Атырау, 24 сәуір 08:30
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Cұлулықтың да сұрауы бар. Атырау аруларының хикаялары

Сурет
5 649 просмотра


Сұлулық стандарттары, сенімсіздікпен күрес, forfun-ға қатысу. Сұлулық сайыстарында бас жүлдені жеңіп алған атыраулық арулар қазір немен айналысады?

Жасөспірім кезеңде әр бойжеткен сұлулық байқауында жеңіске жетуді армандайтын шығар. Шаштарың толқындала төгіліп, айрықша сәнді көйлекпен сахнада тұрғанда қошеметпен және салтанатты әуенмен жеңімпаздың алқызыл лентасын тағып, басыңа жарқыраған тәжді кигізеді. Ал сен күлімдеп, жүзіңе түскен жарыққа сығырая қарап, жеңіске жеткеніңе сене алмай, қуаныштан көз жасыңа ерік бересің.

Осындай сайыстарда жеңіске жеткеннен кейін арулардың өмірі қалай өзгеретінін білгім келетін. Сол үшін Google-дің көмегімен «Атырау аруы» байқауының барлық жеңімпаздарының тізімін жасап, олардан түрлі естеліктерімен бөлісуді және қазір немен айналысып жатқандарын әңгімелеп беруді өтінген едім.

Айта кету керек, Интернетте 2009 жылға дейін байқауларға қатысқан арулар туралы ақпарат жоқ екен. Сондықтан, іздеп тапқан және ұсынысыма бірден жауап берген бірнеше арудың хикаялары туралы оқырмандар назарына ұсынамын.



Марианна ХАДЖАМОВА, «Атырау аруы-2009»:

- Әлі есімде, сол кезде «ДиАл» модель мектебіне кастинг жарияланғаны туралы жарнамалар көп болды. Бұл он бірінші сыныпты тәмамдап қалған кезім, өзіме тым сенімсіз едім. Бірақ неге бағымды сынап көрмеске деп, қатысуға бел будым. Кастингте жүру мәнерімді көрсетіп, сұрақтарға жауап берген кезде қатты толқыдым! Бірақ іріктеуден өттім. Бір ай осы мектептен дәріс алдым, содан кейін маған «Атырау аруы-2009» байқауына қатысуға ұсыныс жасады.

Ұзақ ойландым, өйткені байқауға қатысу үшін көйлек, туфли және тағы басқа көп нәрселерді сатып алу қажет еді. Ал отбасымызда ақшамыз аз болатын. Бірақ анам маған қолдау көрсетіп, келісімін берді.

Байқауға әзірлік барысында көп дайындалдық, қалай жүруді, билеуді үйретті, фотосессияларға қатыстық. Ешқандай бәсекелестік болмады, бәріміз достық пейілде, жақсы қарым-қатынаста болдық, дайындықтардан кейін жиі серуендейтінбіз. Кейіннен кейбіріміздің қарым-қатынасымыз достыққа ұласты.

- Байқау барысында толқыған шығарсыз, оны қалай жеңдіңіз?

- Сахнаға шығар алдында толқитынмын, ал сахнаға шыққан кезде ғайып болып, болып жатқан нәрседен ләззат алатын едім. Мұны сөзбен жеткізу мүмкін емес.


- Осыншама аруларды басып озып, басты атаққа ие болғанда не сезіндіңіз?

- Күтпеген едім. Қатты әсерлендім, бақытқа кенеліп, көзіме жас алып, керемет сезімге бөлендім! Залда көрермендердің қошеметпен қол шапалақтап жатқанын естідім, алайда мұнда менің қолдау тобым жоқ-ты. Қатты ұялғасын ешкімді, тіпті анамды да шақырған жоқпын. Бейтаныс адамдардың қолдауын сезінген керемет екен. Сол сәтте қазылар алқасының пікірі көрермендердің пікірімен сәйкес келгенін түсіндім. Бұл мен үшін ең керемет марапат болды!


- Сіздің ойыңызша сұлу қыз қандай болуы керек?

