Атырау, 23 сәуір 21:55
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Әсияның тізімі

Сурет Бейнежазба
5 200 просмотра


Едені сықырлаған, ескі жиһазбен жабдықталған кішкентай кабинеттен бидай шүберек пен шаңның иісі шығады. Есікті имене қағып, өңі құп-қу жас әйел мен жеті жастар шамасындағы кішкентай қыз кірді. Әйел өзін таныстырып, «біз сияқтыларға көмектесіз бе?» деді. Олар тізімге алпыс бірінші болып енді.

СЕНСЕҢ ДЕ, ТЕКСЕРІП АЛ

Әселдің үш баласы бар. Соңғысы үш апта бұрын дүниеге келді. Жұмысы жоқ, баспанасы жоқ, енді күйеуі де жоқ. Босанар алдында ғайып болған. Жәрдемақы да, декреттік төлем де алмайды. Балаларын бірінен соң бірін дүниеге әкеліп, оларды өсіремін деп, жұмыс жасап үлгермеген. Перзентханадан анасы шығарып алыпты. Ескі қамыс үйдің жалдау ақысын, коммуналдық төлемдер мен азық-түліктерін де анасы төлейді. Мұның бәрін іскерлік кейіппен Халықаралық Қызыл Жарты ай қозғалысының жергілікті өкілдігінің директоры Әсия ҚҰЛЖАНОВА тыңдап отырды.

Ол кезекті сұрақты қойғанда шашалып қала жаздадым:

- Ішімдік ішпейсің бе? Жүрісің жоқ па? – деді дағдылы кейіппен Әсия. Әсел де еш қымсынбай басын шайқады. Оның орнына мен ыңғайсызданып қалдым, көзім бақырайып, Әсияға: «Солай бола ма? Босанғаны жаңа емес пе!» деп сыбырладым.

- Білесің бе, жаным, адамның түрі бар ғой. Біз оларға балалар үшін азық-түлік апарсақ, олар өздеріне басытқы дайындайды немесе көңілдестерін тамақтандырады. Біз сұрап қана қоймай, тексеріп аламыз. Аяқ-қолы балғадай еркегі диванда жататын отбасыға да қамқорлық жасамаймыз. Қиын жағдайлар болады ғой – аяқ астынан жұмыстан шығып кетеді, біз бір рет, екі рет көмектесеміз, үшіншіде – кешіріңіз, жұмыс іздеңіз дейміз.

Қайтадан қарсылық білдірмедім. Әсел оны көмекке зәру жандар тізіміне енгізуге өтініш жазып жатты. Оған: балалар арбасы, балалар тағамы, сәби киімі (әзірге сәбидің перзентханадан шыққанда ораған жамылғысы ғана бар), үлкен балалары үшін қысқы аяқ киім және азық-түліктер. Әсия оның мекен-жайын жазып алды. Ертеңіне гуманитарлық ұйымның қамқорлығына алынатын тізімге үміткердің жағдайын тексеруге барамыз.

АҚШАЛАЙ БЕРМЕУ КЕРЕК

Бір сағат бұрын менің әдепсіздеу сұрақтарыма Әсияның өзі жауап берген еді. Біріншіден, оның уәждері туралы. Бұл уақытта бірнеше қайырымдылық акциялары шеңберінде рет кездескен едік, оның кім екенін білмейтінмін. Бірақ көп уақытын еріктілікке арнайтынын түсіндім. Әлеуметтік желілерді белсенді қолданушы. Біз осылай таныстық. Ол мені өз тобына қосып, сол жерде еріктілердің бірі одан көшуіне қаржы керек болып отырған үш балалы әйел туралы хабарландыруға қайта пост жасауды өтінген еді. Бұл әйелдің атына да, суретіне де еш елең етпедім, бірақ менде онымен бір байланыс бардай сезім болды. Мен Әсияға хабарласып, мені Гуляға бірге апаруын өтіндім. Ерікті әдеттегідей жеке танысып, интернетте баяндалған жағдайдың шындыққа сай келетін-келмейтінін тексеруге жиналған болатын.

