Атырау, 19 сәуір 11:09
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Сот хроникасы

2 300 просмотра


№2 Атырау қалалық соты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша айыпталған Д.-ға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сотта Д.-ның металл сынықтарын, «ВАЗ-Лада» маркалы автокөлігінің дискісін және арматура ұрлағаны белгілі болды. Нәтижесінде, жәбірленуші К.-ге жалпы сомасы 52 мың теңге көлемінде мүліктік шығын келтірілді. Д. өзінің кінәсін толығымен мойындап, жасаған ісіне өкінді. Зардап шегушіге тигізілген залалды өтеп, онымен татуласқандығын түсіндірді. Сот шешімімен медиация арқылы жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты Д.-ға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, сотталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

 Құрманғазы аудандық соты Өзбекстан азаматы Х.-ны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-тармағы (Шетелдiктiң жұмысқа орналасуға рұқсатсыз еңбек етуге қатысты халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның Қазақстанда тиісті рұқсат құжатынсыз жұмыс істегені анықталды. Сот оны ҚР аумағынан шығару түрінде жаза тағайындады.

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-тармағы (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi бар көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Ол 2019 жылдың қаңтарында Атыраудағы СМП-136 ықшамауданында «LADA 21705 169-33» автокөлігін жалған «E 720BYA» мемлекеттік нөмірімен қолданған. Істі қарастыру нәтижелері бойынша құқықбұзушы А. кінәлі деп танылып, оған 35 350 теңге көлеміндегі айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

№2 қалалық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-тармағы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша айыпталған Х.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Жүргізуші куәлігінен айырылған Х.-ның 2018 жылдың желтоқсанында мас күйінде көлік жүргізгені анықталды. Ол кінәлі деп танылып, автокөлік құралын 3 жыл мерзімге басқару құқығынан айырылумен қатар 100 сағаттық қоғамдық жұмыс түрінде жаза алды.

Құрманғазы аудандық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабының 3-тармағы (қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ балық аулау қағидаларын өрескел бұзу) бойынша Н.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Биылғы жылдың 6 қаңтарында Н. Қиғаш өзенінде тыйым салынған балық аулау құралымен, яғни ұзындығы 21 метр болатын аумен балық аулаған. Сот қаулысымен ол кінәлі деп танылып, ау құралын жоюмен қатар, оған 35 350 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Исатай аудандық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 2-тармағына (Шетелдiктiң тіркеу кезінде көрсетілген мекенжайда тұрмай ҚР-да болуына қатысты халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзуы) сәйкес Өзбекстан азаматы О.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Биылғы жылдың 11 қаңтарында О. Қазақстанға жеке сапармен келіп, Атырау қаласының ішкі істер органдарында уақытша тіркеліп, содан соң құрылыс алаңында жұмыс істеу үшін Исатай ауданының Нарын ауылына барған және тіркеу кезінде көрсетілген мекен-жайда тұрмаған. Сот отырысында О. кінәсін толықтай мойындап, заңды білмегендіктен заң бұзушылық жасағанын түсіндірді. Сот қаулысымен ол кінәлі деп танылып, Қазақстан аумағынан шығарылды.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ

4 ақпан 2019, 17:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.