Атырау, 19 сәуір 06:28
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Дүйсенбай Тұрғанов: Туған жерге қызмет ету - парызым

PR Сурет
3 926 просмотра

2000 жылдары мұнайдың бір баррелі 8-9$ болып, Атырау қаласында қазіргідей миллиард теңгенің жобалары болмаған. Бірақ оған қарамастан қаладағы коммуналдық мәселелер оңтайлы шешіліп, әлеуметтік нысандар белсенді салына бастады. Бұл кездері, 1999-2002 жылдары, Атырау қаласының әкімі Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ болған еді. Бұрынғы қала әкімімен қазіргі Атыраудың жағдайы туралы «Nur Otan» партиясының праймеризінің үгіт-насихат жұмыстары кезінде әңгімелесудің сәті түсті.

Атырау қаласының тумасы Дүйсенбай Тұрғанов еңбек жолын қарапайым электромонтер ретінде бастап, шебер, мекеме бастығына дейін көтеріліп, кейінгі жылдары лауазымды қызметтерде еңбек етті. Жамбыл облысында аудан әкімі қызметінен кейін, 1999 жылы Атырау қаласының әкімі болып тағайындалып, жаңа ғасырдың алдында тұрған мұнайлы астананы басқарады. Бір қызығы Атырау «мұнайлы астана» статусына Дүйсенбай Нұрбайұлы әкім болған кезде ие болған.

- Солтүстігімізде – өзіміздің астанамыз, оңтүстігімізде – оңтүстік астанамыз тұрып, тәуелсіз Қазақстанның экономикасының тірегі, қара алтынымыз саналатын мұнайды өндіріп жатырған Атырауымыз – мұнайлы астана болып аталсын деп өз арамызда айтып жүрдік. Бірте-бірте осы тіркесті жиналыстарда пайдаланып, БАҚ беттерінен көріп жүрдік. Осылайша 2000 жылдары мұнайлы астана деген статусты ресми болмаса да, халықтан алдық. Халықтың берген статусы – ол бәрінен де жоғары, - дейді Дүйсенбай Тұрғанов.

Шыны керек, 1999 жыл Атырау үшін жаңа белесті бағындырудың бастамасы болып, қала әкімдігін көптеген мәселелер күтіп тұрған еді. Тоқсаныншы жылдардың елесінен енді-енді толықтай айырылып келе жатырған қоғам үшін жаңашылдық қажет болды.

- Ол кезде жағдай жақсы болды деп айта алмаймын. Қаланы аралап жүрген кезде көз алдыма ең бірінші аулаларда үйіліп тұрған қоқыстарды көретін едім. Өйткені осыған дейін қоқыс салатын контейнер көп жерде орнатылмаған еді. Сондай-ақ, қоқыс салатын контейнердің көпшілігі сынып-қираған. Коммуналдық кәсіпорындар жинап алып кеткенімен, келесі күні қайтадан қоқыс толып қалып, иісі қолқаны қабады. Осыдан кейін қаладағы қоқыс мәселесін күн тәртібінен түсірмей, барлық мөлтекаудандарды қоқыс контейнерлерімен қамтамасыз ете бастадық. Кейін бірте-бірте халық та үйреніп, осылайша қоқыс мәселесі шешілді, - дейді Дүйсенбай Тұрғанов.  - Қоқыспен қатар жолдың мәселесін де қолға алдық. Өйткені, бір жерге үй салынды ма, қасында тас жол болуы тиіс. Неге мұнайлы астананың халқы жолсыздықтан зардап шегуі керек? Осы принципті ұстап, ең көп балшыққа бататын мөлтекаудандарды жолмен қамтамасыз етуді қолға алдық.

Өздеріңіз білетіндей, 2000 жылдары Атырау халқы қазіргідей көгілдір отын пайдаланбай, мыңдаған үйлер пеш жағып, тамақтарын пісіріп, үйлерін жылытып отырды. Осы кезде қалада тағы бір мәселе пайда болды – көмір уақытылы жетпей қалған кезде, қала халқы көше мен саябақта өсіп тұрған теректерге қол сұға бастады. Тұрғановтың айтуы бойынша, сол кезде мыңдаған сан жылдық тарихы бар ағаштардан айырылып, экологияға орасан зор зиян келді.

