Атырау, 28 наурыз 16:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Мұнайлы астана: даңқ па, даңғойлық па?

6 063 просмотра


Атырау қаласында тұру тұрғындарға қаншалықты қолайлы деген ерекше зерттеу жүргізілді. «Мұнайлы астана: даңқ па, даңғойлық па?» деген атауы да мен мұндалап тұр. 18 бен 65 жас аралығында 300-дей адамнан жасырын түрде сауал алынды.

МҰНАЙ, ШАҢ, МАСА...

Алғашқы сұрақтардың бірі мынадай: Атырауды қандай сөздермен немесе теңеумен сипаттауға болады? Жартысына жуығы жаттанды «Атырау – мұнайлы астана» деп жауап берсе, 15 пайызы қала балшығымен, шаң-тозаңымен және масасымен ерекшеленетінін айтыпты. «Экологиясы нашар» дейді 12 пайызы. Алайда Атырауды «Даму», «Мүмкіндіктер» деген сөздермен байланыстырған оптимистер де болды.  10 пайызы "Балық" деп айтты. Ал 9 пайызы қаламызды мұнай астанасы емес, жай ғана үлкен вахталық ауыл деп есептейді.


СЕН ҚАНДАЙСЫҢ?

Қаланың еуропалық бөлігіндегі КСС бар үй ауласы
Менің жеке пікірім бойынша, сыртқы келбеттерінің суықтығына қарамастан ішкі дүниелері қарапайым, ақкөңіл қала тұрғындары туралы да сауалдар болды. Жерлестеріміздің 57 пайызы өздерін қонақжай, ашық, мейірімді деп есептейді. Ал ұнамсыз мінез-құлықтарынан (өзін-өзі сынау ма?) «арсыз», «дөрекі» деген де сөздер кездесті.

Респонденттердің көпшілігі үшін Атырауда өмір сүрудің басты артықшылығы – табысы жақсы жұмыс табуға мүмкіндік бар. Алайда бұл жерден ешқандай артықшылық көрмейтіндер де баршылық (19 пайыз).

КӨЛЕҢКЕ МЕН ЖАЯУЖОЛДАР ЖОҚ

Жеңіс саябағы, Ретро парк пен Жайық жағалауы тұрғындардың сүйікті демалыс орындары екен. Әдетте жазда аптап ыстық болатындықтан бұл жерлер де кейде көлеңкенің жоқтығынан серуендеуге жарамсыз екеніне қынжылыс білдірген. Бұл енді басқа әңгіме - қаланы көгалдандыру әрекетінің зая кететіндігіне қатысты.

Привокзальный 3 «а» ықшамауданындағы №11 үйдегі балақайлар. Аулада футбол алаңының орнына жаңа гипермаркет салынды.
Жауап берушілердің 48%-ы аптасына бір реттен көп серуенге шықса, қалғандары аптасына бір рет, тіпті сирек шығатындарын айтқан. Бұл да респонденттердің жас ерекшеліктеріне байланысты, әрине, жастар жағы таза ауаға жиі шығады. «Сіздің ауданда қандай мәдени орындар бар?» деген сұрақ болды. Көпшілігі Привокзальный ықшамауданын Атыраудағы ең қолайсыз аудан деп атапты. Осы ықшамаудан тұрғындарынан алдын-ала кешірім сұраймын, бірақ олардың өздері де мұның себебін білетін шығар: балшық, жаяужолдардың, көлік жолының, жарықтың, жасыл-желектердің жоқтығы, тозығы жеткен үйлер. Тартымсыз ықшамаудан тізімінде Балықшы да бар болып шықты. Оның да себептері осындай, оған қоса қоғамдық көліктің жұмысы нашар.


Қаланың азиялық бөлігіндегі аула, Қожақаев көшесі


ЭКОЛОГИЯҒА РИЗА ЖЕТІ ПАЙЫЗ

«Қаладағы экологиялық жағдайға ризасыз ба?» деген сұрақ өңіріміз үшін ең өзекті сұрақтардың бірі. Басым бөлігі риза еместерін айтса, 7 пайызы таза ауамен тыныстайтындарын, экологияға риза екендерін жеткізді. Осы жандарды көру керек еді...

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
Зерттеу жұмысын «Urban Forum Kazakhstan» ҚҚ тапсырысы бойынша «ТАҢ» қолдау және дамыту қоры 2018 жылдың қыркүйек-қараша айларында орындады. Толық мәтінді https://goo.gl/urbonN сілтемесінен қарауға болады.   


БӘРІ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ ДЕП СЕНЕМІЗ

Балықшыдан оқушылар күн сайын қалаға бейтаныс жандардың көлігімен қатынайды.
Респонденттер атаған проблемалар арасында көше жарығы мен ТКШ ахуалы көш бастап тұр. «Басқаларға» олар саябақ аймағының, балалар алаңының, велосипед жолдарының жетіспейтіндігін қосқан. 70 пайыздайы мүмкіндіктері шектеулі жандар мен бала арбасымен сеуренге шығатын ата-аналар үшін қаланың қолайсыз екенін атаған. Басқаларға тұратын жерлерінде қоғамдық кеңістіктер жетіспейді. Көліктер лық толы болғандықтан ауланың қоғамдық кеңістік деп қабылданбайтыны көрініп тұр.

«Атыраудан біржола кетесіз бе?» деген сұраққа 18 бен 30 жас аралығындағы респонденттердің көпшілігі «иә» деп жауап берген. Одан жоғары жастағылардың да жауаптары біркелкі емес: 35 пайызы жоспарда бар екенін, 39 пайызы жауап беруге қиналатындарын айтқан, ал 26 пайызы кетуді ойламайды да екен.

«Қала тұрғындары құқыққорғау органдарына қаншалықты сенім білдіреді?» деген сұраққа берілген жауаптар қызықты болды. 70 пайызы – қажет болса, полициядан гөрі таныстарынан немесе туыстарынан көмек сұрайтындарын атап өтті. Бұл көрсеткіш құқыққорғау органдарына деген сенімнің елеулі дағдарысын көрсетіп отыр, бұл да себепсіз емес шығар.

Дегенмен, қала тұрғындары, Атыраудың соңғы үш жылда жақсарғанын мойындап, жергілікті билікке едәуір сенім білдіріпті. Әлі де сенеміз, біздің сенімімізді ақтаңыздар.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттерді түсірген автор

3 сәуір 2019, 12:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.