Атырау, 20 сәуір 01:12
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Индер ауданындағы мектеп есепшілері жұмысқа шықпай қалды

Сурет Бейнежазба
3 906 просмотра

Индер ауданындағы 15 мектептің есепшілері (әрқайсысында екеуден, жалпы саны 30-ға жуық) биылғы 20 қаңтарда еңбекақыны көбейтуді талап етіп, аудандық мәслихатқа, білім беру, қаржы бөлімдеріне, кәсіподақ комитетіне, «Нұр Отан» партиясы филиалына арыз берген болатын - әйтпесе, бір айдан кейін жұмыстан кетеміз деген.

Бұл жағдай соңғы жылдары білім саласына Министрлік көңіл бөліп, мектептегі мұғалімдердің біліктілігіне орай жаңартылған жүйемен жалақыларына үстемақы төлеу тәртібін енгізуге байланысты болып отыр. Бірақ мектептердегі есепшілердің міндетті жұмысының жүктемесі көп болуына қарамастан жалақылары мардымсыз күйде қалды. Шағым хаттарында «Есепшілер жұмысы жауапкершілікті, біліктілікті қажет етеді. Мұғалімдер мен қызметкерлердің еңбекақысын есептеу, әртүрлі өтемақыларды уақытылы аудару, бюджет қаржысын игеру, салық, статистика есептерін тапсыру, материалдық құндылықтар есебін жүргізу, шұғыл тапсырмаларды орындау, әртүрлі компьютерлік бағдарламамен жұмыс жасау, жалпы мекеменің есеп ісін толық атқару міндетімізге кіреді. Мемлекеттік сатып алу үшін порталмен жұмыс жасау қоса жүктелген. Алайда жұмыс сағаты бес күндік екенін ескерсек, жұмыстың 50 пайызын ғана атқаруға үлгереміз. Сол себептен компьютерімізді үйге арқалап, түнде жұмыс жасауға тура келеді, бір сөзбен айтқанда, біз уақытпен санаспай еңбек етеміз. Бірақ жасаған жұмыс көлеміне сай жалақы алып отырғанымыз жоқ» деп жазады есепшілер.

Зинегүл ТАКЕНОВА

- Мәселен, 27 жыл еңбек өтілі бар есепші А-2 блогымен айына 90 мың теңге еңбекақы алады екен. Ал кейбір есепшілердің еңбекақысы 75 мың теңге көлемінде қалып қойды. Бұл жасап отырған жұмысымызға сай өте аз жалақы. Әр адамның отбасы, кредиті, күнкөріс деңгейінің қиындауы ескерілмей келеді. Сол себептен ауылдық жерде жұмыс жасайтын мамандарға төленетін 25 пайыз үстемақы төленуі тиіс, - дейді есепшілер Зинегүл ТАКЕНОВА мен Махамбет ТӨЛЕКОВ.

Ажар ЖЫЛҚЫБАЙ

- Біз бір ай бұрын құзырлы орындарға шағымдандық, алайда ауыз тұщытатындай жауап алған жоқпыз. Негізі барлығы құжаттарда көрсетілген. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» №1193 қаулысының 18 қосымшасының 1 тармағының 1-ші тармақшасында «Ауылдық жерде жұмыс жасайтын денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша арттырылған айлықақылар (тарифтік мөлшермелер) белгіленеді» делінген. Сондай-ақ ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 139 бабы 9 тармағы 3-ші бөлігінде ауылдық жерде жұмыс істейтін мамандар лауазымдарының  тізбесін жергілікті өкілді органмен келісу бойынша жергілікті атқарушы орган айқындайды деп деп көрсеткен. Заңда осылай көрсетілгенімен, тиісті орындар талабымызға жауапкершілікпен қарап отырған жоқ. Біз оклад көтер деп отырғанымыз жоқ, осы үстемақы төленсе дейміз, -дейді Қымбат МЕҢДІКЕНОВА, Ажар ЖЫЛҚЫБАЙ, Қазына ТӨЛЕПҚАЛИЕВА, Гүлнар САРКЕНОВА. 

- Мемлекеттік сатып алу веб-порталымен жұмыс жасау оңай емес. Заңдылығын сұрайық десек, аудандық білім бөлімінде заңгер де жоқ, бәрін өзіміз тауып алуымыз керек. Сол себептен мектептің есеп қызметкерлерін білім беру саласының мамандары ретінде есептеп, ауылдық жерде жұмыс жасағаны үшін 25 пайыз қосымша ақы төлеп, біліктілік санатын тағайындау, мемлекеттік веб-порталмен сатып алу жұмысының күрделілігіне орай қосымша штат қарау, коммуналдық қызметтер үшін жеңілдік беру мәселесін шешуді талап етеміз. Мұғалімдермен бірге бір мекемеде жұмыс жасай отырып, көп жеңілдіктен неге қағылып отырғанымызды түсінбейміз. 

- Есепшілердің арызына сәйкес олармен кездесіп, түсініскендей болып едік. Біз заң шеңберінен шыға алмаймыз, себебі есеп қызметкерлері білім беру саласының мамандары деп есептелмейді. Бұл жай республика көлемінде шешілуі тиіс деп ойлаймын. Біз есеп қызметкерлерінің талабына орай облыстық білім басқармасына хат жолдадық, - дейді Индер ауданы әкімінің орынбасары Дарын ШАМҰРАТОВ.

Осыған орай «АЖ» облыстық білім басқармасына жолықты. Басқарма басшысы Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ мынадай жауап берді: «Оқытушылар құрамының жалақысы бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңмен 25 пайызға өсіп отырды. Білім беру басқармасы ҚР Білім және ғылым министрлігіне мектептің есепшілері мен басқа да техникалық қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы ұсыныс жолдады. Егер ол министрлік пен үкімет тарапынан қолдау тапса, онда республикалық дәрежеде бюджеттен қаражат бөлу мәселесі қаралады».

Ал 20 ақпанда аудандағы 15 мектептің бір ай бұрын арыз жазған есеп қызметкерлерінің басым бөлігі жұмысқа шыққан жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

26 ақпан 2021, 16:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.