Атырау, 29 наурыз 18:07
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Еліміздің бас балық маманы: «Балық өсіруді күшейту браконьерлікке ең күшті соққы болады»

Сурет Бейнежазба
3 384 просмотра

Жақында «Бекіре-2021» акциясы қарсаңында ҚР Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман ЖҮНІСОВ Атырауға келді. Балық өсіру, браконьерлік, кооперативтер, лимит және еркін сатылымдағы қара уылдырық туралы «АЖ»-ға берген сұхбатында әңгімелеп берді.

- Жыл басында тауарлық балық өсіру көлемін бірнеше есеге арттыруды көздейтін Атырау облысында балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы бекітілді. Жайықтың таяздығын ескерсек, бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

- Балық өсіру бойынша жұмыстың едәуір бөлігі тоған шаруашылықтарында жүзеге асырылады. Олар Қиғаш өзенінде орналасқан. Кейбір бөлігі Жайықта өсіріледі. Еркінқала ауылында балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарлануда. Қолданыстағы тоған шаруашылықтарын кеңейту және жаңарту көзделуде.

Бүгінде балық өсіру агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамып келе жатқан саласы болып саналады. Мысалы, Түркістан облысында 100х50 метрлік су қоймасында бір маусымда 90 тонна балық өсіріледі. Яғни, көктемде шабақтарды жібереміз, ал күзде осы шағын кеңістіктен 90 тонна ет аламыз.

Біз бұл бизнеске барынша көмектесуге тырысамыз. Мысалы, бұрын балық өсіру шаруашылығын су қорғау алқабына орналастыруға тыйым салынса, қазір біз бұл норманы жойдық. Өзен суы тоғандарға өздігімен еніп, оларды толтырады, ал тұндырғышта тазартылғаннан кейін ол кері ағызылады.

- Былтыр күзде Дамбы ауылдық округінің балықшылары олардан балық алатын кооперативтер сатып алу бағасын екі есеге төмендеткені туралы жаңалыққа наразылық білдірді. Содан кейін ымыраға келді. Сонда бағаны кім реттейді?

- Бұл балық аулау кооперативтерінің құзырында. Олар көп шығынға ұшырайды, әрине, мүмкіндігінше үнемдеуге тырысады.

- Яғни, баға реттелмейді.

- Солай. Мемлекет балық пен балық өнімдерінің бағасын реттемейді, оны нарық реттейді.

- Қазіргі балық аулау лимиті қандай?

- Лимит бір жыл бұрын, әдетте 1 шілдеден бастап белгіленеді. Бұл жағдайда, 2020 жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін жалпы республика бойынша 65 мың тонна лимит белгіленді, оның 18 мың тоннасы Атырау облысының еншісінде.

- Лимит алатын, бірақ балық ауламайтын, жай балық сатып алып, содан кейін оны үш есе қымбат бағамен сататын кооперативтер бар. Лимиттің игерілуін қалай бақылайсыздар?

- Квота бөлу кезінде өткен жылда игерілуі, пайдаланушының ұдайы өндіріске салған қаражат көлемі және материалдық-техникалық базаның болуы ескеріледі. Бұл қалай бақыланады? Енді әрбір пайдаланушы кәсіпшілік журналын алады, оған қанша балық аулағанын жазады.

- Ол жерде ауланған балық көлемін көрсетпеуі де мүмкін бе?

- Мүмкін. Бірақ егер бұл заң бұзушылықты балық аулау қызметі анықтаса, онда ірі көлемде айыппұл салынады.

- Ал оны қалай анықтауға болады?

- Балықты ішкі немесе сыртқы нарықта сату үшін пайдаланушы ветеринардан анықтама алуы керек. Мысалы, сіз шын мәнінде 30 тонна аулап, журналда 10 тонна ауладым деп көрсетсеңіз, бірақ ветеринар сізге аумақтық жануарлар дүниесі инспекциясынан растайтын құжат әкелмейінше сізге анықтама бермейді. Әрине, инспекторларда қалған 20 тоннаға қатысты сұрақтар болады. Енді біз қағазбастылықтан арылып, балық ресурстарының заңсыз айналымына тосқауыл болатын балық және балық өнімдерін бақылаудың электронды жүйесін әзірлеп жатырмыз.


БРАКОНЬЕРЛІК АУ-ТОРЛАР

- Сұрақ, дәлірек айтқанда, жергілікті әуесқой балықшының шағымы: кооперативтер Жайықты жағалаудан жағалауға дейін керме аумен жауып тастайды, ал әуесқой балықшылар үшін тура және ауыспалы мағынада «аулайтын ештеңе» жоқ. Бұл қандай да бір жолмен реттеле ме?

- Кәсіпқой балықшылардың бүкіл өзенді керме аумен жауып тастауға құқығы жоқ, әрі кеткенде өзен енінің үштен екі бөлігін алуы керек. Заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, бақылауды балық инспекторлары жүзеге асыруы керек.

- Өзен түбі ескі тор мен ау құралдарынан қашан тазартылады?

- Мұз еріген сәттен бастап катерлер қыстан қалған браконьерлік торларды сүзіп алу үшін өзеннен өтеді, бұл жұмыс күшейтіледі. Мәселе мынада, біз заңсыз салынған ау-торларды алып тастаймыз, ал олар қайтадан пайда болады.

- Заңға бағынатын жергілікті әуесқой балықшылар көбінесе браконьерлік торлар балық инспекторларының хабарынсыз салынбайды деп күдіктенеді...

