Атырау, 18 сәуір 23:25
 ашықВ Атырау +24
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Атырау бекетінде тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі

Сурет
4 609 просмотра


Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, Атырауға кіреберіс жолдарға облыс аумағында коронавирустың таралуын болдырмау үшін санитарлық бекеттер қойылған. «АЖ» тілшісі «Атырау-Индер-Махамбет» тас жолында орналасқан бекетте болып, болып жатқан жағдайды бақылап көрді.

«Атырау-Индер-Махамбет» бекеті Бесікті ауылында орналасқан. Мұнда тәулік бойы полиция және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері - санитарлық дәрігерлер - кезекшілік етеді.



Қара қорғаныш бетперде киген жол-патрульдік қызметкерлері көліктің әрқайсысын тоқтатады. Алдымен полиция қызметкері оларды басқа облыс тұрғындарын тексеру үшін тоқтатқанын ескертеді. Содан кейін жүргізушінің құжаттарын тексеріп, «жолаушылар арасында басқа облыс тұрғындары бар ма?» деп сұрайды.


Егер болмаған жағдайда, құжаттарын тексергеннен кейін көлікті өткізеді. Жолаушылар арасындағы басқа облыс тұрғындарын бекеттегі арнайы  бөлмеге кіруді өтінеді. Мұнда Атырау обаға қарсы күрес станциясының қызметкері Қалима БАЙМҰҚАШЕВА оларға сауалнама толтыртып, дене қызуын өлшейді. Сауалнамаға аты-жөні, көліктің бағыты, адамдардың мекен-жайы енгізіледі.


- 12 сағат ішінде мен басқа облыстардан келген 41 адамды тексердім. Бізде Шымкент, Орал, Алматы және Ақтөбеден келген жүргізушілер көп, - дейді Баймұқашева. – Ешқайсында дене қызуы көтерілмеген. Сауалнаманы толтырғаннан кейін жібереміз.

- Егер біреуде дене қызуы жоғары болса?

- Онда медиктерді шақырамыз, әрі қарай солар шара қолданады.


Мен Қалимамен сұхбаттасқанша,  полиция қызметкерлері Оралдан шыққан екі жолаушы және «Тойота» жүргізушісін алып келді. Жолаушылардың айтуынша, олар ағайындардың үйінде бірнеше күн қонақ болып келе жатқан Атыраудың тұрғындары. Олардың дене қызуын өлшеп, сауалнама толтыртып, жібере салды.

...Нұржан – Қарағанды қаласында тұратын Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Қарағандыда коронавирус оқиғасы анықталғанын естігеннен кейін, отбасын ертіп, Құлсары қаласындағы қарттарына бара жатыр екен. Оларды дәл осылай Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында  тексерген, енді Атырауда да тексеруден өтті.

- Балаларды қарттардың  қасында қалдырамын да өзім қалаға кері кетемін, - дейді Нұржан.


Өткен жылы ПД және «Қазавтожол» АҚ қызметкерлері хронометраж жүргізіп, бір тәулік ішінде «Атырау-Орал» тас жолымен 6150 жүк және жеңіл автокөлік, «Атырау-Қарабатан» - 8215, «Қарабатан-Доссор» - 5347 жүк және жеңіл автокөлік жүретінін анықтады. Бұл аз көрсеткіш емес, коронавирус Атырауға жетпесін деген үмітпен қажеттінің бәрін жасау керек. Айтпақшы, Атырау облысында коронавирус жұқтырған және олармен байланыста болған адамдар үшін 1800 стационарлық орын әзірленген.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

26 наурыз 2020, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.