Атырау, 29 наурыз 16:47
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Теңіз жаңғырығы: белгісіз біреулер желіге тағы да жалған сурет таратқан

Сурет
7 580 просмотра


Жұмысының рұқсат құжатын жоғалтып алған Жанар АБЛАЕВА мұның әлеуметтік желілерде сұмдық жағдайға ұласатынын білмеген еді.  Енді ол прокуратураның, полицияның және соттың көмегімен өзі туралы жалған өсек-аяң таратып жіберген интернет пайдаланушыларды жауапқа тартуға әзір.

ҚҰЖАТТЫ «ФОТОМОНТАЖ» ҮШІН ҚОЛДАНҒАН

Жанар 1300 адам, соның ішінде 150 шетелдік еңбек ететін «Кентек Казахстан Техникал Сервисез» компаниясында кадрлық қызмет басшысы (кеңсесі Атырауда) болып жұмыс істейді.

2 шілдеде ол таяудағы араб жұмысшыларының соққыға жығылуына байланысты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты Теңіз кешеніне барады. Оған жұмысшылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл ахуалдың басқа компанияларға таралып кетпеуіне көз жеткізу қажет болды. Жұмысшылармен жиналыс өткізгеннен кейін ол ТШО өкілдерімен кездесуге бармақ болып кеңседен шыққан кезде, қызметтік рұқсат қағазын түсіріп алады. 15-20 минуттан кейін оны компаниясындағы қауіпсіздік техникасының қызметкерлері әкеліп береді. Құжатты мердігерлердің тауып алғанын, топ арқылы құжат иесін іздей бастағанын айтады. Ол сол кезде мұның қандай жағдайға ұласатын білмеген еді.

…5 шілдеде оның әлеуметтік желідегі аккаунтына достық ұсыныстар мен намысына тиетін комментарийлер, қоқан-лоқылар мен балағат сөздер толып кеткен. Біреулер коллаж жасап, отанындағы әуежайда отбасы күтіп алған иордандықтардың суреттері мен Жанардың рұқсат құжатын, әлдебір азиаттық қызбен порнографиялық сипаттағы суретті және сондай бейнежазбаның скриншотын монтаждапты.

Коллаж «авторы» бұл суреттердің барлығы өзара байланысты екенін, сурет пен бейнежазбадағы азиат қызының Жанар екенін, ал оның серігі иордандық екенін айтады. Шетелдік компанияның 200 қызметкері отыратын вотсап тобына бірінші болып Мақсат есімді жігіт жолдапты.  Жанар Жылыой ауданының тумасы, ол жерде туыстары тұрады. Олар сол Мақсатты тез тауып алып, оның телефон нөмірі мен қайда тұратынын, қайда жұмыс істейтінін біліп алған. Жанардың бауыры одан не үшін бұлай жасағанын сұрағанда, ол ақталып, тек өзіне келген хабарлама мен бейнежазбаны салып жібергенін айтқан.

Алайда заң бойынша мұндай ақпаратты таратқаны үшін де жаза қолданылады. Осындай әрекеті үшін жігіттер оны топтан шығарып тастаған. Келесі күні Мақсат Жанарға қоңырау шалып (шамасы, онымен тергеушілер хабарласқан шығар), оған жұмыссыз екенін, таксист болып, отбасын асырап жүргенін айтып, қысым жасай бастаған, кешірім сұраған. Бірақ өмірде кешіре қою қиын болатын нәрселер болады ғой. Сол күні Жанар прокуратура мен сотқа азаматтық іс жүргізу тәртібімен абыройы мен арына нұқсан келтіргені үшін Мақсат пен жеке басы нақты анықталған тағы бір адамға қатысты шағым түсіреді. Қазір азаматтық іс қозғалып жатыр. Жанардың өзі заңгер. Адвокаттар алқасында достары көп, олар да оған заңгерлік көмек көрсетуде.


