Атырау, 20 сәуір 06:56
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Көріпкелдің "көргені" келді ме?

4 439 просмотра

Жақында бір танысым екі қой сатып алуға көмектесші деген өтінішпен хабарласты. Олар ... көріпкелге керек екен.

Сөйтсем, күйеуі қыста жұмыссыз қалған. Қанша іздесе де, еш сәті түспепті. Жазда маусымдық жұмысқа кірген, бірақ суық түскелі қайтадан басқа жұмыс іздеп жүр екен. Шарасыз күйге түскен әйел көріпкелге жүгінген, ол жолыңды ашып берем депті. Ол үшін екі қойдың қанын шығару керек екен. Әлдебір жоралғыны жасау үшін бірін көріпкел әйелдің үйіне апарып, екіншісін қан шығарғаннан кейін, жағдайы төмен жандарға таратып бермек. Өздері әрең күн көріп отырғанын, сол үшін жолын аштырамын деп келгенін түсіндірмек болған танысымды көріпкел әйел «қазір қой алуға жұмсаған шығындарың, көп ұзамай еселеп қайтады, бастысы сеніп, бәрін мен айтқандай жасасаң болғаны» деп, бірден басып тастаған. Өз басым мұндай нәрселерге сенбеймін, оны танысыма да айттым. Сөйтіп, сәуегейлер жасаған болжамның бәрін жақын қабылдаудың қажеті жоқ екенін дәлелдеуге тырыстым.


ҚАЗАҚТА ЕКІ АУРУ БАР: САЛҚЫН ТИГЕН МЕН КӨЗ ТИГЕН

Сөзімді дәлелдеу үшін демалыс күндері жақын апайыма мені жақсы бір сәуегейге апаруын өтіндім. Оның кешкі сағат беске дейін, ал сенбіде сағат екіге дейін ғана қабылдайтынын, алдын ала жазылудың қажеті жоқ, кезекке тұрып кіру керектігін біліп алып, қала маңындағы ауылға бет алдық. Бір таң қалғаным, пандемия қаупін елеп жатқан адамдар жоқ. Үйдің жанында бірнеше көлік тұр. Кең залда 10 шақты адам, арасында балалар да бар, өз кезегін күтіп отыр. Адамдарды конвейер тәрізді қабылдап жатыр екен, әр келушіге бөлетін уақыты 5 минуттан аспайды. Көп ұзамай менің де кезегім келді. Алдын ала редакцияда әріптестерім маған бір хикая ойлап тауып, көріпкелдің оны шешуге қалай кірісетінін байқап көруге кеңес берді. Дағдарыс кезінде ең өзекті мәселе ақша болғандықтан, сол жөнінде қозғауды жөн көрдім. Сөйтіп таныстарымның қомақты қарыз алып, қайтармай жатқанына шағымдана бастадым. «Пандемия кезінде шығынға баттық дейді, ал өздері шетелге демалып, екі қабатты үй сала бастаған. Сотқа берейін десем, нотариалды келісімшарт жасаған жоқпыз. Өйткені, оған өзіме сенгендей сенген едім, жақсы араласып тұрдық, сырымыз да, жырымыз да бір болатын»... Жаттанды сөздерімді айтып болғанша әйел ақ матаға тастарын шашып тастады.

- Иә, солай, қазір адамдар өзгеріп кеткен. Олар сені көре алмайды екен, ақшасы болса да, әдейі бермей отыр. Көрдің бе, - деді ол оң жақ бұрыштағы тастарды көрсетіп, - Саған қатты көз тиген, бірден көзге түсетін адам екенсің, бұл адамдарға ұнамайды, қызғанады. Алдымен көзден тазарту керек, сонда ғана өмірің жақсарады. Жарайды, мұны шешемін, басқа да нәрсе жетеді екен. Міне, күйеуіңді де бәлен рет айырып алуға тырысыпты, Астанаға да көшкілерің келген, бірақ сәті түспей қойған, жақында жер алыпсыңдар, осы жерден үй салсақ па, әлде көшіп кетсек пе деп ойлап жүр екенсің.

Шынымды айтсам, ол ападан мұндай пысықтықты күтпеген едім. Ә дегеннен соншама болжам жасап тастады. Қазір кез келген екінші адам жер кезегінде тұр, көпшілігі алыс аудандардан алып, қаладан қашықтан үй салсам ба, жоқ па деп ойланатыны рас. Экологиялық жағдайымыз нашар болғандықтан көшіп кетсек пе деп, екінің бірі ойлайды. Қайдан шықса, одан шықсын, бірі болмаса, айтқанымның бірі келер дегендей, әсерде қалдым. Күйеуіме қатысты айтқаны кез-келген сәуегейдің айтатын болжамы. Таң қалғандай кейіп таныттым да, сәл-пәл қарсылық білдіргендей болдым.

- Астанаға дейсіз бе? Маған ұнамайды, қонақжай қала емес!

- Есесіне күйеуіңе ұнайды!

- Оған тіптен ұнамайды. Бірнеше рет іссапармен барған, қатты аяз, бағалары да ұшынып тұр деп, ашуланып келеді.

- Бірақ карьера үшін шыдауға болады!

- Олардың бас кеңсесі Алматыда.

- Үлкен қаланы, болашақтарыңның жақсы болатынын көріп отырмын, бірақ әке-шешелерің үлкен адамдар болғасын, оларды тастап кете алмай жүрсіңдер, - деп көріпкел апа жол тауып кетті.

Қарсыласпайын деп, келісіп басымды изедім.

Тіл-көзден арылту 40 күн уақыт алады екен. Осы уақыт бойына жазып берген дұғасын оқып, оқып берген заттарын қолдану керек екенмін. Келесі жолы сәрсенбіде келгенде пышақ, сіріңке, крем мен жаңа заттар әкелу керек болдым.


КӨҢІЛІҢ ЖАЙЛАНУ ҮШІН

Нұрсаяда тұратын келесі көріпкел орамал таққан жас әйел екен. Ешқандай кезек, артық адам жоқ. Жаңадан салынған үйдегі бір бөлмелі қарапайым пәтерде тұрады. Әйел асүйде қабылдады. Мен тағы да ақша туралы сөз қозғап, жұмысқа орналасқым келетінін, 10 жыл бойы декретке байланысты үйде отырып қалғандықтан, еш жерден жұмыс таба алмай жүргенімді айттым. Карттарды араластырып, ішінен бір картаны суырып алуымды сұрап, картты ортаға жая бастады. Жақсылық тілемейтін корольдер, іші тар ханымдар, әлдебір бубен тұз бен алтылық қарға шықты. Карта ойнамайтын болған соң, қандай түсті карттардың шыққанын бақылауды қойып, айтқан нәрселерін ойыма түйіп алуға тырыстым. Түсінуімше, өткен өмірімді, болашағымды айтып берді, әсіресе, «көңілің жайлану үшін» деген сөзі ұнап қалды.

Ешқайсысы дәл келмеді. Карта жақында естен кетпейтіндей етіп демалып келгенімді, ол жақтан көп әсер алғанымды, өмірімнің мәнін түсініп, осы сапардан кейін өмірімнің күрт өзгергенін айтты. Өкінішке орай, олай емес еді. Болашақта жаңа таныстық күтіп тұрғанын, махаббат хикаясы болу мүмкін екенін айтты. Ашық түсті картадағы корольмен әлдебір дастарқан басында кездеседі екенбіз. Араласып жүрген адамдардың арасында екенін, бірақ әзірге бір-бірімізді байқамай жүргенімізді айтты.

- Ал жұмыс қашан болады екен? – деп сұрадым мен.

- Күте тұр, жүрегің қалай тынышталатынын көрейік. Сары шашты, сенімді, ішімдік ішпейтін, еңбекқор жас жігітті көріп тұрмын. Мына алтылықты көрдің бе? Олар қатар түссе, ойлаған нәрсең тез орындалады деген сөз. Бұл туралы ешкімге айтпасаң,  ойлаған нәрсең міндетті түрде орындалады.

- Бірақ менің отбасым, күйеуім мен балаларым бар ғой. Жұмыс туралы білгім келген еді, - дедім риза еместігімді білдіріп.

- Карта осылай түсіп тұр, – деді балшы қысқа ғана қайырып. Маған қабылдағаны үшін ақысын төлеп, үйіме кетуден басқа ештеңе қалмады.

МАҒАН ӨТІРІК АЙТУ ҚИЫН, АЛ БҰЛ БІРЕУЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ

«Жолыңды ашып», түрлі аурудан емдейді деген үшінші апаға «балам болса деп армандаймын, жасым болса келіп қалды» деген басқа хикая ойлап бардым. Шынымды айтсам, маған мұны айту оңай болмады. Өтірік айта білу де тәжірибемен келетін нәрсе екен. Ұзақ жылдар ана болу бақытына жету үшін түрлі емханалардың табалдырығын тоздырып, әулие-әмбиелердің басына бару керек деген пікір қалыптасқан. Менен қайда бардың деп сұраса, Бекет атадан басқа әулиені білмеймін, бірақ оған да барған емеспін.

- Ақылы ЭКО-ға барғаным жөн бе әлде одан пайда жоқ па, соны білгім келеді? – деп айтып қалдым.

- Неге тегін жолдама алуға жұмыстанбайсың? – деген сұраққа сасқалақтап қалдым.

- Жалғызбастыларға бермейді, ал баламыз жоқ болған соң күйеуімнен баяғыда ажырасқанмын, - деп, ішімнен «не айтып отырмын мен!» деп шошып кеттім. Ал жалғызбасты әйелдерге мұндай жолдама бермей ме екен, оны да білмеймін.

Емші апа үндемей маған мұқият қарады, орныңнан тұр деп белгі берді де, пышақтың ұшымен «сканерлей» бастады, арқамнан, аяғымнан, қолымнан қағып қояды. Кей жерім ауырып кетті, бірақ массажға ұқсаттым. Остеохондрозыммен дұрыстап күресетін уақыт келді-ау деп ойлағанша, отыруға белгі берді.

Көріпкел құмалақтарды үнсіз ғана шашып жіберді. Менің руымды, бұрынғы-мыс күйеуімнің руын, жасымыздың нешеде екенін, қазір қайда және кіммен тұратынымды сұрады. Айтпақшы, қай жерде жұмыс істейсің, жалақыңа көңілің тола ма, әріптестеріңмен қандай қарым-қатынастасың деп, сөз қозғады. Ақырында салмақты үнмен:

- Сенің балаларың болуы тиіс. Міндетті түрде болады. ЭКО-ға баруыңа болады, бәрі жақсы болады, бірақ әзір асықпа. Бұрынғы күйеуіңмен үйлесімсіздік болған екен. Екінші күйеуіңмен бәрі дұрыс болады, өзім қараймын, ұлың да, қызың да болады, тіпті, егіз де туа аласың.

Басымды шайқап, сенімсіздік кейпін танытып, өзімнің шынайы және ойдан шығарған ауруларымды тізе бастадым. Ең соңында жасымның келіп қалғанын, тіпті, күйеу болатындай ешкімнің жоқ екенін де алға тарттым. Ал ол ештеңеге уайымдамай, өзіне сенуге кеңес беріп, әр сәрсенбі сайын келу керектігін айтты. Түрлі мақтау сөздер айтып, сиқырлы тастар айтқан жағымды қасиеттерімді атады: ашық, мейірімді, кек сақтамайтын, баланы жақсы көретін жансың деді. Содан соң өзіне сеніп, айтқандарының бәрін жасасам, ана бола алатынымды айтты. Алдымен ем алуға күнара, содан соң аптасына екі рет келу керек екенмін. Әрі қарай кейін айтатын болды. Бірінші қабылдауында бағасы қанша екенін айтпады, бірақ емнің «диагностикадан» қымбатқа шығатынын меңзеді.

…Осыдан кейін жеңілдеп қалдым: өтірік айту қиын екен. Ал бұл біреулердің жұмысы. Мен үшін олай еместігіне шүкір.

Зульфия ИСКАЛИЕВА  

26 қараша 2020, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.