Атырау, 19 наурыз 05:13
Таңертең ашық+3, күндіз +11
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 375.90  € 426.65  P 5.82

Теңіздегі оффшорлық жатақханалар

15 наурыз 17:15


Түрлі елдерден жұмыс күші көп тартылатын ірі мұнай-газ жобаларында кей кездері жұмысшылар арасында күш қолдану сияқты әлеуметтік-тұрмыстық қақтығыстар болып тұрады. Бұл жолы Теңіздегі Келешек кеңею жобасынан кезекті дабыл келіп түсті. Бұл жерде бір ай бұрын пышақтасуға дейін барған жаппай төбелес болыпты. Вахталық поселкелерде не болып жатқанын «АЖ» тілшісі анықтаған болатын.

ТЕҢІЗДЕГІ ТӨБЕЛЕС

Теңіз кенішіндегі бейресми ақпарат көздері бізге 2019 жылғы 15 ақпанда «COC Realty» ЖШС-нің «Brown village» вахталық ауылында Келешек кеңею жобасына жұмылдырылған мердігер компаниялардың жұмысшылары арасында қақтығыс болғанын хабарлады. Төбелеске қатысушылардың бірі, Қазақстан азаматы кеудесінен пышақ жарақатын алған.

«АЖ» Атырау облыстық Полиция департаменті мен «Теңізшевройл» ЖШС-не сауал жолдады. ТШО мұндай оқиға болғанын және бір жұмысшының пышақ жарақатын алғанын растады. Оның Жылыой аудандық ауруханасына жеткізіліп, тергеу басталғанын, қалған сұрақтарды жергілікті полицияға жолдаған жөн екендігін хабарлады. Ал құқық қорғау органдары біздің сауалымызға жауап бермеді.

ҚАҚТЫҒЫСТАР ХРОНИКАСЫ

Ал біз ең алдымен мұндай «еңбек» қақтығыстарының себептерін білгіміз келді. Әдетте, қақтығыстар «қазақстандықтар - шетелдіктер» болып бөлінген топтар арасында өтеді. Мысалдарға қарайық.

2005 жылы АМӨЗ-ді қайта жаңғыртумен айналысқан «Гате Иншаат» түрік компаниясының өндірістік нысанында жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, оған 500-дей жұмысшы қатысты. Бірнеше адам жарақат алып, полиция көліктері қирады. Бұған түрік бригадирінің 19 жастағы жергілікті қызметкерді соққыға жығуы себеп болған.

2006 жылы Теңіз кенішінде бірнеше жүздеген адамның қатысуымен қазақстандықтар мен түріктер арасында жаппай төбелес орын алды. Қақтығысқа қатысқан 150 адам, негізінен Түркия азаматтары, зардап шекті. Кейбірі ауыр жарақат алды, бәлкім, қаза болғандар да бар шығар. Себептері туралы нұсқалардың бірінде, мұның бәрі түріктердің өткізу құжатына қол қоюдан бас тартып, қазақстандық өрт бақылаушысын соққыға жығуынан басталған.

2012 жылы АМӨЗ аумағында Қытайдың 50 азаматы «Евразия Строй Капитал 2007» компаниясының қазақстандық жұмысшылар (оралмандар) тобын соққыға жығады. Бұған шетелдіктерге қарағанда анағұрлым аз табыс табатындықтарына наразылық білдірген оралмандардың жаппай ереуілі түрткі болған.

Сол жылы Қашағанның D аралында Үндістан мен жергілікті жұмысшылар арасында төбелес тұтанып, 40 шақты адам төбелескен. Үзіліс кезінде біреуі екіншісінің үстіне шай төгіп алуы төбелеске түрткі болған. Ал мұның тереңірек себебіне келсек, қазақстандық жұмысшылар жаппай қысқарып, сол кезде «ҚазМұнайСервис» компаниясы шетелдік жұмыс күшін белсенді тартып жатқан екен.

Өткен жылдың басында АМӨЗ-де «Sinopec Engineering» компаниясында жұмыс істейтін ҚХР-дың 6 азаматы мен зауыт күзетшілерінің арасындағы жанжалдың себебі – жұмыс күнінің соңына таман қытайлықтарды зауыт аумағынан белгіленген уақыттан бұрын шығармаған.