Менің сезімім алдамапты. 14 жыл бұрын сүйкімді келген, бұйра шашты қараторы Гуля тәтей менен ақша сұраған еді. Жылытылмайтын ағаш лашықтан жалаңаяқ кішкентай үш бала алдымыздан жүгіріп шыққанда шошығаным есімде. Әріптестерімізбен қыстың аяғына дейін көмірге ақша жинап, балаларға киім, азық-түліктер, жаңажылдық сыйлықтар сатып алдық. Гуляға, тіпті, депозит ашылды. Кәсіпкерлердің жыл сайынғы кешін ұйымдастырушылар маған қайырымдылық аукционын өткізуге мүмкіндік берді. Мен сол кезде 700 доллардай табыс еттім. Ол кезде әжептәуір ақша болатын. Сол кезде Гуля туралы түсіне бастап, менің қатысуыммен ғана 100 доллардан асырмай ақша түсіріп алу шартымен оның атына депозит аштырдым. Өйткені балалардың азық-түлігіне ақша ұзағырақ жетсе екен деп қалаған едім...

Бүгін оның тұңғышы 18 жаста, бірақ отбасылық жағдайы еш түзелмепті. Бұрынғыша өз үйлері жоқ, аналарының тұрақты жұмысы да жоқ, бөгде адамдардың көмегімен өмір сүріп жатыр екен. Балалары да жұмыс жасауға немесе оқуға ұмтылып тұрған жоқ. Мораль ма? Білмеймін, ол бар ма екен. Бірақ тиімді жолды жөн санайтын Әсия шешім қабылдады, ол бұл отбасын тізіміне енгізбеді.

- Ол өзіне ақшамен көмектесуді қолқалап отыр, ал мен олай ете алмаймын, балалары да кішкентай емес, жұмыс жасайтын жасқа келді, - деп кесіп айтты ол.


ӨЗІМЕ ӨЗІМ ҚЫЗМЕТКЕРМІН

Сол кезде Әсияға мұқият зер сала бастадым: бұл әйелге қайырымылық не үшін керек? Шамасы, қаржысы бар шығар, оны бөліскісі келетін болар. Әлде жұмысы – адамдарға көмектесу ме екен?

Анықталғандай, екеуі де емес екен. Ол құлықсыз мойындады: төрт баласын асырау үшін күйеуімен ажырасқаннан кейін жұрттың үйін жинастырып немесе күтуші болып табыс табады екен. Сондықтан осындай қосымша табыс табу мен Қызыл жартыайдағы директор мәртебесін бірге алып жүру оған қолайлы көрінеді. Уақыт кестесі еркін әрі жалақысы жоқ, өйткені тұрақты қаржы түспейді. Демек, көмекші жалдау да мүмкін емес.

Бұдан басқа, осы гуманитарлық халықаралық ұйымға жұмысқа кірмес бұрын бірнеше жыл жеке қайырымдылық қорында жалақымен осындай жұмыс істеген. Шағын болса да, үнемі бюджеті болатын: бір жас жігіт (айтпақшы, бизнесмен де, бай отбасының мұрагері де емес) қор құрып, оған жалақысының бір бөлігін тұрақты беріп отырған. Ал Әсия ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген. Бұл толыққанды жұмыс аптасы болатын: ол есеп жүргізіп, азық-түліктер сатып алып, аптасына бір рет қордың негізін салушымен бірге оларды таратқан. Қазіргі «дерекқордың» жартысын бұрыннан біледі. Кейбір отбасына 3 жылдан бері қамқорлық жасап келеді.

НЕГІЗГІ СӨЗ

Жергілікті Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте қарапайым кеңсесі қоныс тепкен Қызыл жартыайдың өз бюджеті жоқ. Әзірге кеңсе жұмысы бокстерге түскен қаржымен реттеліп отыр: бұл садақаға жинауға арналып жасалған шыны қорапшалар. Мұндай қорапшалар кейбір бензоколонкалар мен супермаркеттердің ішінде тұр. Айына орташа алғанда 30-40 мың теңгеден жиналады. Олар төтенше жағдайлар департаменті филиалының есепшотына шоғырланады. Бұл гуманитарлық ұйым үшін басымды қызмет түрі. Осы ақшамен кеңсенің қажетті нәрселері төленеді. Әсия олардан садақа жинауға арналған жаңа бокстарға тапсырыс береді, ал қажет болған жағдайда көмекті тарату үшін машиналарды жалға алады.

