Атырау, 20 сәуір 13:25
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ойыншықтар еліндегі балабақша

Сурет
8 879 просмотра


Болып жатқан оқиғаларды естеліктерім мен сезімдерім арқылы өз басымнан өткергендей боламын. Осы үшін де жұмысымды жақсы көремін. Бұл жолы да өткен күннің сағынышы бойымды кернеп кеткен еді.


ӨТКЕННЕН ЕСТЕЛІК

Балабақшаға барып жүрген кезім. Сағат тілі 12:30-ға жетсе, ұйықтайтын уақыт та жақындап қалғанын сезетінмін. Бұл енді маған мүлдем ұнамайтын тәртіп. Орындыққа жайғасып алып, колготкамдағы бедерленген жәндіктердің суретін бажайлап қарап, асықпай шешетінмін. Өзім сияқты амалсыздан ұйықтауға мәжбүр болатын топтағы құрдастарыма қарап қоям. Олар да мен сияқты ұйқы құшағына асығар емес. Еріншек қонжықтар секілді, балаларға тән емес ұқыптылықпен түймелерін ағытып, шешкен шұлықтарын теріс айналдырып қойып, көйлек-шалбарларын орындықтың арқасына мұқият іліп жатыр.



12:45. Асқан жылдамдықпен көрпенің астына сүңгіп кететіндерді еш түсіне алмаймын. Қызық-ау өздері. Сендермен дос бола алмайды екенмін.



Дәмді түскі астан қалған лас ыдыстарды жинастырып, біз сияқты сотқарлардың арасында зыр жүгіріп жүрген жас күтушінің сыңғырлаған дауысы естілгенде тез қимылдауға тура келеді.

Соңғы рет ауыр күрсініп аласың да, көрпенің астына сүңгисің!

Айтпақшы, демалатын уақытта ешқашан көз ілген емеспін. Төбеге қарап, ілулі шамдалдарды санап, уақыт өткізетінмін. Бөлмеде алты шамдал ілініп тұратыны әлі есімде.

Тәрбиешім бүйірімнен жеңіл ғана қағып қалатын. Ол да әрбірден соң ештеңе шығара алмай: «Тыныш жат, басқаларын оятып жіберме» деп, құлағыма сыбырлаушы еді.

Ал қазір ұйықтап алуға артық уақытым болмайтынын білсем, топтағы ұнатпай жүрген әлгі балалармен қосылып ұйықтар едім, әттең... 



БҮГІНГІ БОЛМЫС

Нұрсая ықшамауданындағы балабақшаның ашылу салтанаты кезінде балалар ұйықтайтын бөлмелердің біріне кіргенде балалық шақтағы осы естеліктер еріксіз есіме түскен еді.



Бұл күні Солтүстік Каспий жобасының операторы - «НортКаспианОперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) Атырау қаласының тұрғындарына екі жаңа балабақшаны сыйға тартты. Бұлар Солтүстік Каспий бойынша өнімдерді бөлісу туралы келісімнің (СКӨБК) Инфрақұрылым және әлеуметтік жобаларын жүзеге асыру аясында салынған. Осы мерекелік шараға Атырау қаласының басшылығы, NCOC компаниясының өкілдері және балалар мен ата-аналар қатысты.




КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

Қаламыз екі мектепке дейінгі тәрбие мекемесімен толықты. Оның бірі - қала маңындағы Еркінқала ауылында салынған 290 орындық, екіншісі Нұрсая ықшамауданындағы 320 орындық балабақша. Екеуі де бүкіл санитарлық және құрылыс нормаларына сәйкес салынған және екі жастан жеті жасқа дейінгі бүлдіршіндерді қабылдайтын бірнеше топқа арналған.



- Нұрсая ықшамауданындағы балабақша жобасын NCOC компаниясы арнайы әзірлеген, ал Еркінқаладағы балабақша типтік балабақша. Екі мекеме де барлық қажетті жабдықтармен, жиһазбен, ойыншықтармен жарақталған, автономды жылу жүйесімен және автономды электр станциясымен қамтылған. Іші жарық әрі жылы болады. Осындай игілікті іске өз үлесімізді қосқанымызға өте қуаныштымыз, - дейді NCOC-тің әлеуметтік жобалар жөніндегі менеджері Руслан ӘУБЕКЕРОВ.

