Атырау, 19 сәуір 06:17
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

ІІД бастығы Аян Дүйсембаев - бағдаршамдар, таксилер, ауылдағы төбелес және полицейдің абыройы туралы

4 884 просмотра


Мұнайлы астанаға кіріп-шығу жолдарындағы стационарлық бекеттер, полиция құрамындағы жемқорлық, көпқатарлы үйдегі «есірткі нүктесі» және басқа да мәселелер  Атырау облыстық ІІД бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ «АЖ»-ға берген сұхбатында қозғалды. 

 ЖАЛҒАН ПОДПОЛКОВНИК

- Облысымызда жалпы қылмыстық ахуал қандай, оның ішінде есірткі саудасы және браконьерлікпен күрес қалай жүргізіліп жатыр? 
- Қазір облыста қылмыстық ахуал тұрақты. Қылмыстың тіркелу деңгейі 25%-ға төмендеді. Аса ауыр қылмыстардың ашылуы 95% құрап отыр. Менің ойымша, бұл өте жақсы көрсеткіш. 
Браконьерлікпен күресте Су полициясы ғимараты өзен жағасына көшірілгені, енді қызметтік катерлер жағада тұратыны, ұтқыр жасақ сарбаздары да (спецгруппа) қасында болатыны көп көмектесті. Бұл браконьерлікке қарсы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. 
Атырау елдегі есірткі айналымының қатері жоғары аймақтар қатарында жоқ. Бірақ, бұл біздің қызметкерлер қол қусырып отыр деген сөз емес. Былтыр ірі көлемде есірткі  тасымалдап, оны сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталып, 4 күдікті 15-20 жыл аралығында жаза арқалады. 
- Біздің газетімізге бірнеше рет шыққан, тұрғындар арасында үлкен резонанс тудырған есірткі сатушы әйелге қандай шара қолданылды? Біздің білуімізше, бұл әйелге ешқандай шара қолданылмаған. 
- Көз, мұрын ауруларын тыныштандыруға арналған дәрілік тамшылар Қазақстандағы есірткілер реестрінде жоқ. Сіздерде мақала шыға салысымен күдікті азаматшаны дереу тексеріп, пәтерінен 88 дана тыныштандыратын препарат тәркіледік. Бірақ, заң алдында жауапқа тарту біздің құзырымызға кірмейді.  Бұл фармациялық бақылау мекемелерінің құзырында.
- Ал қаладағы кісі өлтіру қылмысы қандай жерлерде көп орын алады?
- Департаменттің сараптауы бойынша, мұндай қылмыстардың көп бөлігі таңғы мезгілге дейін жұмыс жасайтын мейрамхана, кафелердің маңында болған. Кафе қожайындарына айта кететін жайт, түнгі табысты адам өмірімен салыстыруға бола ма?! Біздің ұсынысымыз – осы кафелердің уақытын сағат 2.30-ға дейін шектеу.
- БАҚ-да ІІД қызметкерлері арасында жемқорлық қылмыс жасап ұсталғандар туралы жазып жатады...
- Атырау облыстық ІІД облыстағы көп құрылымды үлкен ұжым. Әрине, бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, қатарымызға қосылған қызметкерлердің мүдделері департаменттің өзіндік қауіпсіздік саясатымен үйлеспеуі әбден мүмкін. Биыл өзіндік қауіпсіздік басқармасы пара алу фактісі бойынша 6 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, жаза қолданды. Бұлардың ішінде  полиция сержантынан бастап полиция подполковнигі де бар. Жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспейді. Барлық қызметкерлер әрдайым бақылауда.
- Жол полиция қызметкерлері тарапынан кейде жемқорлық әрекеттер орын алып жататынын жоққа шығармайтын боларсыз?
- Жол полициясы жұмысында адам факторын азайтуға байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Қазір қалада 759 бейнебақылау камерасы мен  11 жылдамдық өлшегіш орнатылды. Бұл жағдайда хаттама полицейлердің қатысуынсыз, автоматты түрде салынып, ереже бұзушы мекенжайына поштамен барады. Сонымен қатар, кадрлық өзгерістер де қажетіне қарай жүзеге асады. Айталық, жолдағы берекесіздік салдарынан Құлсары қаласының ЖПҚ-да кадрлық ауыс-түйіс жасалды. 
- Хабар-ошарсыз жоғалып кететін адамдарға байланысты істер көп пе?
- Бұлардың көбі – негізінен, отбасындағы түсініспеушіліктен үйден кетіп қалған қыздар. Жыл басынан бері осындай ата-аналардан 6 арыз тіркеліп, іздестірілді. Біздің қызметкерлеріміз мұндай істерге үлкен жауаптылықпен қарайды, өйткені, олар өмірлерін жаңа бастаған жас адамдар ғой.


