Атырау, 19 сәуір 23:19
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Империяның суығы тиген жер

Сурет Бейнежазба
7 779 просмотра


Қызылқоға ауданындағы Тайсойған ауылы кеңес дәуірінен өзі аттас сынақ полигонымен танымал. Кейін бұл жерді әскери мақсатта Ресей жалға алған еді. Бүгінде мұнда 900-ге жуық адам тұрады. «АЖ» тілшісі осы шалғайдағы ауылға барып қайтты.

БӘРІНЕН МҰНАЙ МАҢЫЗДЫ

Полигон 1952 жылы құрылған. Сынақ ауданының жалпы аумағы 7,5 мың км², зымырандардың түсу ауданының аумағы 12,55 мың км². Полигонды стратегиялық мақсаттағы зымырандық әскери бөлімдер және әскери-әуе күштерінің бөлімдері пайдаланған. Зымырандардан қалған аса қауіпті деп саналатын 600 кг-дай жанармай (НДМГ) және 1200 кг-дай азотты тотықтырушы (АК-27И) заттар сол аймақтағы 100 км²-дей жерді ластаған. Бұл сынақтар жергілікті халыққа қатты зардабын тигізді, сол жылдары мүгедек балалар өмірге көп келген. Қазір ұзақ жылдарға созылған келіссөздердің арқасында Ресей Қазақстанға полигонның көп бөлігін – барлық 749 мың гектардың 624 мыңын қайтарды. Алайда бұл, алдыңғы кезекте осы аумақта мұнай кенінің табылғанына байланысты болса керек, өйткені бүгінде қытайлық «БиДжиПи» компаниясы барлау жұмыстарын бастап кетті.

Жалпы Тайсойған қызылқоғалықтардың ежелгі мал жайылымы, молшылық көзі болған өңір. Кеңес өкіметі кезінде 100-шақты үйі болған Тайсойған 50 шақырым жердегі Қарабау ауылына қарасты «Энгельс» совхозының №1 және 2 қаракөл қойын өсіретін ферма орталығы болыпты. 90-жылдары ферма тарап, жергілікті халық үлескерлер ретінде мал мен техникаға ие болып, өз күндерін өздері көру үшін қолындағы азын-аулақ жандығын бағып отыра берген. Бұл күнге дейін жергілікті халық біраз қиындықтарды бастан кешіргенін әлі де ұмытпайды. Тайсойған 2006 жылы халықтың өсіміне орай, маңдағы қыстақтарды қоса өз алдына округ болып  құрылды.

«КҮЙМЕС ҮШІН ЖОЛҒА ЕРТЕ ШЫҒАМЫЗ»

Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын Тайсойған тұрғындарының ең өзекті мәселесі – су. Ауылдың тұсынан өтіп жатқан Ойыл өзенінің сағасы Жарыпшыққанға судың тұрақты келмеуі мәселені одан әрі ушықтырып отыр. 

- Биыл келген өр суын бірінші бізге қарай бағыттаймыз деп еді, әлі жоқ. Келген су мөлшері мүлдем аз, бір ай жатар көп болса, сосын өзек бойында су қалмай құрғап қалады. Ондайда малымыз су іздеп тентіреп кетеді. Мал қанып су ішпегесін не күй болады, осы жердің адамдары малмен күнелтіп отыр ғой, - дейді тұрғын Дүзгінбай ӨРБІСІНОВ.  

Келесі үлкен мәселе – жол. Тайсойған «Миялы-Қарабау-Индер» тас жолынан жырақта жатыр. Олар бұл трассаға жетуі үшін 50 шақырым жердегі Қарабау арқылы шығады. Ол жерге дейін қара жол. Жауынды-шашынды, қарлы күндері қатынас мүлдем қиындап кетеді екен.

- Қыста қарда қиын, шыға алмай жатамыз. Жаз кезінде құм қызбай тұрып, таңғы төртте шығып кетеміз. Әйтпесе ыстық жол жүргізбейді,- дейді ауыл тұрғындары. - Өзіміз салған жолды енді ауылдың іргесінде орналасып, мұнай қорын іздеп жатқан қытайлық компанияның ауыр жүкті жанармай таситын көліктері бүлдіріп жатыр. Осы компания келгенде өздері басқа жол салып алатынын айтқан. Бірақ асығар емес.

Жергілікті полицейлер бұл мәселені біледі, бірақ ештеңе істей алмай отыр.

- Май таситын ауыр көліктер жүріп жатқанын білеміз, асфальт жол болмағанықтан біз оларды тоқтата алмаймыз. Егер жол белгілері болса, біз талап етер едік, - дейді учаскелік инспектор Тілеш ТӨЛЕШОВ.

«ШАРАЛАРДЫ КӨШЕДЕ ӨТКІЗЕМІЗ»

Ауылда 93 адам атаулы әлеуметтік көмек алады, ал жұмыссыздар саны 67 болса, он адам вахталық жұмыста, 18 тұрғын уақытша әлеуметтік жұмыспен қамтылып отыр. Ауылда мектеп, клуб, кітапхана, әкімдік, почта және төрт дүкен жұмыс істейді. Балабақша жоқ. Әкімдік пен клуб бұрынғы ескі мектептің ғимаратына орналасқан. Ғимарат отыз жыл бұрын салынғанымен, ешқандай жөндеу көрмегендіктен әбден тозығы жеткен. Жиһаздардың көбі, есік-терезелер, едендер ескірген, кеңестік үкіметтен қалған көне дүниелер. 

- Бізде 47 отырғыш қана бар, қалғаны сынып, істен шығып қалды. Жиналыстар мектептің акт залында өтеді. Қыс кезінде адам сыймағандықтан жаңа жылдық шыршаны далаға құрамыз. Жазда шараларды далаға өткіземіз,- дейді клуб директорының м. а. Қалжан ЕШЕКЕНОВА

ӘКІМ: СУ БЕРЕМІЗ, ҚЫТАЙЛАР КЕТЕДІ

Ауыл іргесіндегі «БиДжиПи» компаниясының базасы жергілікті тұрғындарды мазасыздандырып тұр. Басты кінә - шақырылмаған «көршілер» уәделерін орындамай отыр:

- О баста жиналыс болғанда наурызға дейін жұмысын бітіріп, Сағыз бен Мұқырға көшетінін айтқан. Сәуір болды әлі отыр. Осыған алаңдап отырмыз, - дейді тайсойғандықтар.

Тайсойған ауылдық округінің әкімі Әділет ШАЙМАРДАНОВ:

- Ауылды ең басты толғандырып тұрған мәселе, ол өр суының жеткілікті келмеуі. Биыл аудан басшылары келген суды алдымен Жарыпшыққан сағасына бағыттаймыз деп отыр. Әлеуметтік нысандарға келсек, клуб, әкімшілік үйі, балабақша салуға сметалық құжаттар әзірленуде. Ал «БИДЖИПИ» компаниясы жұмыстарының кешеуілдеуі құжаттарын әзірлеуден туындады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

15 сәуір 2019, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.