Атырау, 29 наурыз 19:59
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Идеядан нақтылыққа: Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың келешегі туралы айтты

2 071 просмотра


Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Идеядан нақтылыққа: еуразиялық бастаманың 25 жылдығына" халықаралық конференцияда Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы туралы сөз қозғады.

Елбасының үндеуін Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігі басшының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев Назарбаев орталығы алаңқайында оқып берді.

Назарбаев мәлімдемесінде еске сала өткендей, 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында алғаш рет интеграциялық жоба құру туралы ұсыныс айтты. Ал қазір ЕАЭО ішкі сауда айналымы 750 миллиард доллардан асатын ірі нарыққа айналып отыр. Жалпы ЖІӨ 2 триллион доллар, ал халық саны 180 миллион адамнан асады.

"Келешекте ЕАЭО Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір ретінде әлемдік экономикалық жүйемен тығыз интеграцияланған ашық экономикалық қауымдастыққа айналады. Экономикалық интеграцияны нығайту экономикалық өсім мен әртараптандырудың, бәсекеге қабілеттілікті жетілдірудің, бизнес ахуалды жақсарту мен елдеріміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың негізгі көзі бола алады", - делінген Назарбаевтың үндеуінде.

Елбасының айтуынша, ЕАЭО мен Жібек жолы экономикалық белдеуінің құрылысын ұштастырудың, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Еуроодақпен ынтымақтастықты тереңдетудің маңызы зор.

"Біз негізгі мақсаттарға жету жолында нық қадам басып келеміз: тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы. Конференция барысында айтылатын ұсыныстар мен бастамалар елдер арасындағы диалогты дамытуға оң ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға табыс және өнімді еңбек тілеймін", - деді тұңғыш президент сөз соңында.

Халықаралық конференцияда Ресей Федерациясы президентінің алғы сөзін РФ президентінің өңіраралық және шетелдермен мәдени байланыс басқармасының басшысы Владимир Чернов оқыды.

"Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында ұсынған тең құқықты елдерді біріктіру идеясынан экономикалық одақ дәрежесіне дейін жеткен Еуразиялық интеграция жобасы өз тиімділігін толығымен дәлелдеді. ЕАЭО-ға мүше елдер сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарын нығайтып келеді", - деді Путин өз сөзінде.

Ресейлік көшбасшы Қазақстан мен РФ арасындағы шекаралық және өңіраралық ынтымақтастықты күшейту керектігін атап өтті. Владимир Путин көптеген салада қолға алынған ортақ ірі жобаларға назар аударды.

"Континенттегі көпжақты құрылымдармен өзара іс-қимыл қалыптасып келеді және, ең бастысы, ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестер бауырлас халықтар игілігі үшін Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті және одақтастықты нығайтуға қосымша септігін тигізеді", - делінген Путиннің мәлімдемесінде.

Айта кетсек, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында "Идеядан нақтылыққа: еуразиялық бастаманың 25 жылдығына" атты халықаралық конференция өтіп жатыр. Бұл шара Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын М.В. Ломоносов атындағы ММУ-де еуразиялық бастаманы ұсынуы мен Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдығына арналған.

Дереккөз:sputniknews.kz

11 сәуір 2019, 11:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.