Атырау, 24 сәуір 14:08
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Жамбылдағы жаһандану

Сурет
5 471 просмотра

Қазақстан әуелден «әлемнің дамыған 30 елінің» қатарына қосылуға жұмыстанып келеді, бірақ көбінесе жолдар, білім беру, халықтың әл-ауқаты және т.б. көрсеткіштер бойынша антирекорд рейтингтерінен бой көрсетіп қалады. Әзірге ірі қалалар жаһандық дамудан қалыс қалмауға тырысып жатқанда, ауыл тіршілігі өз ағымымен жалғасуда. Бұл туралы  толығырақ «AЖ» материалында.

Қазір әке-шешем тұрып жатқан Құрманғазы ауданындағы Жамбыл ауылы туралы айтқым келеді. Жақында сол ауылға барып, көп уақытымды өткіздім (бұрын ұзақ қалмайтын едім, бірақ карантинге байланысты қашықтан жұмыс істедік), бұрын аса мән бере қоймаған нәрселерге қанық болдым.

Байқағаным – ауыл адамдары өмір сүру жағдайына пәлсапалық тұрғыда қарайды дер едім, көп ештеңеге шағымданбайды. Алайда шағымданатын нәрсе жетерлік.

Жамбыл ауылы Құрманғазы ауданы орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде ешқашан көлік жолдары болған емес. Ал ауыл бойындағы Ганюшкин-Котяевка трассасына екі жылдан бері жөндеу жүріп жатыр. Жазда су тасқыны болып, жөндеу жұмыстары тоқтатылды. Жол жасалған кезде тұрғындарға аудан орталығына жету анағұрлым жеңілдейді. 

Ауылда жаңа мектеп бар. Ол 2013 жылдың мамырында ескі мектеп ғимараты өртенгеннен кейін салынды. 1980 жылы салынған және көмірмен жылытылатын ескі ғимаратты жаңасын салу үшін әдейі өртеген деген сыбыс бар. Бірақ әңгіме мұнда емес, мектеп салынып жатқанда балалар көрші ауылда оқыды. Ал қазір жаңа ғимаратта су болмағандықтан санитариялық тораптар жұмыс істемейді. Балалар қысы-жазы сырттағы әжетханаға барады.

2018 жылы Жамбыл ауылы қарайтын Нұржау ауылдық округі ауылды абаттандыруға және көгалдандыруға мемлекеттік сатып алу өткізді. Техникалық сипаттізім бойынша 1 миллион 666 мың теңге сомасына мердігер «Сұңқар» ЖШС 200 түп ағаш отырғызып, суару құбырын жүргізу үшін жер телімін қоршауға тиіс болды.

Бір қызығы, бұл жұмыстар қараша мен желтоқсан айларында жасалды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, желтоқсанда қызметкерлер жерге бірнеше көшетті шанши салған. Қазір ол жерде, әрине, ештеңе өсіп тұрған жоқ, тек қоршау тұр. «Біздің жасыл-желекке оранған бақты көрдің бе?» деп ауылдастарым әзілдеп қояды. 

Ал балалар ойнайтын алаң, неліктен екені белгісіз, мектеп ауласында орналасқан. Мемлекеттік сатып алу порталына сәйкес, ойын төбешіктерін сол мердігер 2 млн 364 мың теңгеге орнатқан. Техникалық сипаттізімде аттракциондардың қандай түрлері орнатылатындығы көрсетілмеген, бірақ ол жерде қазір сырғанайтын төбешік, сол бойда сынып, бұзылып қалған әткеншектер тұр.

Су мәселесі – ауылда «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су құбыры желісін салыстырмалы түрде жақында, 6-7 жыл бұрын жүргізген. Бұған дейін ауыл тұрғындары суды өзеннен тасыды. Күн жылынғанда су күніне екі рет таңертең және кешкісін 1 сағаттан беріледі. Тұрғындар бақшаны осы сумен суаратындықтан, су жетпей қалады деп түсіндіреді мұны жергілікті билік. Иә, көпшілігі жазда жеміс-көкөніс жеу үшін бақша салады. Оның үстіне көбі – жұмыссыз, күн сайын оны базардан сатып алуға қалтасы қалың емес. Сондықтан бақша суарып та, суды құдыққа, шелекке, бидонға, қолда бар ыдыстардың бәрін толтырып та үлгеруге тырысады. Тұрғындар үйлеріне шүмектен су келіп тұру үшін сорғы орнатып қойған. Бірақ кейде су 2-3 күндеп жүрмейді.

Ал ресми ақпарат мынадай: Құрманғазы ауданындағы 49 елді мекеннің 43-і орталықтандырылған ауыз сумен (22 су тазарту құрылғысы) қамтылған. Бұл - 87,7%. Су үздіксіз беріледі. Бірақ жазда бақша суаратындықтан бәрі өзгереді. Бұл мәселені шешу үшін бюджеттен жазғы су құбырын жүргізуге қаржы сұрастырылады. 

Мектептен басқа ауылда фельдшерлік пункт пен пошта бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Олар бір ғимаратта орналасқан, тек есіктері бөлек. Мың шақты тұрғыны бар ауылдағы жалғыз медициналық пункттің нақты қай жылы салынғанын білмеймін, бірақ әжетханасы сыртта орналасқан. Тек салқын су жүріп тұр. Жақсы жөндеу де жүргізілмеген.

Ауылда ешқашан стационарлық телефон желісі болған емес. Бірнеше жыл бұрын көбіне спутниктік аппараттар орнатылды, бірақ интернет нашар болды.

Қазір де ұялы байланыс әлсіз, ұялы интернет кей жерлерде ғана қосылады. Оқушыларды онлайн оқытуға байланысты ауыл тұрғындары операторлардың портативті модемдерін орнатуда – байланыс болғанымен, кейде үзіліп кетеді. Өткен оқу жылында бүкіл 4-тоқсанда балалар Whatsapp мессенджері арқылы оқыды. Өйткені Zoom арқылы оқуға тұрақты интернет байланысы болмады. Енді жаңа оқу жылында қалай болатынын көреміз.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

18 тамыз 2020, 11:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.