Атырау, 24 сәуір 11:11
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Атырау енді көгорайға орана ма?

3 245 просмотра


«Атырауда қаладағы ауа сапасын тексеретін, құрамына экология департаменті, «Қазгидромет», ұлттық экспертиза орталығы және Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері бар тұрақты мобильдік топ жұмыс жасайды. Ол қала тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар бойынша өлшеу жұмыстарын жүргізеді»,- деп хабарлады брифингте басқарма басшысы Қадыржан АРЫСТАН. Ол, сондай-ақ, мұнайлы астананы көгалдандыруда ұйымдастырушылық өзгерістер болатынын айтты, мүмкін жаңаша бағыт өткен жылдарға қарағанда жақсы нәтиже берер.

Оның айтуынша, өткен жылы құны 64 млн теңге тұратын экологиялық зертхана алынған, алайда рұқсат тек жақында қолға тиіп, облыс әкімінің қаулысына сәйкес зертхана Экология департаментіне пайдалануға берілді. Тосын оқиға болған жағдайда өлшеу жұмыстарын жүргізуге арналған барлық жабдығы бар.

- Қазіргі уақытта Тайсойған полигонының қайтарылған 624 мың гектарына экологиялық экспертиза жүргізілуде – оның құны 30 млн теңге шамасында. Жұмыстар биыл аяқталады. Қорытындысы бойынша ол жердің шаруашылық жүргізуге жарамды-жарамсыздығы анықталады, - деді Арыстан.

Соңғы уақытта үлкен талқыға түсіп жүрген Жайық өзенінің жағдайы да брифингте қозғалды – соңғы деректерге сәйкес, өзен жағасындағы орманның 25 пайызы қурап қалған, жер асты суларының деңгейі де түсіп кеткен.

- Жайықта судың төмендеуі 2006 жылдан басталды. Биыл жылдағы көлемнен екі есе аз су келді. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі - Атырауға жерасты таза суын жеткізуге арналған Көкжиде жобасы. Оны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 3 жыл мерзімге 1 млрд 161 млн теңге бөлінетін болды. Осы соманың 300 млн теңгесі биыл бөлініп, тендерді ақтөбелік «Ақпан» ЖШС ұтып алып, кен орнын қайта есептеу бойынша жұмысты бастап кетті. Жұмыстар аяқталған соң, техникалық-экономикалық негіздеме, кейін ЖСҚ жасалады. Осылайша Атырауға тұщы су жеткізу бара-бара шындыққа айналады деп сенеміз. Болашақта қуаты тәулігіне 700 мың текше метрге жетеді деп болжануда.

Басқарма басшысы Атырау қаласын көгалдандыру бойынша  жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4,7 млрд теңге бөлініп, жұмыстар 5 жылға есептелген.

- Бұрын қала әкімдігінің көгалдандыруға жылына бөлінетін ақшасына конкурс жарияланып, ұтып алған фирма 1 жылдық жұмысын жасап, кетіп қалатын, яғни, артынан жауапкершілік алмайтын. Биыл еккен терек келесі жылы шыға ма, шықпай ма – нәтижесі белгісіз болып қалатын. Енді МЖӘ аясында бұл жұмыстар 5 жыл бойы жүргізіледі: 2019 жылға жоспарланған 870 млн теңгенің жұмысы бар. Оның 70 миллионы гүлдер мен ағаштардың құны. Егер осы ақшаға егілген теректер келесі жылы шықпаса, онда шығымдылығына қарай қаражат көлемі жылдан-жылға кеми береді. Осындай тәртіпте жұмыс жасауды барлық аудандарда да енгізуді жоспарлап отырмыз. Қаладағы жұмыстардың мердігері ретінде «Костанайдормостстрой» ЖШС танылып, біздің басқарма мен қалалық ТКШ бір тараптан үшжақты келісім жасалды, - деп хабарлады Қ.Арыстан.

Оның айтуынша, Атырау қаласының жасыл белдеуін құру үшін 2017 жылдың қарашасында арнайы «Атырау орман» мекемесі құрылды. Осы мекеме Қарабатан тас жолының бойында жасыл белдеу тарту жұмыстарымен айналысады.

- Мұнай өндіруші мекемелермен келіссөздер жүргізілуде, себебі, олар табиғатқа ірі зиян келтіріп отыр, - деді басқарма басшысы.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА  

8 қазан 2019, 11:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.