Атырау, 29 наурыз 06:46
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

"Өте ұят шешім": Қазақстан Левиттің жекпе-жегіне қатысты AIBA-ға хат жолдады

2 853 просмотра


Қазақстан бокс федерациясы АІВА президенті міндетін уақытша атқарушы Мұхаммед Мустасанға хат жолдады. Хатты Ұлттық олимпиада комитеті жариялады.  

Қазақстандық тарап Ресейдегі әлем чемпионатының жартылай финалында Василий Левит пен эквадорлық боксшы арасында өткен жекпе-жектің нәтижесіне күмән келтіріп, түсінік беруді сұрады. 

"Іріктеу айналымдарында төрешілердің бірнеше рет күмәнді шешім қабылдағанына куә болдық. Ал әлем біріншілігінің жартылай финалындағы 91 келідегі қазақстандық Василий Левит пен эквадорлық Хулио Цезарь Кастилльо Торрес арасындағы кездесудің шешімі тіпті ақылға қонбайды", - делінген ҚФБ атқарушы директоры Бекжан Бектеновтің хатында.

Ол аталған жекпе-жекті тамашалаған қазақстандық сарапшылардан бөлек, Олег Саитов, Алексей Тищенко, Егор Мехонцев және Григорий Дрозд сынды шетелдік мамандарың өзі бұл сында Василий Левиттің жеңіске жеткеніне сенімді екенін атап өткен.

"Үш раунд бойы қазақстандық боксшысының басым болғанын көзі қарақты жанкүйердің бәрі байқады. Алайда АІВА төрешілері неліктен мұндай шешім қабылдағандарын түсіндірген жоқ. АҚШ, Оңтүстік Корея және Угандадан келген үш төреші жеңісті эквадорлық боксшыға берген. Тіпті, Оңтүстік Кореялық төреші Левиттің қарсыласына 30:27 есебімен жеңісті берген!", - деп жазылған құжатта.  

Трибунадан тамашалаған жанкүйерлерге кездесу толықтай көрінбеуі мүмкін, бірақ сарапшылар телевизиялық және интернет көрсетілім арқылы жекпе-жекті қайта қарап, Левитті жеңімпаз деп танып отыр.

Сондай-ақ хатта Левиттің бапкерлері неліктен наразылық білдіріп, шешімді қайта қаруға қол жеткізе алмағаны түсіндірілген.

"Жаңа ережеге сәйкес, бапкерлердің шағым түсіріп, төрешілер шешімін қайта қарауға мүмкіндік бар. Бірақ эквадорлық боксшының қолын көтергенде өз көзіне сенбеген жаттықтырушылар эмоцияға ерік беріп, шаршы алаңнан кетіп қалған. Бірнеше секундтан соң шағым беруге келген бапкерді төрешілер алқасы қабылдамай қойды", - дейді Бектенов.

Ол сондай-ақ Василий Левитке Рио Олимпиадасында да қиянат жасалғанын еске салды.

"Рио Олимпиадасындағы Евгений Тищенко мен Василий Левит арасындағы жекпе-жек есіңізде шығар?! Төрешілердің өте ұят шешім қабылдағаны бокс мәртебесіне сызат түсіріп, аталған кездесуді бүкіл әлем талқылаған болатын. Осыдан соң АІВА тұтастай реформа жасап, төрешілерді қайта қарайтынын, жемқорлықтың жолын жабатынын мәлімдеген еді. Алайда, Екатеринбургтегі әлемдік сында АІВА бұл уәдесінде тұрмады", - делінген хатта.

Қазақстан ұзақ жылдар бойы АІВА бастамаларын қолдап, тіпті, үздік федерация атанды.

"Бүгін, финалдық бәсекелер қарсаңында сізден әділ әрі таза төрешлікті қамтамасыз етуді сұраймыз. Әлем чемпионаты аяқталған соң Қазақстан бокс федерациясы АІВА жарыстарындағы төрешілікке қатысты ресми түсінік беруді және Сізден қандай шаралар қабылданғанын жеткізуді сұрайды", - деп түйіндеді Бекжан Бектенов. 

Дереккөз: Sputniknews.kz

22 қыркүйек 2019, 10:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.