ӨТІРІК СҰМДЫҚ БОЛҒАН САЙЫН СЕНІМДІ БОЛАДЫ



Өзіне қоқан-лоқы жасалған алғашқы күні-ақ, Жанар өзінің «ФБ» парақшасына желі қолданушыларынан мұндай жалаға сенбеулерін өтініп, прокуратура мен полицияға жүгінгенін хабарлаған. Оны білетіндердің барлығы оған қолдау көрсетіпті. Бірақ қоқан-лоқы жасап, намысына тиетін сөздер жазуды жалғастырғандар да болған. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайтындықтан Жанар өзіне жазылған балағат сөздер мен агрессияны азайту үшін парақшасына кіру мүмкіндігін шектеп, суреттерін бұғаттап тастайды.

Оның қорғану шарасын да агрессорлар басқаша бағалаған: демек, жасыратын нәрсесі болып тұр ғой деп, оған жазған үстіне жаза береді. Қауесеттер адам танығысыз өзгеріп кеткен. Тіпті, оған Шығыс Қазақстан облысынан қоңырау шалыпты. Ақпарат әбден бұрмаланғаны соншалық, қазақ қызын Түркияда зорлапты немесе ол жаққа секс-турға кетіпті деген сияқты ақпарат тараған екен.

- Тіпті, сурет пен бейнежазбада екі түрлі қыз екеніне қарамастан, ештеңенің мән-жайына бармастан, менің атыма күйе жағып, лайықсыз айыптаулармен намысымды аяқ асты етіп жатыр. Әкемдей адам қоңырау шалып, сен әлі тірі ме едің, сені асылып қалыпты деп естіп едім деді. Адамдарға мұның жала екенін, қылмыстық жаза берілетін іс екенін түсіндіруге тырыстым. 50 хабарламаға жауап бердім, сурет пен бейнежазбадағы қыз бен менің түрлі адамдар екенімізге көз жеткізу үшін сараптама жасауды өтіндім. Тергеушіге барып, өз көздерімен менің тіпті оған ұқсамайтынымды көрулерін сұрадым. Сөз жүзінде уәде бергенмен, ешкім келген жоқ. Бәрі күйеуің бар ма, Теңізде жұмыс жасайсың ба деп сұрайды. Олардың пікірінше, менің Теңіздегі вахталық поселкеде тікелей жұмыс істемейтінім, маған сенуге мүмкіндік берсе, ал тұрмысқа шықпауым мен туралы жаман ойлауға себеп болады екен. Осылайша олар Теңіздегі тұрмыста жоқ қызметкерлердің барлығының ар-намысына нұқсан келтіріп отыр, - деп наразы болады Жанар.


БӨЛІСКЕНІ ҮШІН КІНӘЛІ ЕМЕС ПЕ?

Қазіргі кезде ол уақытында скрин-шот жасап, әлеуметтік желілерде өзіне қарсы жазылған сөздер намысқа тиетін сөздер екенін дәлелдеу үшін филологиялық сараптама жасаумен айналысуда.  Көпшілігі тергеу басталғанын білген соң, өздері жолдаған хабарламаларды жойып жіберуде. Бірақ Жанар өзі туралы жала нәрсені таратып жіберген тұлғалардың анықталуына қарай қылмыстық немесе азаматтық тәртіпте сотқа бермекші. Әлеуметтік желілерде осы ақпаратты теріске шығаруды және моралдық зиянды өтеуді талап етеді.

- Адамдар түскен ақпаратты тексеріп алып, оны таратқаны үшін жауапкершілікте болатынын түсінсе екен деймін. Бәрі де мен бірінші жазған жоқпын ғой дейді. Бірақ егер ол адам хабарламаны өшірмей, оның таралуына мүмкіндік берсе, демек заңды бұзғаны, - дейді Жанар сенімді түрде.  

Атырау облыстық ІІД де Жанар Аблаеваның шағым түсіргенін растады.

- Шағым қабылданды, біз тексеру шараларын жүргіземіз,  – деп жауап берді ПД баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА. – Ол бойынша іс жүргізу шешімі заңда белгіленген мерзімде қабылданады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 шілде 2019, 12:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.