Атырау, 20 сәуір 11:17
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Екі үйге бір жер тар болады

Сурет
4 645 просмотра


Жыл басынан бері Атырау қалалық сотында екі талапкердің бір жер учаскесіне таласуы бойынша 5 шағым қаралған. Соттасып жатқандардың көпшілігінде кезегімен белгіленген жер учаскесіне шешім күтіп отырған кезде бұл аумақ басқа біреудің иелігінде болып шыққан. Осындай түсініксіз жағдайға қала тұрғыны Ақмарал УАХИТОВА тап болыпты.

ҚУАНУҒА ЕРТЕ ЕДІ

- 2005 жылы Атырау қаласы бойынша жер кезегіне тіркелген болатынмын. 2012 жылы маған қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі Нұрсая ықшамауданынан маған жер учаскесі бөлінгенін айтып хабарласты. Құжаттарымды жинаған соң, БТИ мамандары жерімнің төрт бұрышын белгілеп, қазығын қағып, жерге орналастыру жобасын дайындап, 2013 жылы жердің маған берілетіні жөнінде комиссияның оң қорытындысын шығарды,- дейді А. Уахитова. - Сөйтіп, барлық құжаттарды қалалық жер қатынастары бөліміне тапсырдым. Алайда, ондағылар қазір мораторий болып жатыр деп, ең соңғы құжат - әкімнің шешімі кейінге шегерілгенін жеткізді.

 

ҚР Жер Кодексінің 43 бап, 7 тармағы:
«Әкімдіктің тиiстi уәкiлеттi органы бекiткен жерге орналастыру жобасы және жер комиссиясының оң қорытындысы келiп түскен кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде әкім жер учаскесiне құқық беру туралы шешiмдi қабылдайды».       

Мораторий да алынар, бұл жер бәрібір өзінікі екеніне сенімді болған Ақмарал (бәрі заңды ресімделген, тек әкімнің қолы керек) 2014 жылы жер учаскесін қоршап, ішіне контейнер қойып, құрылыс материалдарын төктіріпті. Көршілерімен де танысып, араласып кеткен.

- Өткен жылы жерімді қарауға барғанымда көршілер мына жерге басқа адамдардың келіп жүргенін айтты. Көп ұзамай «менде жердің шешімі бар, құрылыс материалдарыңызды жинап алыңыз» деп телефон соқты. Сонда бұл қалай болғаны?- деп ренжиді Ақмарал.

Содан кейін сот процесі басталып, қалалық сот бұл жер учаскесін қарсыласының пайдасына шешілді. Өйткені екінші тарап жер кезегіне Уахитованың 2 жыл бұрын 2003 жылы тіркелген. Ал жер кезекпен берілуі тиіс.


МӘСЕЛЕ ҚАЙДА ЖАТЫР

Бір адамға комиссия шешімі шыққан жер учаскесін екінші адамға тағы рәсімдеуді қалай түсіндіруге болады? Бұл сұрақты Атырау қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Наурызбек ҚҰМАРОВҚА қойдық. Бөлім басшысы бұл менің кезеңімде жасалған қателік емес, сол кездегі қала басшылығының шикілігі деп түсіндірді. Оның айтуынша, барлығы 2012 жылдың басында қала әкімдігінің бюджеттік мекеме қызметкерлеріне, мұғалімдерге, көп балалы аналарға, ішкі істер органы қызметкерлеріне және мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетімдерге кезексіз жер беруге шешім шығаруынан басталған. Құмаровтың айтуынша, бұл Жер кодексі талаптарын өрескел бұзу, өйткені кезексіз жерді тек Ұлы Отан соғысы ардагерлері ғана ала алады. Осыдан кейін жеңілдік санатына енгендер облыс пен қала әкімдері ауысқанға дейін жер ала бастады. Жаңа басшылық келген соң заңсыз жеңілдікпен жер беру тоқтатылды. 

Содан кейін қалада тек коммуникация тартылған жер учаскелерін ғана беру туралы шешім қабылданып, жер беру уақытша тоқтатылды. Тек өткен жылдан бастап кезек қозғалды. Құмаровтың айтуынша, биыл қарашада 2005 жылы кезекке тұрғандарға ретімен жер беріле бастайды. Енді Ақмарал кезегінің тез келуін тілейтін шығар.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

9 қазан 2019, 11:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.