Атырау, 18 сәуір 21:39
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Несиесіз той өте ме?

Сурет Бейнежазба
8 318 просмотра


Көктем келе қазақтарда той жасау маусымы басталады. «АЖ» тілшісі адам өміріндегі осынау қуанышты оқиғаға қанша қаржы жұмсалатынын анықтаған еді.

МЕЙРАМХАНА

Үлкен қазақ отбасының ұлы үйленбек ойы бар екенін хабарлаған соң болатын отбасылық «кеңестен» кейін ата-аналар мейрамхана іздей бастайды. Әдетте, оған қойылатын талап жоғары: суретке түсетін аймағы, фуршетке арналған орны және залда үлкен LED-экраны болуы тиіс. Экран неге қажет? Бұл туралы сәл кейінірек әңгімелеймін.

Атырауда тойға мейрамхана жалдау құны қонақтар саны мен ас мәзіріне байланысты 1 миллионнан 6 миллион теңгеге дейінгі аралықта болады. Қонақтар саны 400 деп алайық. Мұнайлы астанада осыдан бес жыл бұрын Назарбаев пен Путин кездескен үлкен мейрамхана кісі басына 15 мың теңге сұрайды. Оны 400-ге көбейтсек, 6 миллионға шығады. Ішімдік, сусындарды өзіңмен бірге алып барасың, бұған шамамен 200 мың теңге ақша кетеді.

Атырау тұрғындарының сұранысына ие мейрамханалардың бірі бір мейман үшін 5 мың теңге алады. Яғни, 400 мейманға 2 миллион теңге жұмсалады.

- Шынымды айтсам, Атырауда тойға ерекше мән береді. Оған той иелері жиған-терген ақшасының бәрін жұмсайды, - дейді той ұйымдастырушы Шолпан ӨТЕМІСОВА. – Той бағдарламасына көзқарастары еркін, ұйымдастырушының ұсынысымен оңай келісе кетеді. Ал басқа өңірлерде той иелеріне бағдарлама ұсынсам, олар – анау болмайды, мынау болмайды, мынадай ән қажет емес деп, әлдебір түсініксіз тыйымдар салады.

- Қалай ойлайсыз, бізде қанша той несиеге жасалады?

- Тоқсан пайызы шығар. Тіпті, ақшасын бөліп төлеуді ұсынатын мейрамханалар да пайда болған. Тойға көп шығындалады, өйткені, той өмір бойы есте қалатындай өтуі тиіс қой.

АСАБА

Мейрамхана шаруасы үйлескен соң, асаба іздеу керек. Бұл – тойда күйеу жігіт пен қалыңдықтан кейінгі негізгі адам. Тойға дейін асабамен тойдың сценарийі мен қонақтар тізімі талқыланады. Жұлдыз-асабаны шақыруға мүмкіндігі бар жандар да бар. Олардың қызметі - 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін, оған ұшу билеті мен мейманхана құнын қосыңыз.


Жергілікті асабалар өз қызметі үшін 200 мың теңге шамасында алады. Ең қымбаты – 300 мың теңге. Бағасы тойдың ерекшелігіне байланысты: халал ма, жоқ па, қандай мейрамхана? Уақыты да әсер етуі мүмкін: тойыңыз мереке күндерімен тұспа тұс келсе, қымбаттау.

- Атырауда той әдетте кешкі сағат тоғызда басталып, түнгі бірде аяқталады. Егер қонақтар тыныш, билеуге, ойындарға қатысуға құлшыныстары жоқ болса, одан бұрын да аяқталуы мүмкін. Көңілсіз той қысқа болады, - дейді жергілікті асабалардың бірі.

- Өз басыма ішімдіксіз, халал тойлар ұнайды. Мұндай тойлар көбейіп келеді, - дейді асаба Роман ДҮЙСЕНАЛИЕВ.

