Атырау, 28 наурыз 20:17
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Бәріңді өлтіремін!», «Мен үйдемін!» және басқа да түнгі айқай-шу

Сурет Бейнежазба
6 769 просмотра


Мас жүргізушілер мен олардың "ұрысқақ" әйелдері, төбелесқорлар, арызданбастан бұрын анықталған ұрлық фактісі - бұл «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шаралары аясында Атырау қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерімен бірге өткізген екі түнгі рейд барысында «АЖ» тілшісі көргендерінің бір бөлігі ғана.


Түнгі сағат 11-де жол-патрульдік полициясының взвод командирі Айбол ТАҢБАЕВТЫҢ арнайы көлігіне отырған кезде «Батыс-34» экипажының инспекторлары Абзал ҚУАНДЫҚОВ пен Азамат НӘЖІМЕДЕНОВ ресейлік нөмірдегі «ВАЗ-211124» көлігін тексеру барысында жүксалғыштан екі «Mutlu-220» маркалы аккумуляторды тауып алды деген хабарлама түсті. 24 жастағы жүргізуші бастапқыда оны қайдан алғанын түсіндіре алмаған, бірақ кейін оларды Дамбыда тұрған моторлы қайықтан ұрлағанын мойындаған. Айтпақшы, келесі күні аккумулятордың иесінен полицияға арыз түсті. 188-бап (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

- Бұл жігіт өзін сабырлы ұстады, кейде күдіктілер ұстау кезінде қатты қарсылық көрсетеді. Сол кезде физикалық күш дағдыларын қолдануға тура келеді. Біздің қызметкерлеріміз үнемі жаттығып, нормативтер тапсырады, - дейді 15 жылдық тәжірибесі бар полиция қызметкері, аға лейтенант Таңбаев.


СӘЛ ҮЛГЕРМЕДІ

Түнгі сағат екілер шамасында қала маңындағы Бірлік ауылында полицейлер құжаттарын тексеру үшін Toyota RAV4 көлігін тоқтатпақ болды. Бірақ жүргізуші кенет жылдамдықты арттырып, тоқтамай өте шықты. Ауылдың тар көшелерінің арасымен ізіне түскен қуғыннан құтылмақ болған жүргізуші өз үйінің қақпасының алдына тоқтады. Ауласына кіруге тырысқанмен үлгермеді. Ұсталған жүргізушіден ішімдіктің иісі шығып тұрды. Ол алдымен байбалам салып, әлдекімдерге қоңырау шалды. Айқай-шуды естіп, үйден әйелі шығып, полицейлермен дауласа кетті. Бірақ заң бұзушыны наркологияға апарып, сол жерде жеңіл дәрежедегі ішімдіктен масайғаны анықталды. Ол кейін жүргізуші куәлігінен айырылып қалмау үшін үйіне жетіп алмақ болып полициядан қашқанын, сосын рөлде болғанын жоққа шығармақ болғанын мойындады. Бұрын да осындай жағдайлар болғаны есімде. Осы ойымды растағандай сол түні Сарықамыс ықшамауданында дәл осындай жағдай қайталанды: полицейлер армян нөмірі бар «Toyota Camry» көлігін үйінің қақпасының алдынан ұстады. Қақпадан жүргізушінің әйелі атып шыққан еді. Ашуланған әйел біразға дейін күйеуін наркологияға сараптамаға жібергісі келмеді, полицейлерге оны тыныштандыруға тура келді.


Келесі күні сағат 23:00 шамасында «Батыс» экипажының аға инспекторы Ерғабыл САРМАҒАМБЕТОВ Бірлік маңындағы «Атырау-Доссор» трассасында жөнелтпе құжатсыз металл тасымалдаған «КамАЗ» көлігін тоқтатты. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл шамамен 10 тоннадай болатын пайдаланылған мұнай құбырының сынықтары екен.

- Иә, оны сатқым келді, бірақ ант етейін, ұрламадым. Мен далада жатқан темірді Мақат ауданының Байшонас ауылынан жинадым, - дейді 32 жастағы жүргізуші. «КамАЗ» көлігі жүгімен бірге №2 қалалық полиция басқармасына жеткізілді, әрі қарай тергеу жұмыстарымен тергеушілер айналысады.