- Мен мұны жоққа шығармаймын. Әрине, балық қорын қорғауға шақырылған адам браконьерлерді қолдаса, бұл жақсы емес. Бірақ бұл сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

- Биология ғылымдарының докторы Асқар Камелов биыл қаңтарда Жайыққа балықтың көбірек келе бастағанын атап өтті, бұл былтыр жүргізілген тереңдету жұмыстарына байланысты болуы мүмкін. Бұл жұмыс жалғасады ма?

- Шынында да, 2018-2020 жылдары Жайық пен Қиғаш өзендерінде тереңдету жұмыстары жүргізілді, оларға 6 миллиардтан астам теңге бөлінді. Жайықта белгілі бір учаскелердің түбі тереңдетіліп, ұзындығы 23 шақырымдық балық жүретін каналдар тазартылып, теңізден балық келу үшін 16 шақырымдық жаңа канал қазылды. Қиғашта тереңдету жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ жалпы ұзындығы 150 шақырымнан асатын балық жүретін арналар тазартылды. Биыл тереңдету жұмыстары жаздың ортасынан жалғасады деп жоспарланған. Бұл бағдарлама да үш жылға арналған (2021-2023 жж.). Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді.

- Белсенді Қали Әубекеров Жайық-Каспий бассейніндегі су ресурстарын тиімді пайдалану мен сақтау үшін Жайықтың сағасына шлюз орнатуды ұсынады. Бұл қаншалықты жүзеге асады деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Шлюз балықтың өтуіне үлкен кедергі болады. Балық қалаған уақытта өзеннен теңізге немесе керісінше еркін қозғалуы керек.


ЭКСПОРТ ЖӘНЕ ИМПОРТ КӨЛЕМІ 

- Кәсіпқой балық аулаушылар сіздерге қандай мәселемен жиі жүгінеді?

- Негізінен олар жанар-жағармай материалдарын және түпкілікті өнім өндірісін субсидиялау, сондай-ақ балық аулау лимиті мен мерзімін көбейту түрінде мемлекеттік қолдауды сұрайды. Субсидиялар бойынша біз кез-келген ұсынысты қарастыруға дайынбыз, бірақ ол негізді болуы және есептеулермен расталуы керек. Жанар-жағармай материалдарын субсидиялау мәселесі талқылану сатысында. Пайдаланушыларды шикізат ретінде шығарып қана қоймай, оны қайта өңдеуге ынталандыру үшін соңғы өнімді субсидиялауға келісуге болады. Көрші Ресейде бұл тәжірибе бар. Бірақ бір кемшін тұсы: сатылуы тиімсіз нәрсе субсидиялануы керек, ал егер одан пайда түссе, онда мемлекеттен қолдау сұрағанға таңдануға болар еді. Мұның барлығы талқылануда.

- Жақында «АЖ» Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген және Жайыққа уылдырық шашуға кіретін кутум балығы туралы жазды. 2016-2017 жылдары Маңғыстау облысының балықшылары кутумды жиі аулай бастаған соң ҚазБШҒЗИ кутумды III санаттан (жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар түрлерінен) V санатына (қалпына келтірілген) ауыстыру туралы ұсыныспен биологиялық негіздеме жасады. Осы мәселе бойынша қандай шешімге келді?

- Биологиялық негіздеме қазір экологиялық сараптамада. Біз оң қорытынды алғаннан кейін тиісті үкімет қаулысын дайындаймыз. Кутум балығының көбейгенін ескерсек, оны «Қызыл кітаптан» алып тастау керектігімен келісеміз.

- Біздің балықтың қаншасы және қайда экспортқа кетеді?

- Әзірге жаңа статистика қалыптасуда, сондықтан 2019 жылғы көрсеткішті атай аламын. Жалпы, Қазақстанда 30 мың тонна балық өнімі экспортталды, одан түскен қаржы 60 миллион долларды құрады. Біз Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, Еуропа елдеріне, тіпті АҚШ-қа - барлығы 30 мемлекетке экспорттаймыз.

- Ал қайдан импорттаймыз?

- Көбіне Ресейден. 2019 жылы бұл 45 мың тоннаны құрады. Айта кету керек, бұл көбінесе бізде жоқ теңіз және мұхит балықтары.

ҚАРА УЫЛДЫРЫҚ ТУРАЛЫ

- Сөз соңында мынадай сұрағым бар, мүмкін, аздап аңғалдау шығар: қара уылдырықты еркін сатылымда қашан көреміз?

- Иә, ертең-ақ! (күледі). Бұл, әрине, өте күрделі сұрақ. Атырауда бекіре тұқымдас балық өсіретін екі зауыт бар, ал Қазақстанда барлығы осындай 12 кәсіпорын бар. Біз 2030 жылға қарай халықты отандық бекіре және қара уылдырықпен азды-көпті қол жетімді бағамен қамтамасыз ету мақсатында бұл өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ал әзірге қара уылдырықтың көп көлемі Ресейден импортталады. Сондай-ақ, балық, әсіресе бекіре тұқымдас балықтарды өсіру қуаттылығын арттыру және қызыл балық пен қара уылдырықтың еркін сатылымда пайда болуы браконьерлікке қатты соққы болатынын түсінуіміз керек.

- Заңды, импортталған қара уылдырықтың қазір бағасы қандай?

- Бұл бекіре тұқымдас балықтың түріне байланысты. Ең қымбаты - қортпа. Қазір Қазақстанда заңды нарықта негізінен сібір бекіресі мен сүйріктің уылдырығы сатылады, ол арзанырақ. Қазақстанда ресми дилерлер бар, уылдырық өнімі сатылмас бұрын заңдысы қайсы, заңсызы қайсы түсінікті болу үшін біздің комитетте таңбалануы тиіс.

Айнұр САПАРОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

19 сәуір 2021, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.