Атырау, 19 сәуір 06:41
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Академик Диаров: «Болашақ» зауыты - өткен ғасыр

3 755 просмотра

Қарабатандағы "Болашақ" зауытында жанып тұрған алау түсірілген видео кадры

- Теңіз және Қашаған кен орындарын пайдалану барысында қоршаған орта тез ластанады, Атырау облысы халқының денсаулығына қатты әсерін тигізеді –белгілі ғалым, жерлесіміздің «АЖ»-дағы кезекті мақаласының негізгі өзегі осы.

Біздің зерттеулеріміздің нәтижесі көрсеткендей, Теңіздегі тұзасты мұнай кенішіндегі көмірсутекті өндіру, тазалау, өңдеу және тасымалдау процесінде қоршаған орта ластанып, адамдардың денсаулығы нашарлайды. 1993-2017 жылдары Теңіз кенішіндегі стационарды көздерден ауа бассейніне шығарылған улы заттардың көлемі 1 320 659 тоннаны құраған. Өндірілген 1 тонна мұнайға шаққандағы шығарындының үлес мөлшері 3,38 кг құрайды (норма 2,5 кг).

Ауа бассейніне шығарылған улы заттардың жалпы көлемі мен Атырау облысы халқының 2001-2014 жылдардағы аурушаңдығының (алғаш және жалпы) салыстырмалы талдауы жалпы аурушаңдықтың 75 % Теңіз кен орнын игерумен байланысты екенін көрсетті.

Осы кезеңдегі 100 мың адамға шаққандағы барлық ауру түрлері бойынша орташа аурушаңдық Атырау қаласы мен аудандар бойынша пайыздық мөлшерде келесідей: Жылыой ауданы – 47,6, Исатай ауданы – 35,8, Мақат ауданы – 34,3 және Атырау қаласы – 30,2.

Салыстырмалы талдау көрсеткендей, Жылыой ауданының тұрғындары басқа аудандарға қарағанда асқорыту мүшелерінің ауруына көп шалдығады (4,18%). Мүмкін, аспен бірге адам ағзасына токсиканттардың белгілі бір мөлшері түсетін шығар. Асқорыту мүшелерінің ауруы басқа аудандарда 2,76%-дан (Исатай) 1,01%-ға (Махамбет) дейінгі аралықты құрайды.

Табиғи заңдылыққа сай ластаушы заттардың ауа бассейнімен трансшекаралық тасымалы нәтижесінде аудандар халқының тыныс жолдары ауруына шалдығу көрсеткіштері шамалас: Жылыойда – 14,1%, Исатайда – 13,88%, Мақатта – 12,25% және Атырау қаласында – 10,99%. Облыс территориясындағы тұрғындардың тыныс жолдары ауруларымен аурушаңдығын эпидемиялық сипаттағы жаппай ауруға жатқызуға болады.

Қашаған кен орнын өндіру кезінде ауа бассейніне улы заттардың апатты шығарындылары орын алу қатері үзілмейді. Себебі, Қашаған және Теңіз кен орындары экстремалды жағдайларда орналасқан; қабаттардың табиғи орналасу қысымы 850-1100 атмосфераны, температура 110-1150С, күкіртсутектің мөлшері 22-25% құрайды.

Ұңғымаларды технологиялық өткізу кезіндегі қателіктерге (адами фактор) байланысты орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың мысалы ретінде 1985 жылы 23 шілдеде Теңіз кен орнындағы №37 ұңғыманы бұрғылау барысында орын алған апатты айтуға болады.

Ұңғымадағы төтенше жағдайдың параметрлері мен салдары:

- апат ұзақтығы 398 тәулікті құрады.

- ауа бассейнінде жанған мұнай-газ өнімдері: мұнай – 3,4 млн.т., жанатын газ – 1,7 млрд м3, соның ішінде 516 мың тонна Н2S және 1,0 млн SO2, 850 тонна меркаптан, 1,0 млн тонна жанбай қалған көмірсутек және 900 мың тонна күйе.

- күкіртті газ (SO2) шекті рұқсат етілген концентрациядан ұңғыма аузынан 120 шақырым қашықтықта 16 есе асып кеткен (Құлсары қаласы).