ВАХТАЛЫҚ АУЫЛ МОНОПОЛИСІ

Теңіз кенішіндегі ақпан оқиғасына оралайық. ТШО да, полиция да оның себептерін хабарламағандықтан, біздің дереккөздерімізден алынған ақпаратты пайдаланайық.

Мұның түпкі себебі – «COC Realty» ЖШС салған вахталық жатақханалардың лық толы болғаны. Төбелес түрлі мердігер компаниялардың жұмысшылары мен жүргізушілері тұратын «Brown village» ауылында орын алған. Ал көрші «Red village» кешенінде инженерлік-техникалық құрам орналасқан. «COC Realty» жатақханасында орын жетпейтіні туралы мәселе тұрақты көтеріліп отырған, алайда компания ТШО-ның түбіндегі тұрғын орынжайларды «толтыра беруді» жалғастыра берген.

Өткен жылдың басында «Казсервис» конференциясында Қазақстан мұнайсервис компаниялары одағының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ вахташыларды баспанамен қамту саласында бәсекелестіктің жоқтығы мен «COC Realty» ЖШС-нің монополиялық ахуалы туралы мәселе көтерді. Сол жерде қазақстандық компаниялардың өкілдері ТШО өздеріне жаңа вахталық ауылдар салмаңдар, жұмысшылар тұрғынжайлармен қамтамасыз етумен міндетті түрде «COC Realty» ЖШС айналысатынын айтқан. Келешек кеңею жобасының директоры Мик КРЕЙЛИ «ТШО басшылығы мен бүкіл құзырлы тұлғалар жергілікті компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту үшін тиісті жағдайлар жасайды» деген сырғытпа жауап берді.

«Қазсервис» профильдік журналында «COC Realty» ЖШС 10 000 орындық вахталық ауылдарды пайдаланып, қосымша 4 500 адамға уақытша лагерь салуды жоспарлап отырғаны туралы мақала шықты. Мердігер компаниялар ол жерге өз қызметкерлерін орналастыруға мәжбүр екендіктеріне, Теңіз кен орнының қажеттіліктері үшін салынған басқа вахталық ауылдар бос тұрса да, тұру ақысы өте жоғары екендігіне қынжылыс білдіреді.

«COC Realty компаниясының монополиялық жағдайы сала үшін үлкен қауіп төндіреді. Бүгінде қазақстандық нарықта қаржы салуға және бәсекеге қабілетті ортада жұмыс істеуге дайын бірқатар қазақстандық компаниялар (BI Group, ISKER, NSS) бар, ал COC Realty компаниясы - оффшорлық компания (100% құрылтайшы - Hombrada N.V.), - делінген «Қазсервис» мақаласында.

Осы мақалаға комментарий беру туралы «АЖ» өтінішіне ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Хэймиш ПОЛС «біз тәуелсіз мердігер мекемелер арасындағы өзара іскерлік қарым-қатынасқа қатысты қандай да болмасын мәселелерге комментарий бермейміз» деп мәлімдеді. Ол қазіргі уақытта ККЖ-ҰЕҚБЖ (Келешек кеңею жобасы - Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы) жұмыс учаскелерінде 45 мыңнан астам қазақстандықтың еңбек етіп жатқандығын ғана хабарлады. ККЖ-ҰЕҚБЖ-да 2019-2020 жылдары көп мөлшерде персонал жұмылдырылады. «ККЖ қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін тұрғынжайлар жеткілікті. ТШО-да өндірістік қатынастар бөлімі бар, оның басты мақсаты – қарым-қатынасты реттеуде мердігер мекемелерге қолдау көрсету және олардың ҚР еңбек заңнамасы мен ТШО талаптарын сақтауына бақылау жасау», - делінген «АЖ» сауалына берген жауабында.