- Қыз бала шынайы, ақкөңіл, жарқын мінезді болуы тиіс деп санаймын. Көздері «жанып тұруы» тиіс. Қыздардың бәрі сұлу ғой, тек сол сұлулықты айқындай білу керек. Өзім өте қарапайыммын, бәлкім, мені басқа «арулардан» ерекшелейтін қасиет осы шығар.

Мені бұл атақты сатып алған деген әңгімелер айтылып жүрді. Оны қай ақшама сатып алайын?! Ол кезде, тіпті, көйлек сатып алуға да ақшам жоқ еді.

Байқау аяқталғаннан кейін өз өмірімді бимен байланыстырдым. «StepMove» заманауи билер студиясында дәріс бердім. Атырауда шәкірттерімнің қатысуымен жиі концерттер өткізіп тұрдық. Содан кейін Қырымға көшіп кеттік. Сол жақта «Босиком» еркін би студиясында сабақ бердім. Көптеген сұлулық байқауларына қатысып, бірінші және екінші орындар иелендім. Мысалы, 2015 жылы «Жемчужина чёрного моря-2015» атты сұлулық байқауында Қазақстанның намысын қорғап, екінші орын иелендім.


Қатысудың артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары: өзіңе сенімді бола бастайсың, жаңа таныстар пайда болады. Әрқашан биіктен көрініп, үздік болуға тырысасың, күнделікті өмірде шынығасың. Бұл көп көмегін тигізеді.

Кемшіліктері: жеңіске жетпеген кейбір қыздар көз жастарын төгіп, өмір осымен аяқталып қалғандай тұйықталып кетеді. Оларға мұның бәрін жүректеріне жақын алмай, жеңіл қарау керек дегім келеді.



Азиза ФУРМАНЮК, «Краса Атырау-2010»:

Бала кезімде әдемімін бе деп, сырт келбетімді бағалаған емеспін. Менің ұғымымда сұлулар тек ертегілерде немесе жұлдыздар туралы журналдарда өмір сүретін. Айналадағы адамдарды мейірімді және қатыгез деген өлшемдермен бағаладым. Жасөспірім кезімде өзімді көріксізбін деп сезінетінмін. Өйткені тым жүдеу едім. Оның үстіне өзімнен ірі немере әпкемнің қолпылдаған киімдерін киетінмін. Ал құрдастарым әдемі киім киген сыныптас қыздарға қызығушылық танытатын. Міне, сыртқы және ішкі әлемнің арасындағы байланыс осындай еді.

17 жасымда аяқ астынан өзімнің тартымды екенімді сезіндім, әп-сәтте өзімді әлемге танытқым келді. Сөйтіп, өзім оқыған жоғарғы оқу орнындағы сұлулық байқауына қатысуға бел будым. Бірақ бұл ниетім курстас құрбыларыммен арамызға жақсы әсер етпеді, сөйтіп бұл ойымнан айныдым. Мен үшін достық одан да маңызды еді. Бірақ дәл сол кезде «Краса Атырау-2010» байқауына қатысуға іріктеу жүріп жатты. Ол жерде қатысушылардың барлығына лайықты сыйлықтар беруге уәде етті және бейтаныс қыздармен бәсекелесу психологиялық тұрғыдан оңайырақ болды. Сөйтіп бірінші орынға үміттенбестен, forfun байқауына қатыспақ болдым.

Байқау «Атырау аруының» баламасы болатын және оны «ДиАл» агенттігі ұйымдастырды. Менің білуімше, бұған дейін бұл агенттік мұндай шаралар ұйымдастырмаған. Дайындық ұзаққа созылмады, хореограф Гүлсина Байкенова бізге дәріс берді. Өте көңілді еді, өзімізді хореграфиядан жеке дәріс алып жүргендей сезіндік. Дәл байқау болатын күні көрермендер залға тола бастаған кезде толқу пайда болды. Алайда олардың қатарында отырған туыстарымыз бен жақындарымыз бұл сезімді жеңуге көмектесті.


Жеңімпазды, яғни, менің есімімді жариялаған кезде қатты таң қалдым. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені бұған қызық үшін, жұбаныш сыйлықтарын алу мақсатында ғана қатысқанмын. Тіпті жеңімпаз атанамын деп еш ойлаған жоқпын.