«ЗАҢСЫЗ ТАКСИШІЛЕРДІ ҮНЕМІ ҚҰРЫҚТАП ОТЫРАМЫЗ» 

- Атырау қаласында тағы 6 жылдамдық өлшегіш орнатылып жатыр. Бұл құралдардың бағасы қанша? 
- Біз аталмыш құралдарды сатып алумен айналыспаймыз. Біздің міндетіміз - кешендерді орнатып, теңгерімге алу және ұқыпты пайдалану. 
- Атырау облысында орын алатын жол-көлік оқиғалары саны азаймай тұр. Тіпті, адам шығыны да көп. 
- Биыл  жол апаттары мен жарақат алғандар санын азайтуға қол жеткенімен, күре жолдарда көз жұмғандар азаймай отыр. Себеп - жол сапасы мен жылдамдықты асырудың салдары. Назар аударатын жайт: 2013 жылдан бері облыс жолдарының ұзындығы 53 пайызға өскен. Сәйкесінше, жол полицейлерінің жүктемесі артты. Автопатрульдер саны өзгеріссіз қалды - штат жоқ. 
-Облыс орталығы көшелеріндегі бағдаршам жұмысы бойынша ескертпелер көп. Бірде жетіспейді, бірде тұрақсыз жұмыс істейді?
- Көптеген бағдаршамдар ескірген. Біз сараптама жасадық, әкімдіктерге ұсыныс хаттар жолданды. Қалада жол апаттарының тіркелуі жиілігі байқалатын 4 аумақ бар. Сондықтан кемінде тағы 20 бағдаршам орнату қажет. Биыл қалалық әкімдік 11 жерге бағдаршам орнатуды қолға алып жатыр. Оларды айналма жол мен Молдағұлов көшесі қиылысында, З.Қабдолов (бұрынғы Говоров) - Элеваторный, З.Қабдолов - Атамбаев көшелерінен көруге болады.   
- Атырауда көптеген адамдар салық органдарына тіркелместен, өз көліктерімен жолаушылар тасымалдайды...
- Мұндай мәселе бар. Біз үнемі рейдтерге шығамыз, жақында «Такси» алдын алу шараларының барысында 500-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, Атырау әкімдігіне заңды түрде жұмыс істейтін такси жүргізушілеріне арнайы автотұрақ салу жөнінде ұсыныс берілді.


«БІЗДІҢ ҚҰРЫҒЫМЫЗ ҰЗЫН БОЛУЫ КЕРЕК»

- Орал, Индер, Астрахан және Құлсары қалаларынан Атырау қаласына кіретін жолдарға 4 стационарлық полиция бекеттері салынды. Бұлар кейін «жемқорлық» бекетіне айналмасына кім кепіл?
- Атырау транзиттік қала. Тек бірінші жартыжылдықта  Ресейден облысқа 40 мыңдай көлік өткен. Осындай көліктердің бағыты мен келу мақсаты, күре жолдағы такси қозғалысы – барлығы осы посттарда тіркеліп, тексеріледі. Әрине, полиция бекеттері тәулік бойы бейнебақылау камераларымен қадағаланады. Ең бастысы - әр қызметкердің бейне-дыбыстық жазба жетондарын тағуы жөнінде  ҚР ІІМ талабы қатаң сақталады. Осындай кепілдіктеріміз бар.
- Атырау қаласы сыртқы ықшамаудандар арқылы өсіп келе жатыр. Бұл жерлерде қылмыс түрлері, әсіресе, ұрлық жиі болады. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүріп жатыр?
- Соңғы жылдары қаламызға 17 жаңа ықшамаудан қосылып, қала халқының саны өсіп келеді. Алайда, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірде-бір учаскелік полиция пункті, полиция бекеті салынбаған. Осы елді мекендерде ұрлық, тонау күшейді. Қылмыстарға жол бермес үшін қалада 20 учаскелік пункт ашылып, 12 ғимарат салынып жатыр. 
Айтпақшы, мұндай мәселе алыс ауылдарда да бар. Қылмыспен күресте біздің құрығымыз ұзын болуы тиіс. Сол себепті Жанбай мен Азғыр және Сағыз полиция бөлімшелері ашылды. Қазір осы бөлімшелер көмегімен түгендеу жүріп жатыр. Мысалы, облыс көлемінде 1237 қыстақ тізімге алынып, еш уақытта жасалмаған құжаттары пайда болды. Шалғайдағы әр малшыға бас сұққан полицейлер қару  мен мигранттарды тізімге алды. 
Өкінішке орай, соңғы кездерде бірін-бірі жақсы танитын ауылдарда жастар арасында «разборкалар» көбейді. Осындай төбелестер кесірінен бірі өмірінен, бірі бостандығынан айырылып жатады. Мұндай қақтығыс, жанжалдарды болдырмас үшін ауылдарда ақсақалдар кеңесін құру керек. Полицияға халықтың қолдауы керек.