ШАҚЫРУ БИЛЕТТЕРІ

Тартымды безендірілген шақыру билеті кез-келген шараға көңіл-күй сыйлайды. Адресаттың назарын аударып, жылы әсер қалдыру үшін олардың дизайны жарқыраған, сапасы жақсы болуы тиіс. Атырауда шақыру билеттерінің орташа бағасы - 50 теңге. Анағұрлым тартымды дизайнмен жасаған түрлері 300 теңгеден басталады. Ватсап арқылы жолданатын бейнешақыру билетіне тапсырыс беруге болады. Бір бейнежазба – 500 теңге тұрады.

 


ТОЙ КОРТЕЖІ

Қазір «Toyota Camry-55» (сағатына 3 мың теңге), «Toyota Camry-70» (6 мың) және «Toyota Prado» (бұл да 6 мың) сәнге айналған, ал лимузиндерге, бұрынғыдай емес, сұраныс аз. Әдетте қаланы аралау үш сағат уақыт алады. Жас жұбайлар Бейбарыс алаңында, Ретро-паркте, Салтанат сарайының алдында... суретке түседі. Таңдау соншалықты көп болмаса да, 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін беруге тура келеді.


СУРЕТ ЖӘНЕ БЕЙНЕЖАЗБА

Фотограф қызметі 50 мың теңгеден басталады, меймандар мен жас жұбайларды бөлек түсіру үшін екі фотографты да шақыруға болады. Бейнеоператорлардың қызметінің бағасы да осындай. Арнайы кранмен бейнетүсірілім болғанын қаласаңыз, қымбатқа түседі. Бірақ ол үшін мейрамхананың төбесі биік болуы тиіс.

Ал үлкен LED-экран қонақтарға люкс көліктерден құралған той кортежін, күйеу жігіт пен қалыңдықтың вальсін және тойдың камераға түсірілген бөлігін қамтитын монтаждалған love story бейнеролигін көрсету үшін қажет. Жақын танысым екі фотограф, бейнеоператор қызметі және love story үшін 150 мың теңге берген еді.

БИШІЛЕР МЕН МУЗЫКАНТТАР

Бишілерді той салтанатының ең тартымды бөлігі деуге болады. Алдымен олар әуенмен жаңа туыстарды залға кіргізеді, содан кейін жас жұбайлардың жанындағы қосшы бала мен құдаша қызға, содан кейін күйеу жігіт пен қалыңдыққа жол бастайды. «Беташардан» кейін бишілердің сүйемелдеуімен күйеу жігіт, қалыңдық, қосшы бала мен құдаша қыз өз орындарына жайғасады. Бишілердің қызметі 50 мың теңгеден басталып, 200 мың теңгеге дейін барады.

Музыканттардың тойдағы қызметі 30 мың теңгеден басталады.

КҮЙЕУ ЖІГІТ ПЕН ҚАЛЫҢДЫҚТЫҢ ТОЙ КИІМІ

Күйеу жігіттің костюмі 50 мың теңгеден басталады, орташа бағасы – 70 мың теңге. Оған туфли, галстук, белбеуді қосамыз, барлығы 100 мың теңге.

- Өзімнің «Қыз ұзату» тойыма және күйеу жігіттің «Үйлену тойына» көйлектерімді жалға алдым. 400 мың теңге кетті. Екі тойға макияж бен шаш сәндеу - 80 мың теңге. Айтпақшы, 150 мың теңгеге қыздар бастаңғысын ұйымдастырдым. Оны күйеу жігіт төледі, - деп бөлісті Айзада ӨТЕПБЕРГЕНОВА.

ТОЙҒА АРНАЛҒАН ТОРТ

Той салтанатының басты атрибутын, ас мәзірінің маңызды бөлшегін әдетте бірнеше қатар етіп пісіреді. Атырауда тойға арналған үш қатарлы торт 50 мың теңгеден жоғары. Бағасы құрамына да байланысты болады.