NCOC компаниясының арнайы жобасы бойынша салынған балабақша өте әдемі екен. Осындай көз тартар, түрлі-түсті Легоны еске түсіретін ғимарат қасбеті тек балалардың ғана емес, өтіп бара жатқан адамдардың да көзін қуантады деп ойлаймын.




ЖЫЛЫ КҮРТЕШЕ

Еркінқаладағы балабақша 2016 жылдың сәуірінен бастап салынды. Осы уақыт ішінде екі қабатты ғимарат бой көтеріп, инженерлік желілер жүргізілді, заманауи технологиялық жабдықтар, тамақтану блогына, кір жуатын және медицина кабинетіне арналған жабдықтар орнатылды. Балабақша жайлы жиһазбен жарақталған, акт және спорт залдары және түрлі үйірмелерге арналған басқа да орынжайлар бар. NCOC компаниясы тіпті киім салуға арналған  жылытылатын шкафтарды да ойластырған екен. Аязды күні жылы күртемен серуенге шыққан қандай керемет!

2015 жылдың тамызынан бастап салынған Нұрсая ықшамауданындағы үш қабатты балабақшада да дене шынықтыруға және түрлі үйірмелерге арналған залдар бар.

- Тұңғыш Президент күні қарсаңында екі үлкен балабақша ашылып, қуанып жатырмыз. Еркінқаладағы балабақша 13 топқа есептелген, оның үшеуі балаларды бір жастан бастап қабылдайтын бөбекжай. Нұрсаядағы балабақша 4 жылдан бері жұмыс істеп тұрған №29 балабақшаның филиалы. Бүкіл ұстаздардың, тәрбиешілердің және ата-аналардың атынан осы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берген облыс және қала әкімдігіне алғыс білдіргіміз келеді. Әрине, мектепке дейінгі мекеменің осындай өзгеше жобасын жүзеге асырған NCOC компаниясына айтар алғысымыз зор, - деп лебізін білдірді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА.



ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖАҢАГҮЛ

Өткен аптада сайт іске қосылып, көп ата-ана балаларын балабақшаға беруге өтініш беріп үлгеріпті. Нұрсая ықшамауданындағы балабақшадан орын тиіп, жолы болғандардың ішінде үш баланың анасы Жаңагүл ЕСБОЛАТҚЫЗЫ да бар.

- Біз көрші үйде тұрамыз, балабақшаның ашылғанына қатты қуандық, - дейді Жаңагүл. – Кіші ұлым Мақсым үш жаста, балабақша болмағандықтан жұмысқа шықпай, үйде отырдым. Өткен аптада іріктеу басталғанын естіп, №29 балабақшаға құжаттарымды алып, жүгіріп барған едім. Сол жердегі қызметкерлердің кеңесімен смартфоным арқылы порталға кіріп, жаңа балабақшаға бірінші болып кезекке тіркелдім. Күні кеше қоңырау шалып, қабылданғанымызды айтты. Мақсым бүгіннен бастап «Айналайын» екінші кіші тобына барады. Балабақша іші өте әдемі, жинақы, сапалы жиһазбен жарақталған. Тәрбиешілер де кішіпейіл екен. 

Фаруза Шангерееваның айтуынша, екі жаңа балабақшаға тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, тазалаушы және тағы басқа лауазымдар үшін 150 шақты адам жұмысқа алынған.

Қажет болған жағдайда екі мекемеде бір жарым жастан бастап балалар қабылдайтын бөбекжай топтары жұмыс істемек.

Бүгінде Солтүстік Каспий Консорциумының Атырау және Маңғыстау облыстарында 210 инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғанын атап өткен жөн.

Қашаған жобасының аясында жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған тікелей салымдардың көлемі 683 миллион доллардан асады. Саябақтар салу, жағалауды абаттандыру, жолдар, мектептер, балабақшалар мен ауруханалар салу сияқты басқа да бірқатар әлеуметтік жобалар әзірленіп, салынуда.

Анастасия АЛЮШИНА

NCOC ұсынған суреттер

Серіктестік материалы

4 желтоқсан 2019, 15:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.