- Металл сынықтарын жөнелтпе құжаттарсыз қабылдауға тыйым салынғанына қарамастан, жинау бекеттерінің иелері бұл тыйымдарды елемейді. Осылайша қара және түсті металдардың одан әрі ұрлануына мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Таңбаев.



МЕЙРАМХАНА МЕН ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ОҚИҒАЛАР

Привокзальныйда «Айжан» мейрамханасының жанында рұқсат етілмеген жерде Volkswagen Polo көлігі тұр. Басқалары төтенше жағдай тудырып, оны айналып өтуге мәжбүр. Полицейлер жүргізушіні таба алмай, көліктің мемлекеттік нөмірін ағытып ала бастады. Бірақ сол сәтте иесі келе қалды. Ол қаламызда көлік тұрақтарының тапшылығына шағымдана бастаған. Алайда бұл оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы ( Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтыруға кедергі келтірмеді.

Ресімдеу шараларын аяқтап бола бергенде, жақын маңнан шу естілді. Мейрамханадан киімі дал-дұл масаң жігіт «Бәріңді өлтіремін!» деп айқайлап шықты. Не болды екен? Сөйтсек, 24 жастағы Жандосты (сөйлеу мәнеріне қарағанда оңтүстіктің тумасы) күзетші шығарып жіберіпті. Жігіт қарымта қайтару үшін бауырларына қоңырау шала бастады, бірақ әзірге ешкім келмеді. Сол кезде  мейрамханадан әлгі күзетші мен түрлері сұсты тағы бірнеше ер адам шықты. Жағдайды реттеу үшін полицейлерге тағы бір экипажды шақыруға тура келді. Осыдан кейін Жандосты наркологияға алып кетті. Оған ӘҚБтК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.  



ҚАУІПТІ ОРЫНДАР

Сол түні «102» операторлары рация арқылы мейрамхана маңында топ болып жиналған мас адамдардың төбелесіп жатқанын бірнеше рет хабарлады. Бұзақылардың бәрін полицейлер қалалық полиция басқармасына жеткізді. Өткен жылы Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаев клубтар мен мейрамханалардың жұмысын түнгі сағат бірге дейін шектеуді ұсынғаны есімде. Бірақ әзірге олардың бәрі таңғы сағат 5-ке дейін жұмыс істейді.

Айтпақшы, полиция ойын-сауық орындарының арнайы есебін жүргізіп, сол маңдарды жиі торуылдауға тырысады. Полиция департаментінің мәліметтері бойынша, мысалы, 2018 жылы орталықтағы мейрамханалардың бірінен 23 қоңырау келіп түскен. Ол жерде мастықтан туындаған төбелестен басқа, тонау және алты ұрлық фактілері орын алған. Бірқатар мейрамханалар да қылмыс жағынан одан қалыспайды. Өткен жылы ойын-сауық мекемелерінің иелеріне қатысты ӘҚБтК-нің 479-бабы бойынша (Құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнiнде шаралар қабылдамау) 8 хаттама және 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша 16 хаттама толтырылған.

- Атыраудағы осындай мекемелердің көпшілігі таңғы 4-5-ке дейін жұмыс істейді. Мұның не қажеттілігі бар? Бұл жерге жабылған кафелерден шыққан адамдар көңіл көтеруді «жалғастыру» үшін келеді. Мейрамханадан шыққан соң жанжал шығарып, төбелеседі, қоғамдық жерлерде түзге отырады... - дейді Атырау ПБ бастығының міндетін атқарушы Ерлан БИҒАМБАЕВ. – Біз осыған қарсы күресіп жатырмыз, бірақ полицияның мас азаматтарды тыныштандырудан басқа да істері бар. 


АЛДЫ-АРТЫ ОСЫ ЕМЕС

21-23 қарашада «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде Атырау жол-патрульдік полициясы 547 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Соның ішінде, мас күйде көлік құралын жүргізу - 13, жаяу жүргіншілерге жол бермеу - 26, жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану - 35, жылдамдықты арттыру - 76, куәліксіз жүргізу – 12. 28 көлік айыппұл тұрағына жіберілді.

Е. Биғамбаевтың айтуынша, бұл жыл басынан бері жол бойында жүргізіліп жатқан алғашқы іс-шара емес, мұндай шаралар үнемі өткізіліп тұрады.



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

26 қараша 2019, 14:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.