Атырау, 29 наурыз 02:55
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Ұлттық банк "Астана банкі", Qazaq Banki және "Эксимбанк" cалымшыларына үндеу жасады

2 019 просмотра


Ұлттық банк "Астана банкі", Qazaq Banki және "Эксимбанк" cалымшыларына ақшаларын шамамен қай уақытта қайтара алатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Ұлттық банктегілердің мәліметінше, көрсетілген банктерді мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні Ұлттық Банк банк тарату комиссиясын тағайындайды. 

"Қазақстанда банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының нормаларына сәйкес, кредиторлардың шағымдарын қабылдау тәртібі, мерзімдері және талаптарын қоятын мекенжайлар көрсетілген Банктің тарату комиссиясын тағайындау туралы ақпаратты банктің тарату комиссиясы ҚР Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында өзі тағайындалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде жариялайтын болады. Мәжбүрлеп тарату рәсімінің өзі Банктер туралы заңның талаптарына,  банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларына және ҚР өзге де заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады", - дейді банктегілер. 

"Астана Банкі" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ (бұдан әрі - ҚДКҚ) Қазақстанның жұмыс істеп тұрған банктерінің қайсысы "Астана Банкі" АҚ-тың салымшыларымен төлем жүргізу жөніндегі агент ретінде жұмыс істеп, салымшылармен есеп айырысатындығын хабарлайды. Qazaq Banki АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі қабылданды және 2018 жылғы 30 қарашада заңды күшіне енеді. Qazaq Banki АҚ-тың салымшыларына кепілдікті өтемақыны төлейтін агент-банк 2018 жылғы 4 желтоқсанда айтылады, Qazaq Banki' АҚ салымшыларына агент-банк арқылы төлемдер төлеу 2018 жылғы 10 желтоқсанда басталады. Ұлттық Банк 2018 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына "ЭксимБанк" АҚ-ты да мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап берген болатын. 

Айта кетейік, "ЭксимБанк" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талабы бойынша сот тыңдалымы 2018 жылғы 28 қарашаға жоспарланған. 

Таратылатын банктердің барлық салымшысы ҚДКҚ қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемақы алуға құқылы. Өтемақы ұлттық валютада төленеді, ал оның сомасы: 

- шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңгеден; 

- ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 миллион теңгеден аспауға тиіс. 

Ұлттық банктегілердің айтуынша, салымшыда бір банкте теңгеде, сол сияқты шетел валютасында бір мезгілде орналастырылған 2 және одан да көп депозит болған кезде 15 млн теңгеге дейін кепілдікті өтемақы төленеді. Кез келген жағдайда салымшының тек шетел валютасындағы депозиттері бойынша өтемақы 5 миллион теңгеден аспайды. 

Төленбеген кепілдікті өтемақы қалдығын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап тағайындалатын банктің тарату комиссиясы төлейтін болады. 

"ҚДКҚ таңдалған агент-банкті жариялағаннан және кепілдікті өтемақыны төлеу басталғаннан кейін салымшылар осы агент-банктің филиалына кепілдікті өтемақы төлеуге арналған өтініш жасағаны дұрыс. Бұл ретте салымшының өзімен бірге жеке куәлігінің немесе төлқұжатының болуы жеткілікті. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш берсе, онда құқық белгілейтін құжаттарды (мұрагерлік туралы куәлік, сенімхат, депозитке талап ету құқығын беру туралы шарт) ұсынуы қажет. Агент-банк төлемді құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады", - дейді Ұлттық банк өкілдері.

Кепілдікті өтемақы төлеу қолма-қол ақшамен немесе салымшының басқа банктегі шотына аударыммен теңгемен ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте салымшының алынған кепілді өтемақыны агент-банктің шотында қалдыруға мүмкіндігі бар. Барлық кепілді өтемақыларды төлеу тек ұлттық валюта  теңгемен жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдікті өтемақыны есептеу үшін банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланылады. Салымшылар депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпаратты ҚДКҚ сайтындағы "Салымшыларға" бөлімінен алуына болады.

Дереккөз: tengrinews.kz

27 қараша 2018, 17:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.