөлек жол салатын болса, онда біздің жасыл қордан ештеңе қалмайды. Сонда біздің көп жылғы жұмысымыз зая болады. Сондықтан қала әкіміне жүгіндім. Ол біздің ұстанымымызды қолдады, енді фирмалар өздеріне кірме жолдарды артқы жағына салып жатыр.

Қазір құрылыс салушылар ҚР Заңына сәйкес, өтем ретінде он есе көлемде ағаш отырғызады, отырғызылған ағаштарға күтім жасау және күтіп ұстау шараларын жүргізеді, содан кейін жерсіну актісін жасайды да жергілікті атқарушы органның балансына береді. Егер жаңадан құрылыс салынып жатқан аумақта біз қызмет көрсететін ағаштар болса, міндетті түрде әкімдікке хабарлаймыз. Ол бірден шара қолданады. Мысалы, егер құрылыс компаниясы ағашты алып тастауға мәжбүр болса, онда ағаштың жасына байланысты өтемақы төлеуге міндетті болады.

«ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕСУ ОҢАЙ ЕМЕС»

- Атырауда бұл ереже қаншалықты қатаң сақталады? Қала тұрғындарының шағымы бойынша, онша сақталмайтын секілді...

- Ағашты немесе тіпті бұтақты кеспес бұрын ТКШ бөліміне өтініш жазу керек. Осы хатпен бөлім бізге шығады, әдетте, біз өзіміз барып,  бәрін бақылауға тырысамыз. Бәлкім, кесіп тастамай, бір бөлігін ғана алып тастау керек шығар. Ағаштарды рұқсатсыз кесу де жиі орын алады. Мен өзім Қордай ауданынанмын, бізде бұл заңнама өте қатаң сақталады. Әлі есімде, 2004 жылы көршім ауласындағы ағашты кесіп тастағанда, дереу ауылдық кеңестен келіп, оған айыппұл салды. Бізде жасыл желекке мұндағыдай нашар қарамайды. Ал мұнда өз ауласында ағаш кескен адамға ештеңе демейді.

- Сіз жасыл қордың жағдайын қалай бағалайсыз, Атырауда жасыл желектердің картасы бар ма, онда қай жерде және қандай ағаштар өседі, олардың жасы, күйі көрсетілген бе? Көп жылдар бойы бізде көгалдандырумен әр түрлі фирмалар айналысқан, бұл салада тәртіп болмаған деп ойлаймын. Тұрғындар, әсіресе мамандар жағдайды бақылап, талдау жүргізіп, қорытынды жасау үшін біздің жасыл қорымыздың объективті жай-күйін білгісі келеді.

- Қаланың жасыл қорының бүгінгі жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауға болады, дегенмен әлі көп жұмыс бар. Шартқа сәйкес, 2023 жылдың соңына қарай бүкіл ағашты, отырғызылған жерін, жасын паспорттау туралы мәліметтер қамтитын сайт құрамыз. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір біздің саябақтар мен алаңдарда елу мыңнан астам ағаш бар. Бізде отырғызылған жасыл желек туралы мәліметтер бар, ТКШ қалған ағаштар туралы ақпарат береді. Көп қабатты үйдің әрбір тұрғыны өз ауласын, кварталын, ықшам ауданын көгалдандыруға қатысқанын қалар едік.

- Көп жылдан бері Атыраудағы ағаш жапырақтарын біте мен қарағаш жапырақжегісі жеп қояды.  Жергілікті бағбаншылар Атырауда зиянкестермен күрес науқандары көгалдандыруға күтім жасайтын мамандандырылған ұйымның болмауынан тиімсіз болып отыр дейді. Бұл қызметтерге тендер кеш өткізілді. Ал мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша зиянкестерге қарсы химикаттарды сатып алу бірнеше айға созылды. Сіздерге қызметтерге бөлек тендер өткізіп, қаражат бөлуді күтудің қажеті жоқ. Бұл бізде енді жапырақжегілер болмайды деген сөз бе?

