Атырау, 18 сәуір 09:25
 ашықВ Атырау +28
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Атырау жағажайлары: 2019-дың "салқын" жазы

Сурет
4 064 просмотра


Соңғы бірнеше жылда Атырауда толыққанды жағажай инфрақұрылымын дамыту ешкімнің қолынан келмеді.  «Ақ Жайық» жағажай бизнесінің қыр-сырын тағы бір рет зерделеп, кәсіпкерлерден одан қалай табыс табуға болатындығын білуді ұйғарған еді.

ИНВЕСТОРЛАР ҚАЖЕТ

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бүгінде облыс орталығында жеті жағажай бар. Оның алтауы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансында. Бір жағажай Геолог ауылдық округінің қарамағына берілген. Алайда мұнайлы астананың тұрғындары көп баратын жағажайлары – «Атырау» ДСК жанындағы орталық жағажай және Жилгородок аумағындағы «Малибу» жағажайы.

Біріншісі 2017 жылдың наурыз айында тендер арқылы «Сәрсекен» ЖК-ге кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға бес жыл мерзімге берілген еді. Алайда 2018 жылдың аяғында кәсіпкермен жасалған келісімшарт оның талаптары орындалмағандықтан тоқтатылды.

Халық арасында «Малибу» деп аталған және 2017 жылдың наурызынан бері «Мустафина» ЖК-ге сенімгерлік басқаруында болған екінші жағажайға қатысты да осындай жағдай болды. Онымен жасалған келісімшарт та тендер талаптарының орындалмауына байланысты бұзылды.

Танымал екі жағажай иесіз қалғаннан кейін, Атырау әкімдігі бір қарағанда қарапайым көрінетін бизнеске қаржы салуға әзір кәсіпкерді табу мақсатында бірнеше рет конкурстар өткізді. Алайда оны біраз уақытқа дейін таба алмады.

Өткен жылдың күзінде Азаматтық кеңеспен болған кездесуде Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы болашақ инвесторлар үшін тартымды шарттарды жариялады. Солардың бірі – жалға беру мерзімін 5 жылдан 15 жылға дейін ұзарту.

- 20 жылға да бере аламын. Ең бастысы –қаржы салып, жағажайды  ретке келтіруі тиіс. 5 жылға кім келіседі? Бұл өте аз уақыт. Ал ұзақ мерзім берілсе, кәсіпкер өз бизнесін дамытуға, жағажай аумағын жақсартуға ынталанады. Мысалы, балық мейрамханасын немесе басқа нәрселер салуға болады. Қазір бізде 7 жағажай бар, егер кемінде 5-еуі ретке келтірілсе, мұның өзі де көрсеткіш, - деп түсіндірді Ә. Құттымұратұлы.


ҚҰМДЫ САТЫП АЛАДЫ, АЛ ОЛ ШАЙЫЛЫП КЕТЕДІ


«Атырау» ДСК жанындағы орталық жағажайдың бұрынғы иесі, «Сәрсекен» ЖК басшысы Жанар Нұрбаеваның айтуынша, 5 жыл шынымен де өте қысқа уақыт екен.

- Бұл уақыт ішінде кеткен шығындардың есесін қайтара алмайсың, - дейді Ж.Нұрбаева. - Мысалы, сол кезде бір КамАЗ ПГС құмы 50 мың теңге шамасында болды. Бүкіл жағажайды құммен толтыру үшін бір КамАЗ жеткіліксіз, бірнешеуі қажет болады. Бірақ бұл мөлшер де ұзақ уақытқа жетпейді, өйткені оның көп бөлігі ағыспен шайылып кетеді немесе желмен ұшады.

Қызметкерлердің жалақысын төлеу де көп шығынды қажет етеді екен.

- Жағажай «Сәрсекен» ЖК-нің сенімгерлік басқаруында болған кезде, бізде төрт құтқарушы жұмыс істеді. Олардың әрқайсысы өз қызметтері үшін ай сайын 100 мың теңгеден астам ақша сұрады. Тазалаушы әйел де осындай мөлшерде талап етті. Коммуналдық төлемдерді өтеуге қанша ақша жұмсалды! Жалпы, бұл тиімсіз бизнес, дегенмен көп адамдар бізді осыдан көп табыс тапты деп ойлайды. Егер билік тарапынан қолдау болса, жеңіл болар еді.