- Фонтан болып атқылаған ұңғыманың айналасындағы 10 ШРШ күкіртсутегі аймағының радиусы 130 шақырымды құрады.

Егер Қашаған кен орнында төтенше жағдайлар орын алса, оның салдары Теңіз кенішіне қарағанда аса ауыр болады, себебі:

- апатты мұнай-газ шығарындылары орындарына апаратын жол қиындық тудырады.

- апатты ұңғыманың аузы атқылаған гейзерге айналады (қайнаған су).

- мұнай және газбен араласқан су биіктігі 300 метр, диаметрі 50 метр болатын «бағанаға» айналады.

- ұңғыма айналасындағы ыстық су бірнеше шақырымдарға жайылып, кей жерлерде теңіздің биоресурстарына жойып жіберердей әсер етуі мүмкін.

- мұнай және мұнай қабықтары апат орнынан жүздеген шақырымдарға жайылады. Мұнайдың ауыр қалдықтары теңіз түбіне тұнады.

- орын алуы мүмкін апатты мұнай-газ шығарындылары орындарынан жүздеген шақырым қашықтықта теңіз жағасында өмір сүретін халықтың аурушаңдығы бірден артады.

1998 жылғы 24 наурыздағы «Жер қойнауын пайдаланудың нормативті-құқықтық актілері туралы» заң мен 2005 жылғы «Мұнай туралы» Заңға, сонымен бірге 27.02.2017 күнгі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға (8 бөлім «Мұнай операциялары, 85-бап) сәйкес, апатты жағдайлардан басқа жағдайда факелдерде ілеспе және табиғи газды жағуға тыйым салынады.

Қолданыстағы заңдарға қарамастан Қашаған кен орнындағы мұнайды дайындау бойынша «Болашақ» зауыты ілеспе және табиғи газдарды үздіксіз жағу жағдайында жұмыс жасауда. «Болашақ» зауыты жұмысын тоқтатпау үшін ондаған жыл ішінде тәулік бойы, жыл бойы үздіксіз ілеспе және табиғи газды тегін жағуға рұқсат берген Қазақстан Республикасының үкіметі, министрлік және сарапшылар тобы қайда қарады? Нәтижесі қандай: 2014 жылы «Болашақ» зауытынан өндіріс процесі жүрмесе де, 24 мың тонна, 2015 жылы – 26 мың тонна, 2016 жылы 0,69 млн тонна өндіруге шаққанда 76,4 мың тонна шығарынды шыққан. 2017 жылы 8,29 млн тонна өндіріліп, 59,12 мың тонна шығарылған! Ауа бассейніне шығарылған зиянды заттардың үлесі өндірілген 1 тонна мұнайға шаққанда 7,13 кг құрады. Алғашқы жоба бойынша бұл үлес 1 тонна өндірілген мұнайға шаққанда 2,69 келіні құраған.

Осылайша, 2014-2016 жылдары ауа бассейніне тектен-тек 126,4 мың тонна шығарынды шыққан (0,96 млн өндірілген).

Жоғарыда келтірілген факторларды және «Болашақ» зауытының ХХ ғасырдың қалыс қалған технологиясы (ілеспе және табиғи газды үздіксіз жағу) бойынша салынғанын ескере отырып, «Болашақ» зауытын жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін тоқтатуды және Қашаған кен орнындағы тұзасты мұнайын өндіруді уақытша доғаруды ұсынамын, бұл ұсынысым 27.02.2017 күнгі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның талаптарына сай келеді.

Себебі, жүз жыл бойы (Қашаған кен орнының көмірсутек ресурстары осынша уақытқа жетеді) ілеспе газ бен табиғи газдың Атырау қаласына жақын жердегі факелдерде бостан-бос жануына жол беруге болмайды. Көмірсутек ресурстарын ысырап етуге болмайды, оларды орынды пайдалану керек.

Мұфтах ДИАРОВ

АМГУ өңірлік экологиялық проблемалар ғылыми орталығының директоры, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор

4 қыркүйек 2018, 12:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.