- Осы кезде елдің экономикасы мен экологиясы бір-біріне тығыз байланысты екені айқын көрінді. Қоршаған ортаға келген зиян қоғамның барлық саласында өз көрінісін тауып жатты. Сол кезде қазіргі Жеңіс саябағын 82 гектарға дейін үлкейту туралы шешім қабылдап, жобасын әзірлеп, жұмыстарды бастап кеткен болатынбыз. Өкінішке орай, қала әкімі қызметінен басқа қызметке ауысқаннан кейін, бұл жұмыстар тұрып қалды. Бірнеше жылдан кейін 82 гектар саябақ болатын паркіміз, коттедж қалашығына айналып кеткен. Бұл да экологияға қарсы жасалған қылмыс.

- Сіз әкім болған жылдар несімен есіңізде қалды?

- Ол кездері халыққа демалатын жағдай жасалмай, саябақтар жоққа жақын болатын. Соларды салуды бастап, көбін аяқтап үлгердік деп айта аламын. Бір жерді мемлекет меншігіне қайтарып, абаттандырып, Атырауымыздың тарихында ойып тұрып орын алатын көрнекті адамдардың мүсінін қойып скверлер жасадық. Бұл – тарихқа деген құрмет. Сол кездегі облыс әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ қалаға көп көңіл бөлетін. Осыдан кейін халық арасында «Иманғали Атырауда революция жасады» деген сөз болды. Біз сол революция болған кезде қалада болған адамдармыз. Атырауды таныту мақсатында қаланың Елтаңбасы мен туын әзірлеп, Қазақ мұнайының 100 жылдығын тойладық.

Бұл үлкен шараға дайындық кезінде қаламызға жол салынып, көшелерді абаттандырып, қаланы жайнатып қойдық. Осылайша Қазақ мұнайының 100 жылдығын атап өтіп, бір жылдан кейін қаланың 360 жылдығын дүркіретіп өткізіп, қала халқы мен қонақтарына тамаша мерекелік көңіл-күй сыйладық.

Сондай-ақ әр қаланың дамуының «Конституциясы» саналатын құжат – Атыраудың бас жоспарын дайындадық. Сондай-ақ, сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ алғаш рет Қашаған кен-орнында болып, осы жерден мұнай көзі табылғанын Дүниежүзіне ресми түрде жария етті. Және қала ортасынан «Теңізшевройл» компаниясының орталық кеңсесі және халық арасында «американский городок» аталып кеткен ТШО қалашығының құрылысын бастадық. Қандай әкім болғанымды қала тұрғындары бағалай жатар. Ең бастысы сол қиын кезеңде қаланы гүлдендіруге, тезірек заман көшіне ілестіруге бар күшімді салдым деп айта аламын. Көшедегі қоқыс мәселесінен бастап, тұрғындардың сана-сезімін өзгертуге тырыстық, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, Ұлттық лигада ойнайтын футбол және волейбол командарын құрып, халық арасында бұқаралық спортты дамыттық.

- Қазір «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып жатырсыз. Сізге бұл додаға түсу не үшін керек?

- Мен – нағыз атыраулықпын. Кезінде қала басқарып, одан кейін республикада басшылық қызметтерде болдым. Қай жерде, қандай қызметте болсам да, әрқашан кіндік қаным тамған жерге бір бүйрегім бұрып тұрады. Неге барлық тәжірибемді жинақтап, Атырауымыздың мәселесін Астанада көтермеймін? Осы праймеризге қатысудағы басты мақсатым – жиған-терген тәжірибем арқылы халқыма пайдамды тигізу. Кезінде қала әкімі болғанда көптеген ойда тұрған жоспарларды іске асыра алмадым. Соларды іске асырып, Атырау халқының мұң-мұқтажын жеткізіп, сол мәселелерді шешуге ат салысу ойым.

- Сайлауалды бағдарламаңыз қандай?