Содан кейін Қытайда өтетін келесі сайысқа қатысамын-ау деген қуанышым мен үмітім алға қарай жетеледі.

- Сұлулық туралы түсінік - белгілі бір параметрлер мен стандарттарға қарамастан, абсолют ұғым емес. Сіздің жеке пікіріңізше сұлу қыз қандай болуы керек? Қандай қасиеттері болуы керек, сізде осындай қасиеттер бар ма?

- Меніңше, басқалардың көз алдында әдемі көріну үшін өзіңе деген сенімділігің, жақсы талғамың болғаны, әзілдесе білуің өте маңызды.

Әзілдесе білетін, өзіне сенімді қызды басқалар автоматты түрде әдемі адам ретінде қабылдайды. Егер ол тәнімен және ойымен үйлесімде болса, бұл адамның сырт келбетінен көрініп тұрады.


Аса жағымсыз естеліктер жоқ. Егер қызым болса, ол өз қалауын білдірмесе, оның мұндай жарыстарға қатысқанын қаламас едім. Ал егер қатысатын болса, онда бұл байқауды қандай шарттарда және қандай адамдардың өткізетіндігіне назар аударар едім.

Байқауға қатысқаным менің қазіргі жұмысыма әсер еткен жоқ. Өзім сауда-саттық саласында жұмыс істеймін.


Артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары: мол тәжірибе, хореография дәрістері, өзін көрсету сабақтары, жаңа таныстар және көпшілік алдында өнер көрсету.

Кемшіліктері: Сезіну шығар. Меніңше, байқауларда сұлулық субъективті өлшемдермен өлшенеді. Сұлулық деген алуан түрлі және әрбір қыз өзінше әдемі. Сондықтан байқаудың өзі әділ немесе объективті бола алмайды.



Екатерина ГЕННЕБЕРГ-КИМ, «Атырау аруы-2011»

Мені байқауға ұйымдастырушылардың өздері шақырды. Сол кезде мен «Кішкентай Атырау аруы» байқауы өтіп жатқан балалар ойын-сауық орталығында жұмыс істеп жүрдім. Қолғабыс етіп, көзге түскенмін ғой, мені қатысуға шақырды. Атаққа ұмтылған жоқпын, қызық үшін ғана келістім.

Дайындықтар еміс-еміс есімде, ол кезде университте оқып жүрдім. Сабағым, жұмысым, байқауға әзірліктердің бәрі қабаттасып кетті. Бірақ ешқандай толқу болмағанын нақты білемін.


- Соншама сұлу қыздарды басып озып, тәж кигенде не сезіндіңіз?

- Залда менің үлкен қолдау тобым - туыстарым, достарым, мен тәжірибеден өткен мектептің оқушылары, интернат тәрбиеленушілері (олардың қатысуымен менің шығармашылық нөмірім болды) қатысып отырды. Менен гөрі солар көбірек уайымдады, жеңімпазды жариялаған кезде залдың іші солардың қуанышты айқайы мен қошеметке тұнып кетті. Жеңіс сәтінде қатты толқыдым, айналам у-шуға толды.


Меніңше сұлулық стандарттары - негізінен өте тартымды пин-ап модельдер. Сұлу қыз осындай болуы керек деп нақты айтуға болмайды, өйткені жер шарында әйелдер өте көп және бәрі де өзінше әдемі.

Ең бастысы, сұлу әйел суық және қуыс кеуде болмауы керек. Үй әдемі, бірақ ішінде жылу жоқ деген сияқты ғой. Менің ойымша, өзіңнің бірегей екеніңді қабылдау өте маңызды. Ерінді үлкейтіп, қабақтың, жақ сүйектерінің, мұрынның пішінін өзгертіп, инста-бикештер секілді келбетті түрлі етіп өзгертуге тырысудың керегі жоқ.

Жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері де маңызды. Адамның қалай сөйлегені де мен үшін өте маңызды. Кейде ең әдемі адамның өзі сөйлей бастағанда, оған деген пікірің өзгеріп сала береді. Әрине, өзіңді дамытып, өз-өзіңді бағалай білу керек.


Байқауға қатысу бүкіл өмірімді өзгертті. Менің қазіргі жұмысыма да әсері болды.

