Атырау, 28 наурыз 22:27
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

АҚШ Мәскеудегі Ауғанстан бойынша келіссөзден бас тартты

2 013 просмотра



АҚШ Ресей ұйымдастырып жатқан Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу жөніндегі конференцияға қатысудан бас тартты. Бұл туралы хабарлаған АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі келіссөз Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға көмегі тиетініне күмән келтірді.

4 қыркүйекте Мәскеуде Ауғанстан мәселесі бойынша халықаралық кездесу өтеді деп жоспарланып отыр. Ресей келіссөзге 12 мемлекетті шақырды. Ауғанстан келіссөзге қатысудан бас тартты. Ауғанстан Сыртқы істер министрлігі елдегі қақтығысты реттеу процесі Кабулдың басшылығымен өтуі тиіс екенін және ауған үкіметінің "Талибанмен" шетелдерді араластырмай, өзі тіке келіссөз өткізу ойы барын мәлімдеді.

Ал Reuters агенттігі Мәскеудегі келіссөзге радикалды "Талибан" исламшыл қозғалысының кем дегенде төрт өкілі қатысатынын хабарлады. Ресейде "Талибан" қозғалысы террорлық ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған.

2014 жылы Ауғанстаннан НАТО күштерінің көп бөлігі шығарылған соң елдегі әскери жанжал ушыға түскен. Өткен аптада "Талибан" өкілдері биліктің үш ай мерзімге бітім орнату туралы ұсынысына жауап бермеген. Пентагон Ресей билігі Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымымен күреске көмек көрсетеміз деген желеумен тәліптерге қолдау көрсетіп отыратынын әлденеше рет мәлімдеген. Ресей Сыртқы істер министрлігі мұндай айыптауды "негізсіз" деп, жоққа шығарған.

 Дереккөз: azattyq.org

23 тамыз 2018, 13:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.