Атырау, 24 сәуір 03:56
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Полиция көлікжайының құпиясы

4 204 просмотра


Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлеріне арнайы автокөлік сатып алу ісінің ауқымы таң қалдырады: 2015 жылы департамент 53 патрульдік «Нива» және 7 «Газель» көлігін алды, екі жылдан кейін полицейлеріміздің автопаркі Nissan Almera және Shevrоlet маркалы 37 жаңа көлікпен толықты, тағы екі жылдан кейін – 2019 жылы олардың қатарына 54 «Нива» және 24 «Skoda Octavia» автокөліктері қосылды. Сонымен қатар, жақында облыс әкімдігінде өткен кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі мониторинг бойынша соңғы жағдайда бағаны айтарлықтай көтергенін мәлімдеді.

Мысалы, полиция департаментінің өлшемі бойынша, бір көлік 6 миллион 741 мың теңге тұрады, ал нарықтағы баға орта есеппен 3 миллион 867 мың теңге, ең жоғарғысы – 5 миллион 127 мың теңгені құрайды. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметтеріне сай полиция департаментінің екі лоты бойынша бағаны жалпы сомасы 37 миллион 952 мың теңгеге көтерген.

«БАҒА КӨТЕРІЛГЕН ЖОҚ»

«АЖ» сұрағына жауап беру үшін Полиция департаменті  ұзақ ойланды. Ақыр аяғында  шағын түсініктеме беруді шешіпті:

-Иә, 2019 жылы полиция департаменті 6 млн 741 мың теңгеге «Skoda Octavia A7» маркалы автокөлігін және 3 млн 867 мың теңгеге «ВАЗ-21214» маркалы автокөлігін сатып алды (неге екені белгісіз, жеке түрді қолданыпты – Ф.А.).

- Полиция департаменті мемлекеттік сатып алу көтерілген бағамен жүргізілгендігін мойындай ма?

- Мемлекеттік сатып алу «Азия Авто» АҚ-ның ұсынған прайс-парағына сәйкес және ашық түрде жүргізілді.

Сонда шамамен 38 миллион теңгеге есептелген  артық баға қайдан пайда болды? Мүмкін, полицейлер көліктің арзанын қарамай, ең жоғары бағамен сатып алған болар? Қалай болғанда да Полиция департаменті жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің талабын түсінбей отыр, әрі оған беретін жауап та жоқ. Айтпақшы, ведомство сайтында «Мемлекеттік сатып алуға» арналған беті жұмыс істемейді.

ӘДЕМІЛІК ШЫҒЫНДЫ ДӘМЕТЕДІ

ҚР Мемлекеттік сатып алу сайтының мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы Атырау облысының полиция департаменті 161 млн 784 мың теңгеге 24 «Шкода» және 208 млн 818 мың теңгеге 54 «Нива» сатып алды. Сонымен қатар, Департаменттің отын сатып алу шығындары 8 млн 616 мың, бір автокөлікті жөндеуге бөлінген қаржы 8 млн 928 мың теңгені құраған.  

Біздің полиция көліктерінде латынша жазу мен жаңартылған эмблема пайда болғанын бәріміз байқадық. Бұл көркемдеуге 4 млн теңге жұмсалды.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰПИЯ

«АЖ» тілшісі Атырау облысы полиция департаментінен қызметтік автокөліктердің санын сұрады. Бірақ ондағылар бұл мәліметті мемлекеттік құпия санайды екен. 

Фархат ӘБІЛОВ

3 ақпан 2020, 17:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.