Байқаудан кейін ұзақ уақыт бойы модель бизнесіне байланысты нәрселердің барлығынан бойымды аулақ салып жүрдім. Бірақ бәрібір сол салаға келдім ғой. Қазір менің негізгі жұмысымнан бөлек бірнеше жобаларым модельдік салаға байланысты. Қазір Flashmodels модель мектебінің директорымын. Сол жерде этикетті үйретемін. Бұдан басқа, ұйымдастырушылар өтінсе, түсірілімдерге, промо- және хостес-жобаларға қатысамын.


Артықшылықтары мен кемшіліктері 

Артықшылықтары: ең алдымен, бұл ұмытылмас тәжірибе, жаңа таныстар, жаңа орындар, жеңістен кейін республикалық байқауларға қатысып, жеке және модельдік дағдыларымды жетілдірдім. Өте қызықты жобаларды, жұмыстарды ұсынды.

Кемшіліктері: өз басыма шамадан тыс назар аударды. Әсіресе, байқаудан кейін барлық жерде лентаны киіп жүру керек болды. Кейде келеңсіз, жағымсыз жағдайлар да орын алды, мүмкін, бұл қызғаныштан туындайтын шығар? Сондықтан жүйкесі мықты, өздеріне сенімді қыздарға қатысуға кеңес беремін, әйтпесе кейбір адамдар өздерінің теріс әрекеттерімен, жаныңды жаралап жібереді.



Назерке ФАЙЗУЛЛИНА, «Атырау аруы-2013»


Бала кезімде өте ұялшақ болдым, сол үшін ата-анам мені әр түрлі би, теннис, сурет салу секцияларына апаратын. Бір күні әпкем «Кішкентай Атырау аруы 2007» байқауына кастинг жарияланғаны туралы хабарландыруды көріп, мені соған апарды. Бәрі осыдан басталды.

Сахна маған ашылуыма, көпшілік алдындағы қорқынышымды жеңуге көмектесті, менің өзіме деген сенімім артты. 8 жасымда алғашқы «Кішкентай Атырау аруы-2007», кейінірек - «Кішкентай Қазақстан аруы-2009» атағын алдым.


«Атырау аруына» дайындық 2010 жылы басталды. Модель мектебіне баруды, бимен айналысып, тіл үйреніп, тенниске баруды жалғастырдым, көпшілік алдында сөйлеу тәжірибем пайда болды. Осының бәрі 2013 жылы жеңіске жетуіме септігін тигізді..

Негізгі атаққа ие болғанда, ең алдымен өз-өзімді танытқанымды сезіндім. Ұзақ еңбектене жүріп, мақсатыма жеттім. Әр жаңа жылда және туған күнімде тілеген арманым орындалды. Бақытымда шек болмады.


- Сіздіңше әдемі қыз қандай болуы керек?

- Мен үшін бірінші кезекте ішкі сұлулық маңызды, бірақ байқауда мұнымен шектелуге болмайды. Әдемі жүре білуің, өзіңді лайықты көрсетуің қажет, өз ойыңды әдемі жеткізіп, жан-жақты болуың керек.

- Жағымсыз естелігің бар ма?

- Иә, бар, бірақ өткенді еске түсіргім келмейді. Мен бұдан жақсы сабақ алдым.

- Байқауға қатысу қазіргі жұмысыңызға әсер етті ме? Айтпақшы, өміріңізді немен байланыстырдыңыз?

- Тұрмысқа шықтым, қызым бар. Менің хоббиім бет әрлеу. Қыздарды сұлу қылған ұнайды (жымиды).


Артықшылықтары мен кемшіліктері

Артықшылықтары: байқау қатысушыларды ұялшақтықтан арылтады, өзін-өзі бағалауға үйретеді және қайырымдылыққа дағдыландырады.

Кемшіліктері: қатысушыларды 15 жастан бастап іріктейді! Байқау шеңберіндегі көптеген іс-шаралар +21 жастағылар баратын түнгі сауық орындарында өткізілді. Ал сол кезде мен небәрі 16 жаста едім.


Анастасия АЛЮШИНА

Суреттер ашық дереккөздерден алынды

26 қазан 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.