Айтпақшы, мен таныс кәсіпкерге әзілдеп, келесі жылы жағажайларды қолға алуды ұсынған едім, ол маған былай деп жауап берді:

- Бізде жағажайлармен жұмыс жасау тиімсіз, өйткені маусым 2 айға созылады. Жағажайларды қалалық билік бюджет қаражатының есебінен күтіп ұстауы тиіс, ал жазда кафелер мен басқаларын кәсіпкерлерге жалға беруі керек. Жыл бойына екі ай үшін ешкім де бұл жағажайларды өз есебінен ұстауға келіспейді.

Ал Жанармен тілдескеннен кейін оның жасалған келісімшарттың бұзылғанына, енді бұл ауыртпалықты басқа адамның көтеретіндігіне ол тіпті қуанғандай сезілді. Айтпақшы, осы адам туралы әңгіме қозғайық.


ЖАҒАЖАЙ ТОЛЫҚ ДАЙЫН БОЛМАДЫ

Жалға беру шарттары өзгергеннен кейін, «Атырау» ДСК жанындағы орталық жағажайын «Евразия» Кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС иеленді. Оған бұл жағажай 2019 жылдың көктемінде өткен соңғы тендер шарттары бойынша 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді.

Жағажайды жақсартудағы алғашқы тәжірибесі туралы осы ЖШС басшысы Әлімжан С. әңгімелеп берді.

- Биыл жұмысқа баяу кірістік деуге болады. Тендер кешігіп өткізілді, жағажайды осы жылдың 15 маусымында басталған шомылу маусымына дұрыстап дайындауға бәрібір үлгермейтін едік. Бірақ демалушылар үшін оңтайлы жағдай жасауға тырыстық. Жағажайды биодәретханамен жабдықтадық, құм төктік, құтқарушылар жалдадық.

Әңгіме барысында Әлімжанның Ақтөбе қаласындағы жағажайды абаттандыру жұмыстарымен де айналысатыны белгілі болды. «АЖ» тілшісі одан екі қалаға салыстырмалы талдау жүргізуді өтінді.

- Жағажайдың маңызды атрибуты - құмнан бастайық. Атырауда топырақ сазды, ал Ақтөбеде басқаша – су айдындарының көпшілігінің түбі мен жағалары құмды. Сондықтан біз Ақтөбеде Атырауға қарағанда құмға аз ақша жұмсаймыз. Мысалы, тіркемесі бар бір КамАЗ құм Атырауда 111 мың теңгеге шықты, - деп түсіндірді Әлімжан.

Ол да Жанар Нұрбаева секілді табиғи факторларға тап болған.

- Құм шынымен де ұзақ уақытқа жетпейді. Өзен жағалары жазық, жаңбырдан кейін құмның бәрі өзенге шайылып, содан кейін ағыспен ағып кетеді. Бұл да проблема. Елестетіп көріңізші, егер құмға 2 миллион жұмсасам, содан кейін оларды өзенге ағызып жіберсем, қалай болады? Кім болса да ренжиді ғой, - деп пайымдайды Әлімжан. - Қызметкерлердің жалақысына келетін болсақ, мұнда олар Атыраудың мұнайға бай аймақ екендігін тілге тиек етіп, өз қызметтері үшін 100 мыңнан кем ақша сұрамайды. Ал Ақтөбеде құтқарушылар өз жұмыстары үшін әрі кеткенде 70 мың теңге сұрайды.

Әлімжан «Сәрсекен» ЖК басшысының жалдау мерзіміне қатысты пікірімен де келісті.

- Бес жыл өте аз уақыт, көзді ашып-жұмғанша жалға алу мерзімі де бітіп қалады.

Сұхбаттасушымның айтуынша, қазір «Евразия» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС келесі жылға арналған жағажайдың нобайлық жобасын әзірлей бастаған.

- Біздің жоспарымыздағы ең маңызды нәрсе – биодәретханалардан бас тарту. Келесі жылы жағажайға орталық кәріз жүйесін жүргізіп, душ және басқа да гигиеналық жағдай жасалатын дәретханалар салу мақсатында қалалық әкімдіктің өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұдан басқа, кафе ашу қажет.

Жағажайдың орналасқан жері ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені оның жанында және қарама-қарсы жерде ірі мұнай компаниялары мен облыс әкімдігінің кеңселері орналасқан. Сондықтан менің сұхбаттасушым, біріншіден, қала тұрғындарының жайлы демалуы үшін барлық жағдайларды жасауы керек, екіншіден, жағажай аумағына өркениетті көрініс беруі қажет.

Ал әзірге халық ДСК жанындағы үйреншікті жерде шомылып, биодәретханаларды қолданып, құтқарушылардың қырағылығы мен ширақтығына үміт артып отыр. Келесі маусымға дейін аман болайық.

Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді түсірген автор

20 тамыз 2019, 12:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.