«БӘЛКІМ, БҰЛ ТШО-НЫҢ ОРТА МЕНЕДЖМЕНТІНЕН ШЫҒАР»

«COC Realty» ЖШС-нің ресми сайтында компанияның шығу тарихы, оның құрылтайшылары мен басшылық құрамы туралы ақпарат жоқ. Есесіне фирманың қысқаша тарихында - http://cocrealty.kz/about-us/nashi-klientyi клиенттердің тізімі берілген бөлім бар. Сайттағы ақпаратқа сәйкес, компания Қазақстанның Батыс өңіріндегі мұнай-газ және басқа да компаниялар үшін өз клиенттеріне тұратын жер және толық қызмет көрсету, көлік қызметтері, кеңсе және қойма үй-жайларын жалға беру қызметтерін ұсынады. Компанияның Атырауда қонақ үй түріндегі 500 пәтері мен қонақ үй бөлмелері, мейрамханалары, фитнес залдары және т.б. бар. Клиенттерінің басым бөлігі - негізінен ірі мұнай-газ операторларының және олардың мердігер компанияларының шетелдік қызметкерлері.

Біз «Қазсервис» мұнай сервистік компаниялары одағының сарапшысына хабарластық.

- Сіз айтып отырған компания шынымен 10 000 орынға дейін вахталық қалашық ұсынады және онда әртүрлі мердігер мекемелердің қызметкерлері тұрады. Мен компаниядан ақпан оқиғасы туралы ақпарат сұраған едім, бірақ олар маған ондай ештеңе болмағанын айтты, - деді менің сұхбаттасушым.

- «COC Realty» ЖШС – қазақстандық компания ма?

- Біздің заңнама бойынша, кім акционер, кім құрылтайшы екенінің айырмашылығы жоқ. Ол 100% шетелдік компания болуы да мүмкін.

Бастысы - ол Қазақстанда тіркелген және қызметкерлерінің кемінде 95%-ы ҚР азаматтары болуы керек. Бұл жағдайда компания автоматты түрде қазақстандық компания деп танылады. Заңнамаға сәйкес, «COC Realty» ЖШС - қазақстандық компания. Ал құрылтайшылары - шетелдіктер, голландиялық Hombrada N.V. компаниясы.  Hombrada N.V. туралы ақпарат таба алмайсыз – бұл оффшорлық компания және олар акционерлерді жарияламайды. Кезінде біз де 10 000 адамға арналған тұрғын үй алаңын салуға және қызмет көрсетуге  бір компанияның ниетті болғанына таңғалған едік. Ол үшін жақсы байланыстар мен ресурстар керек деп ойлаймын. Тарифке келсек, бұл поселкеде бір тәулік тұру ақысы 25 000 теңге. 10 000 адамға көбейтсеңіз, өте қомақты сома шығатынын өзіңіз есептеп көріңіз.

- Менің ақпаратым бойынша, «COC Realty» ЖШС қожайыны Джонатан Штейнер деген адам екен.

– Менің білуімше, ол ортақ қожайындардың және басшылардың бірі.  «Hombrada N.V» туралы ешқандай ақпарат жоқ. Бәлкім, бұл жай ғана бірнеше компания немесе құрылтайшыдан құралған атауы шығар.

- Неліктен бұл компанияның адамдарды орналастыру бойынша ерекше құқығы бар?

- Бұрын олар шынымен де монополистер болды, өйткені кейбір мердігерлерге қызметкерлерін өздерінің вахталық қалашығына  орналастыруды ұсынатын.

- Кім ұсынды?

- ТШО – алып құрылым, ол жерде басшылар, орта менеджмент бар. Бәлкім, кейбір ұсыныстар орта менеджмент деңгейінде болған шығар. Бәлкім, бұл вахталық қалашықтың құрылыс нысандарына бәрінен жақын орналасқандығына байланысты шығар. Басқа ауылдардан бір сағаттай жол жүріп келу керек. Біз бұл ақпаратты ТШО басшылығына жеткізіп, оларға жағдайды түсіндірдік. Біздің кездесуден кейін мердігерлер өз қалаулары бойынша орналаса алады. Мәселен, қазір ресейлік VELESSTROY компаниясы 1600 адамға вахталық ауыл салып жатыр.

- Атырауда жақында өтетін «Қазсервис» конференциясында қандай тақырыптар қозғалады?

- Әдетте, ірі жобалардағы тендерлік процедуралар басты тақырып болмақ. Мысалы, ірі келісімшарттарды үнемі шетелдік компаниялар алып кетеді.

P.S. Белгілі болғандай, ақпандағы оқиғадан кейін Теңіздегі вахталық ауыл тұрғындары басқа нысандарға қоныстандырылған. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

1608 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет