Атырау, 28 наурыз 22:35
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Атырауда баланы көше шамынан тоқ соққаны туралы іс қысқартылды

2 842 просмотра

Атырауда баланың электр жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Еске сала кетейік, 5 тамыз күні Азаттық даңғылындағы №88 үйдің ауласында 8 жасар баланы көше шамының бағанасынан тоқ соққан еді.

Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 156-бабының 1-бөлігі («Қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзу») бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

20 қазанда Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс қысқартылғанын хабарлады.

- Сараптама қорытындысына сәйкес, зардап шеккен баланың денсаулығына жеңіл зиян келтірілген. Сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде қылмыс құрамы анықталмауына байланысты іс тоқтатылды, себебі бұл бап адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген кездегі жауапкершілікті көздейді, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Зардап шеккен Исламға дәрігерлер «Электр жарақаты. I-V саусақтардың, оң қолдың бүйір бетінің күйігі. Травматикалық шок» диагнозын қойды. Қазір бала дәрігер-терапевт және невропатологтың бақылауында, оған 6 айлық емдеу курсы тағайындалды.

- Емдеу курсынан кейін Ислам қайтадан тексеруден өтеді. Ол ұйықтататын таблеткасыз ұйықтай алмайды және шамалы дыбысты көтере алмайды. Жақында бізге қала әкімі келді. Ол ұлымды емдеуге көмектесуге уәде берді. Әкімдік бізге екі айға пәтер ақысын төлеп, дәрі-дәрмек сатып алды, - дейді Исламның анасы Гүлжихан КҮМІСБАЕВА.

Әйел қылмыстық істің қысқартылғанымен келіспей, үйінің ауласында көше шамын орнатқан қалалық ТКШ бөлімі мен «Еңбек-Атырау» кәсіпорнын сотқа беруге ниетті.

Айта кетейік, «Еңбек-Атырау» ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің құрылымына кіретін «Еңбек» РМК филиалы.

2019 жылы бұл мекеме Атырауда көппәтерлі тұрғын үйлердің 50 ауласын жарықтандыру бойынша тендер жеңіп алды. Жоба құны - 354 млн теңге. Азаттық көшесінде болған оқиғадан кейін «Еңбек-Атырау» орнатқан барлық көше шамдарына электр қуатын беру тоқтатылды.

Маусым айында Атырау облысы жемқорлыққа қарсы күрес қызметі келісімшарт жасағаны үшін пара алу фактісімен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің «Еңбек-Атырау» филиалының басшысына және басқа да тұлғаларға қатысты ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-тармағының 2,4-тармақтары ("Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет пара алу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны мәлім

Айнұр САПАРОВА

23 қазан 2020, 22:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.