Атырау, 20 сәуір 07:42
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Галстуксыз кездесу

Бейнежазба
5 035 просмотра


15 мамырда Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Бірақ олар ғана емес, өз жобаларына қолдау мен қаржы сұраған бизнесмендер, халықаралық гуманитарлық мекемелердің қызметкерлері және қоғам үшін идеялары бар жеке тұлғалар да келді.

Мұндай формадағы жиналыстар регламенттің ырқына көне қоймайды, сондықтан оның негізгі спикері Ноғаевқа шыдамдылық танытуға тура келгені таң қаларлық емес. Оның марафондық төзімділігіне лайықты бағасын беру керек: қатысушылардың көпшілігі төзімділік таныта алмады, үш сағаттық кездесудің соңында «Ақ Жайық» қонақүйінің мәжіліс залындағы орындар қатары едәуір сиреп қалды.

Жиналыс басынан әкім қатынас форматын ұсынды - алғашқы минуттардан бастап бәрі сұрақ-жауап режиміне көшті. Жауапты тұлғалардың комментарийлері мүмкіндігінше дереу берілді.

Балаларды дамыту орталықтарының біріне иелік ететін Сәуле ЕРНИЯЗОВАНЫҢ айтуынша, ондағы тәрбиеленушілердің бір бөлігі денсаулықтарында кінәраты бар балалар, оларға сабақтар тегін. Қолданылып отырған әдістеменің (ресейлік білім беру желілерінің бірінің франшизасы) арқасында бұл балалар үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Осындай нәтижелерге шабыттанған Ерниязова әкімнен сауықтыру орталығы үшін хауызы мен басқа да техникалық алаңдары бар орынжай беруді өтінді және денсаулық сақтау басқармасының толық қолдауын сұрады.

- Бұл жерде осындай бірлестіктер көп. Бәрі де осы мәселені қойып отыр. Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ (облысқа белгілі қоғам қайраткері - З.Б.) мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған орталық салуда. Оған хабарласыңыз, сіздің мақсаттарыңыз ортақ қой, солай емес пе? Ал ҮЕҰ-ға орынжай бермейміз, оған өкілетті емеспіз. Орынжай жоқ. Егер сіздің ұйымыңыз грант алу талаптарына сай келсе, біз әлеуметтік тапсырысты орналастыруға көмектесе аламыз. Бұл да конкурстық негізде болады, ортақ негізде мемлекеттік тапсырыс үшін күресуге тиіссіздер.

Жуық арадан бері өңірдегі экологиялық мәселелермен айналысып жүрген белсенді қала тұрғыны Арман ХАЙРУЛЛИН АМӨЗ-дің өткен жаз бойы тастаған улы шығарындылары туралы еске алды. Ол әкімнен жоғары жиіліктегі ауа бақылау жүйесін сатып алып, орнатуға қаржы бөлуді сұрады. Мұндай мониторинг станциясы орнатуымен және жылдық кепілдігімен 200 миллион теңгеге шығады. Ноғаев жоба нақты тұжырымдалған кезде оны қарап шығуға уәде берді.


Мүмкіндігі шектеулі баланың анасы балалардың жеке сауықтыру және оңалту орталықтарының шамадан тыс бағалары туралы шағымданып, оларға «бақылау жасауды» өтінді.

- Бұл біздің құзырымызда емес, сұраныс пен ұсыныс - нарық заңдары. Сіз менің есімдесіз, осындай мәселелермен шыққан едіңіз. Мен сізге оларға бармай, өздеріңіз құрыңыздар дедім. Сіз 470 анадан құралған бірлестік бар екенін айттыңыз. Бұл балаларды сіздерден жақсы ешкім білмейді. Әлеуметтік жоба әзірлеп, келіңіздер.

Кездесу басында әкім айтып өткендей, ең көп тараған сұраным – орынжайлар сұраған өтініштер: 2-топ мүгедегі ДЖАКУПОВА 9 жылдан бері өз пәтерінде науқас балаларға би үйретеді. Жігері мықты әйелге де қала маңынан орынжай керек, ол жерде қазақтың дәстүрлі қолөнер дағдыларын үйреткісі келеді екен.

Билікке қызықты ұсыныс айтқан Сарықамыс ауылының тұрғыны  спорт залының жобасын әкеліпті:

- Бізге ештеңе керек емес, жобасын жасадық, ақшаны да таптық, енді жер телімі қажет.

Атырау әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВ «тек аукцион арқылы» деп, жер алудың қолданыстағы нормаларына сілтеді. Бірақ облыс басшысы бұл ұсынысты қабылдап, қарап шығуға тапсырма берді:

- Көптеген кәсіпкерлер балабақша, мектеп, спорт кешендерін салуда. Сол жобалар бойынша жер телімдері мәселесі шешіліп жатыр ғой.

Білім алу үшін Қытайдан келген, этникалық қазақ қызы, АтМжГИ студенті шешілмей келе жатқан мәселені баяндады. 3 жылға созылған бұл дау туралы «АЖ» әлденеше рет жазған болатын: жоғарғы оқу орнының басшылығы Аспан асты елінен келген студенттерге оқу ақысын төлеген кезде уәде етілген 25 пайыз жеңілдікті беруден бас тартқан. Осы мәселе бойынша жарыссөз ұзаққа созылып, әкім қатысы бар барлық тараптарға жеке кездесу белгіледі.

Жергілікті суретші Бақтыгерей ТЕЛЕУБАЙ қолөнер орталығын және көшелерді сәулеттік-көркемдік безендіру кезінде сараптамалық кеңес құру туралы екі ұсыныс жасады. Қалалық әкімдіктегі мамандардың бірі биыл мұндай кеңестің құрылғанын айтты. Шебермен кездесіп, оның идеялары мен ескертулерін тыңдау туралы ұсыныс айтылды.


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

16 мамыр 2018, 13:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.