- Кез-келген үміткердің сайлауалды бағдарламасы өзін-өзі жарнамалап, депутатқа өтіп кетсем деген ниетке құрылмауы тиіс. Бәрі де уәде беріп, Нұр-Сұлтаннан жылы креслоға отырғаннан кейін, уәделерін ұмытып қалмай, туған жеріне жанашыр болғаны жөн.  Өзімнің қолымнан келетін және орындай алатын істерді сайлауалды бағдарламама қосып, 6 басты бағытты жоспарлап отырмын.

Қазір өзім жүргізген талдаудан мен атыраулықтарды толғандыратын келесі негізгі сұрақтарды көріп отырмын. Экология, жұмыссыздық, тұрғын үй, шағын және орта бизнесті дамыту, әл-ауқаты төмен тұрғындар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау, жол жағдайы, Жайық өзені деңгейінің төмендеуі. Облыста бірқатар жақсы бағдарлама, жоспар және шаралар қабылданды, бірақ олар әрқашан, менің ойымша, уақытылы және сапалы орындала бермейді. Бұл мәселелер әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуды ескере отырып, кешенді түрде шешілуі керек деп есептеймін.

Мен кейбір шұғыл проблема мен оларды шешу жолдары туралы өзімнің көзқарасымды ұсынамын, оларды жүзеге асыру біздің облыс тұрғындарының әл-ауқаты мен денсаулығын жақсартуға белгілі бір үлес қоса алады.

1. Негізгі проблемалардың бірі - қолайсыз экологиялық жағдай. Атырау қаласын жағымсыз иістен арылту керек. Бұл жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеп қойдым. 

2. Қазір заманауи технологиялардың болмауына байланысты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, сұрыптау және жою проблемасы туындап отыр. Күнделікті қоқысты қоқыс полигонына апарып көме берсек, не болмақ? Атырау, Құлсары қалаларында қалдықтарды сұрыптайтын оларды жағу зауытын сала отырып, облыстың елді мекендерінде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды ұйымдастыру қажет.

3. Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты шұғыл шаралар қабылдау керек, бұл тек ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, сонымен бірге бүкіл аймақтың экономикасына зиян келтіреді. Бұл мәселе толығымен Ресейдегі су қоймаларының жұмысына байланысты. Сондықтан мен бұл мәселені үкіметаралық деңгейде шешуді ұйымдастыруды ұсынамын. Қажет болса, екі елдің парламентаралық кездесуін өткізу қажет.

4. Атырау облысының автомобиль жолдарының қанағаттанарлықсыз жағдайын ескере отырып, мен Атырау-Астрахань, Атырау-Ақтөбе, Атырау-Орал бағыттарындағы және басқа да облыс автомобиль жолдарының құрылысының сапасы мен мерзіміне, уақытылы қаржы бөлінуіне баса ерекше назар аудару қажет деп санаймын. Әр түрлі деңгейдегі депутаттардың қоғамдық кеңес арқылы жолдардың жағдайын бақылау және мониторинг жасау. Сонымен қатар, жол төсемінің төзімділігін сақтау үшін көлік инспекциясы органдарының автокөлік құралдарының осіне түсетін салмақ жүктемелерін сақтауды бақылау шараларын күшейту қажет.

5. Бүгінде облыста 20000-нан астам адам баспана кезегінде тұр. Ескірген тозығы жеткен және апатты жағдай тұрған үйлер мен жатақханаларды бұзу бойынша шаралар қабылдау қажет. Тұрғын үй құрылысына жер бөлу, уақытылы инженерлік коммуникацияларды тарту және әртүрлі деңгейдегі бюджеттен қолжетімді тұрғын үй құрылысына тиісті және толық қаражат бөлу.

6. Пандемияға және жалпы экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты туындаған проблемаларды ескере отырып, әл-ауқаты төмен тұрғындарға, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен мүгедек балаларға көмек пен қолдауды күшейту қажет.

Мен барлық білімімді, тәжірибемді және күш-жігерімді Атырау облысы тұрғындарының өмірі мен денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретін осы бағдарламаны іске асыруға жұмсаймын.

Біз уәде бермейміз, біз жұмыс істейміз және орындаймыз!

- Ендеше, сәттілік серігіңіз болсын!

16 қыркүйек 2020, 11:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.