Атырау, 20 сәуір 09:52
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атырау судьялары: «Ашық хат жазған адвокаттың үстінен полицияға шағым түсірдік»

4 763 просмотра


Адвокаттың даулы ашық хаты, бостандықта жүрген жемқор полковник және басқа да мәселелер туралы Атырау соттарының 2019 жылғы жұмыс қорытындысы жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Алдымен статистикаға жүгінейік. Өткен жылы облыс соттары 38 699 істі қарады, оның ішінде 1 015 қылмыстық, 22 167 азаматтық және 15 517 әкімшілік іс жүргізілді. 915 адамға қатысты 751 қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылды. Оның ішінде 210 адам бас бостандығынан айырылды, 27 адам ақталды. Медиатордың қатысуымен 78 қылмыстық іс тоқтатылды.

Бұл туралы облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Тәтті УӘЛИЕВА хабарлады. Ол, сондай-ақ, электрондық түрде рәсімделген сотқа дейінгі материалдар мен ақтау үкімдерінің саны артқанын атап өтті.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқа төрағасы Манат КӨМІРШІНОВ «Отбасы соты», «Түнгі сот» және «Виртуалдық сот» пилоттық жобаларының алғашқы оң нәтижелері туралы айтты.


«АЖ» САУАЛДАРЫ


- Сотқа дейінгі тергеу барысындағы заң бұзушылық салдарынан прокурорға қайтарылған қылмыстық істер болды ма? Баршаға белгілі бір мысал: күйеуін өлтіріп, туыстарының көмегімен оның денесін бөлшектеген әйелдің ісі. 

Осы және келесі сұрақтарға Т.Уәлиева жауап берді.

- ҚПК-нің 323-бабына сәйкес қайтарылған істердің саны («Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтар анықталған кезде соттың істі прокурорға жіберуі») - 21. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда көп.

- Қылмыстық істерге қатысты үкімдер бойынша әр түрлі құрылым басшыларына кейде жеке ұйғарым шығарылады. Бұл рәсімділік үшін ғана жасала ма, әлде жеке ұйғарымдар бойынша нақты шаралар алына ма?

- 2019 жылы 56 жеке қаулы шығарылды, оның ішінде 42 қаулыға қатысты шаралар алынғаны туралы жауап берілді.

- Жақында әлеуметтік желілерде ҚР Президентінің атына жергілікті адвокаттардың бірінің жазған ашық хаты жария болды. Ол ҰҚКД мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сотты өздеріне ыңғайлы үкімдерді шығаруға мәжбүрлеп отыр деп мәлімдейді. Бұл шындыққа сай келе ме, күш құрылымдары тарапынан қысым көрсетіле ме?

- Иә, біз де оқыдық. Жарияланымда келтірілген мысалдардың барлығы өзі қорғаушы ретінде қатысқан қылмыстық істерге байланысты және негізсіз, нақты фактілерге сүйенбей айтылған. Хат авторы соттарға қысым көрсетуге және жұртшылықты адастыруға тырысып, фактілерді әдейі бұрмалап жіберген. Мысалы, ол аса ірі көлемде пара алды деп күдіктелген полиция полковнигін жергілікті сот бостандыққа жіберді дейді. Бірақ Атыраудың тергеу сотында мұндай іс мүлдем қаралған жоқ. Қазіргі уақытта біз осы хатқа қатысты ҚР Судьялар одағының Атырау филиалы арқылы Атырау облысының Полиция департаментіне шағым жолдадық. Қазіргі уақытта іс тергеліп жатыр.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

14 ақпан 2020, 16:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.