Атырау, 20 сәуір 12:58
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Путин Вашингтонмен қатынасын "қалыпқа келтіруді қалайды"

2 117 просмотра

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 14 мамыр 2019 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ресейге 2020 жылы өтетін президент сайлауына килікпеуді ескертті. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вашингтонның Венесуэлада жаңа үкімет құру ұмтылысын АҚШ-тың Ирактағы әскери кампаниясына теңестірді. Помпео мен Лавров мұндай пікірді 14 мамырда Сочи қаласындағы кездесуден кейінгі бірлескен баспасөз жиынында айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп арнаулы прокурор Роберт Мюллердің зерттеуінен соң Мәскеумен арадағы қатынасты жақсартуға ұмтыла бастады. Мамырдың басында Трамп телефон арқылы Мюллердің зерттеуін Ресей президенті Владимир Путинмен талқылаған.

13 мамырда АҚШ президенті маусым айында Жапонияда өтетін "Үлкен жиырмалықтың" саммитінде Путинмен кездескелі жатқанын айтқан.

14 мамырда Сочиде Помпеомен кездескен Путин "Мәскеу мен Вашингтонның қатынасын толықтай қалыпқа келтіруге үміттенемін. Трамптың да соны қалайтынына сенемін" деді. Путин 2016 жылы өткен АҚШ президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуын зерттеп, Трамп пен жақтастарының мәскеулік шенеуніктермен ықтимал сөз байласуына дәлел таппаған Мюллердің зерттеуіне қатысты пікір білдірді. Ол тергеуге "бейтарап" деп баға берді.

Помпео мен Лавровтың үш сағатқа созылған кездесуінен соң өткен баспасөз жиынында Лавров Мәскеудің Вашингтонмен кездесуге дайын екенін айтты. Бірақ кездесудің жоспарда бар-жоғын айтқан жоқ.

Дереккөз: Азаттық радиосы

 

15 мамыр 2019, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.