 

БАСҚА ШЫҒЫНДАР

Кейбір қонақтар алдарына қойылған бонбоньеркаға қарап, бұл неге керек деп ойлайды. Ішіне бірнеше кәмпит салынған ол кем дегенде 300 теңге тұрады. 400 қонаққа көбейтсек, 120 мың теңге шығады.  Оған қоса әр үстелде жас жұбайлардың есімдері жазылған шоколадтар жатады. Мұндай орама басып шығаратын агенттік бір данасы үшін 350 теңге алады. Оны 400-ке көбейтсек – 140 мың теңге.


Тойдың өз заңы бар: жақсы билесеңіз – сыйлық аласыз. 400 мейманға арналған сыйлықтар шамамен 300 мың теңгеге шығады. Сыйлықтар шарфтар, ойыншықтар, қол кремі, үтік, қысқа толқынды пеш және т.б. болуы мүмкін. Бұдан басқа басты сыйлық болады. Жақында тойлардың бірінде жеңімпазға тірі қоянды сыйға берген еді. Ол қоян салынған торды үстел астына қойып, үстіне киім жауып тастаған екен. Той соңында қоян тұншығып өліп қалыпты.

Құдаларға арналған сыйлықтар – алтын, қымбат жамылғылар, тұрмыстық техника. Әдетте, атыраулықтар аса маңызды меймандар үшін сыйлық алуға Алматыға, Түркістанға, Қорғасқа барады. Қорғас – Алматы облысындағы Қытаймен шекаралас орналасқан үлкен қала-дүкен. Бұл сыйлықтарға әдетте миллион теңгедей ақша жұмсалады.

Кейбір қонақтар ерте келіп (дәлірек айтқанда, шақыру билетінде көрсетілген уақытта келсе), күтіп қалды ма? Оның жарасы жеңіл! Суши, шұжық пен ірімшік, жеміс, шырындар, шоколад бұрқағы қойылған фуршет бар. Жүрек жалғайтын бұл тағам 70 мың теңге шамасында шығады. Фуршет кезінде жас жұбайлардың суреті бар баннердің қасына суретке түсуге болады. Бұған той иелерінің 50 мың теңгесі жұмсалады.

Қазіргі жаңа тренд: еденге жіберілетін ақ түтін мен көпіршіктер. Бұрын мұндайды тек эстрада жұлдыздарының концерттерінен көретін болсақ, қазір қалтаңызда ақшаңыз болса, бәрін де жасауға болады. Мұның бағасы 20 мың теңге.

Айта берсе, әлі де көп. Ал жалпы қазақтың «орташа» тойы 5 миллион теңге тұрады. Мұндай ақша кез-келген адамның қолында жоқ. Бірақ елден қалмау керек деп, адамдар қарызға кіріп, несие алады. Осылай шашылып той жасағаннан кейін жастар ажырасып кетсе, ақша желге ұшты дей бер. «Қазақтың тойы бітпесін» дейік.

«ҮШ МИЛЛИОНҒА КЕРЕМЕТ ЕТІП ӨТКІЗЕМІЗ»

- Тойға 5 миллион теңге кетеді. Ақшаңыз жете ме? – деп сұрадым жас жігіттерден.

Сұлтанбек ТАБЫЛДИЕВ, 26 жаста:

- Осы жазда үйленгім келеді. Әзірге несие алған жоқпын, бірақ ойланып жүрмін. Егер ақша жетпесе, 2 миллион теңге несие аламын. Асаба 200 мың теңгеге келіседі, мейрамхананы жалға алу тамағымен қосқанда бір миллион теңгеге шығады. Басқа да шығындар болады, бірақ 5 миллион теңгеге емес, одан аз жұмсалады деп ойлаймыз.

Амангелді ҚАЙРАТОВ, 22 жаста:

- Бір жыл бұрын ақша жинай бастадық. 3 миллион теңгеге керемет етіп той өткізуге болады деп ойлаймын. Несие алғанды ұнатпаймын.

Аманбек ШАЙМЕРДЕН, 29 жаста:

- Менің тойыма 3 миллион теңге жұмсалды. Несие алып едік, бірақ «шашудың» есебінен жауып тастадық.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

17 сәуір 2019, 11:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.