ТҰРМЫС ПЕН САНА ТУРАЛЫ

- 21 мамырда Атырау қаласы Алмагүл ықшам ауданында жұмыс жасамайтын лифтінің шахтасына 2 жасөспірім бала құлап, қаза тапқан болатын. Тергеу қалай болды? Кімдер жазаға тартылды?
- Сотқа дейінгі тергеп – тексеру жалғасуда. Заң талаптарын сақтай отырып, нақты жауап дер кезінде берілетін болады. 
- Жалақысы - 60-80 мың теңге, үйлері жоқ полиция қызметкерлері көп. Бұл олардың жұмыстарына әсер етпей ме?
- Мұнайлы мекенде қатардағы кейбір қызметкерлердің ірі  өндіруші компанияға көңілі ауып тұрары анық. Себебі, жалақы жоғары. «Сананы тұрмыс билейді» деп бекер айтылмаған. Алайда, ішкі істер органдары азаматтық болмысы бар, ер мінезді адамдардың орны деп есептеймін. Қазір полицияның имиджін жоғарылатуға бағытталған жұмыс нәтижелі жүргізілуде. Мұны жас түлектер арасында ішкі істер органдарына оқуға түскісі келетіндердің көбейгендігінен аңғарамыз.  Бұрын полиция қатарын құрайтын жастар Құрманғазы, Махамбет, Қызылқоға аудандарынан болса, қазір бізге жұмысқа келгісі келетіндер арасында мақаттықтар мен Құлсары қаласының жастары көбейді. 
Біз қызмет сапасын арттыруға да тырысып келеміз. Мысалы, бұрын қалада адамдар көлік құжаттарын рәсімдеу үшін СМП ықшам ауданындағы ескі полиция ғимаратында үлкен кезекке тұратын, ал қазір Нұрсаядағы әкімшілік полиция ғимаратында еркін жүр. Сол жерде халыққа арнап 200 орындық автотұрақ салынды. Көпшіліктің ұсынысы негізінде электрондық кезек мәселесі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы аяқталысымен жақын арада шешіледі. Бұдан басқа, биыл Балықшы ықшам ауданында көші-қон қызметінің арнайы орталығы ашылады. Бұл бастаманың барлығы ішкі істер министрі мен облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қолдауымен жасалып жатыр.
- Ұсақ ұрлықтар көбіне ашылмай жатады. Тіпті, тұрғындардың айтуынша, учаскелік инспектор арызды кері алуын өтінетін көрінеді. Мұндай жағдайда не істеу керек?
- Егерде учаскелік полиция жоғарыда аталғандай, арыздарды кері алуын өтінсе, оның үстінен талап-арыздарды департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшасына, департамент бастығының атына жолдауға болады. Салалық орынбасарлар аптаның белгіленген күндері жеке қабылдау өткізеді. 2016 жылы 102 операторларының санын көбейттік, олар тек қылмысты ғана емес, полицияға деген шағымдарды да тіркейді. Егер сіз айтып өткен фактілер тіркелсе, міндетті түрде жазалаймыз. 

Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор

16 тамыз 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.