Атырау, 29 наурыз 11:13
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қазақстанда ұсталған қырғыз депутаты 12 жылға сотталуы мүмкін

1 775 просмотра


Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында арнайы операция барысында ұсталған Қырғызстан Жогорку Кенешінің бұрынғы депутаты Дамирбек Асылбекұлының ісі бойынша жарыссөздер өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Сот алдында Дамирбек Асылбекұлымен бірге тағы 11 адам жауап беруде. Оларға экономикалық контрабанда жасады деген айып тағылуда. «Дамирбек Асылбекұлын ҚР ҚК 264-бабының 1-бөлігі, 234-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп тауып, жазасын қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтеумен 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Жазасын өтеп болған соң елден шығарылсын», - деді прокурор. 

«Жапбасовтықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобының серкесі саналатын Есбол Жапбасовты мемлекеттік айыптаушы 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында арнайы операция өткізіп, 30-дан астам адамды ұстады. Олардың арасында кеден органының, шекара қызметінің лауазымды тұлғалары, брокерлер, делдалдар, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері бар. Үшеуі Қырғызстан азаматы. Оның бірі - Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Дамирбек Асылбекұлы.  

Кейін анықталғандай, Дамирбек Асылбекұлының Қазақстан азаматтығы бар. Бұл ретте, сотталушының өзі Қырғызстан азаматы екенін атап өтуде. Оны қамауда ұстау мерзімі бұған дейін 8 айға созылған болатын. Мәлім болғандай, трансұлттық ұйымдасқан топ 2017 жылғы 1 желтоқсаннан 2018 жылғы 15 ақпанға дейін ірі және аса ірі көлемдегі халық тұтынатын тауарларды (жалпы құны 407 558 653 теңге) контрабандалық жолмен ҚХР-дан Қырғызстан арқылы Қазақстан Республикасына бірнеше мәрте жеткізген. Салдарынан ЕАЭО бюджетіне 99 015 094,2 теңге сомасында кедендік баж салықтары мен міндетті төлемдер түспей қалған. 

Мұнымен ЕАЭО-ға қатысушы елдерге аса ірі сомада экономикалық залал келтірілді. Іс материалдарына қарағанда, қылмыстық топқа басшылық жасаған Дамирбек Асылбекұлы оның мүшелерінің әрбіріне нақты тапсырмалар беріп отырған. Қылмыстық іс 126 томнан тұрады. Іс бойынша Дамирбек Асылбекұлымен бірге тағы 11 адам сотталып жатыр, 70 адам куәгер ретінде көрсетілген. Айта кетейік, сот процесіне Қырғызстан Парламентінің мүшелері тыңдаушы ретінде қатысты.     

Дереккөз: inform.kz

 

3 сәуір 2019, 11:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.