- Жасыл желектері бар бүкіл аумақ өңделмейді. Көшеттердің жай-күйін қадағаламайтын жеке компаниялардың, орман шаруашылықтарының және т.б. аумақтарында жылдан жылға көбейетін зиянкестердің метаморфозын жалғастыру үшін жеткілікті жемшөп базасы бар. Қамтылмаған аумақтарда зиянкестер көбейіп кетеді, өйткені олар ұзақ қашықтықтан - 200 немесе одан да көп шақырымнан өте алады. Біздің ендікте қарағаш жапырақжегілерінің табиғи жаулары мен қанаттылар отрядынан энтомофагтар жоқ, өйткені бұл зиянкестер басқа материктерден келген. Мұның бәрі жағдайды қиындатады. Бұдан басқа, химиялық заттардың аз дозасын қолдануымыз керек, өйткені көп болса жапыраққа, өсімдікке зиян келтіруі мүмкін. Доза экожүйенің ажырамас бөлігі болып табылатын пайдалы энтомофаунаны ескере отырып таңдалады. Оның зақымдануы табиғатта қайтымсыз өзгерістер тудырады. Сондай-ақ, көшеттер отырғызылған алаңдар елді мекенде орналасқанын және тұрғын үй секторы да өңдеуге ұшырайтынын ескеру қажет. Сондықтан тұрғындар үшін салыстырмалы түрде зиянсыз доза қолданылады. Жиі жауатын қышқыл жаңбыр жапырақтарды қарайтып жібереді, ағаштардың иммунитетін әлсіретеді, оларды зиянкестер үшін осал етеді. Бітенің табиғи жауы – қызыл қоңыз, олар да химиялық өңдеуден зардап шегеді, сондықтан олардан үміттенудің қажеті жоқ. Табиғатта бітенің одақтасы - құмырсқалар, олар тіршілік етуіне ықпал етеді. Көшеттерді химиялық өңдеуден басқа, агротехникалық шаралар қажет: күзде бұтақ түбінің шұңқырын қайта қазу, түскен жапырақтарды тырмалау, ақпан айларында шырын аға бастағанда діңгегін әктеу. Қала маңында қазіргі уақытта жәндіктерге қыстау оңайырақ болды. Өйткені олар қыста қолайсыз уақытта орталық жылыту құбырларының қаптамасына, ғимараттардағы пластикалық қаптамаларға және басқа да жерге паналайды. Бірақ біз жұмыс жасаған соңғы екі жылда қаладағы жағдай жақсарды. Жобаға сәйкес, бізде бірнеше саябақ, алаңдар мен көшелер бар. Бірақ біз тек «өз» ауданымызды ғана өңдемейміз. Бізге бүкіл қаланы өңдеуге тура келеді, әйтпесе бұл жұмысты жасаудың мәні жоқ. Өйткені кез-келген уақытта желмен зиянкестер өңделмеген жерлерден келуі мүмкін. Біз қосымша шығынға ұшыраймыз, бірақ қаладағы ағаштарды сауықтырудың басқа жолы жоқ.

ҚАЛА ҮШІН ФРАНЦУЗ РАУШАНЫ ЖАҚСЫ

- Осы маусымда қаланы немен безендіруді жоспарлап отырсыздар?

- Қалалық ТКШ мемлекеттік әріптес өкілдерімен бірлесіп, өсімдіктердің жаңа түрлерін отырғызу, гүл бақтарын абаттандыру және гүл отырғызу нұсқаларын зерделеу мен ұсынуды белсенді жалғастырып жатырмыз. Біздің компания биологиялық биогумус, натрийдің гуминді гуматы, аквамарин және басқа да көптеген биологиялық тыңайтқыштарды қолдану тәжірибесін зерттеп, пайдалануда. Айта кету керек, Азаттық пен Сәтпаев даңғылының бойында газон отырғызу сәтті болды. Енді көкорай кілем Атырауды толығымен өзгертті. Біз алдағы уақытта да осы бағытта жұмысты жалғастырамыз деп үміттенеміз. 2019 жылдан бастап қаладағы гүлзарларды белсенді түрде бөліп, енді көпжылдық гүлдерге көшуді жоспарлап отырмыз. Француз раушанын таңдадық - ол қала ауқымына өте ыңғайлы, оны қыста тұмшалаудың қажеті жоқ. Былтыр Фариза Оңғарсынова алаңында, Исатай мен Махамбет алаңында үш мың раушан гүлі отырғызылды. Биыл он екі мың раушан гүлі сатып алынды. Бұдан басқа, биыл павлонияны немесе тез бой алатыны үшін және ағашы жеңіл болғасын алюминий ағашы деп аталып кеткен өсімдікті отырғызуды ұйғардық. Екі жылдан бері көшеттерге су жеткілікті болып, тұз шықпауы үшін суарудың арнайы сызбасын жасап жатырмыз. Мысалы, раушан отырғызатын жерлердің топырағын ауыстырамыз, өзіміздің арнайы қоспамызды жасаймыз. Бірақ бүкіл құпияны ашпаймын, біздің ісіміздің де өз кілтипаны бар. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

11 мамыр 2021, 13:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.