Әсия бөлісіп отырған нәрсенің бәрі – оның әлеуметтік желілердегі қызметінің жемісі. Ол көмек тобын ұйымдастырып, қажетті заттар немесе азық-түліктердің қажет екендігі туралы хабарлама жариялайды, адамдардың жағдайын баяндайды. Басқа адамдар да үн қосады: заттар немесе азық-түліктер сатып алуға, барар жері жоқ адамдардың жалдамалы пәтерлерін төлеуге көмектеседі.

Сондықтан оған филиал жұмысын тезірек жолға қойып, садақа жинауға арналған бокстар жүйесін кеңейту арқылы қаржының түсуін реттеп, тұрақты демеушілерді іздеу керек. Кеңсенің бір бұрышында апарылмаған жаңажылдық сыйлық салынған бір пакеттің жатқанына қарағанда, демеушілер көп емес.

- Әсіресе, Жаңа жылда немесе Құрбан айтта болады. Желтоқсанда маған бір шетелдік компания шығып, қамқорлығымыздағы жандардың тізімін сұрады. Олар өздері іріктеу жасап, әр отбасына қоңырау шалып, мерекеде не алғылары келетінін сұрады. Ол жерде планшеттер де, ойыншықтар да болды, адамдар үй шаруашылығына қажетті нәрселерге де көмектесуді сұраған.

Бәрін еріктілер өздері таратып апарды, тек мына пакет тұрақты мекен-жайы жоқ иелеріне жетпей жатыр. Үйлері өртеніп кеткен жандар әр жерді паналап жүр.

Әсияға көлік болып тұрғанда дәл осы жандарға баруды ұсындым: филиалдың өз көлігі де жоқ. Сөйтіп, Әсияға көмекші болып, үш мекен-жайға баратын болдық. Құр қол бармас үшін Әсия санамалап берген «минималды азық-түлік себеті»: екі келіден картоп, макарон, ұн, қант, бір қорап сүт, бір қорап шай, шемекі май бөтелкесі салынған үш пакетті алып шықтым. Мұндай азғана көмекті көпшілігіміздің қалтамыз көтеретіндігіне таң қалдым. Әрқайсымыз осылай үнемі көмектесіп тұрсақ, қандай жақсы болар еді... деп ойладым. Сол сәт: «үнемі» деген негізгі сөзге мән бердім. Біздің бәріміз біреулерге орайы келгенде, мүмкіндік болғанда көмектесеміз. Күнделікті өзекті проблемаларды шешу, күн сайын мұқтаж жандар картотекасына бақылау жасау, қазір осы жерде көмек керек болып жатқан жандарды іздеу – бұл мүлдем басқа деңгей. Мұндай деңгейге бірен-сарандар ғана жетеді. Жалғызбасты 90 жастағы Маша әжейдің аштықтан өліп қалмағаны, осындай жандар мен олардың тұрақты көмекшілерінің арқасында шығар. «Әсияның тізіміндегі» қамқорлыққа алынған басқа алпыс отбасына өмір сүріп, күресу сәл жеңілдеу болар.


ТҮРЛІ ТАҒДЫР

Бұл өзгеше отбасы. Ата-аналары бұрын нашақорлар мен қыдырымпаз болған жандар инсульт алып, ауыр жағдайдағы мүгедектерге айналған. Күрмелген тілдерін тек бірінші сыныпта оқитын егіздері ғана түсінеді. Пысық, өз бетінше тірлік ете алатын балақайлар.

Әйелі ортақ 6 баласы болып, 15 жыл отасқаннан кейін күйеуін қыста далаға қуып жіберген;

5-тен 13 жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты әкені сирек кездестіруге болады.

Диабеттің ауыр түрімен ауыратын әйелдің жасы 58-де, гангрена болып, аяқтарының өлі тіндерін алып тастаған он шақты ота жасалған... Тұратын жері жоқ, арбаға таңылған әйел өз зейнетақысына баспана жалдауға мәжбүр;

Тағы да оншақты жалғызбасты қариялар, жалғызбасты аналар, мүгедектер...

Егде тартқан жесір әйел өмір бойына екі ұлын сүйрелеп келеді: жасы қырыққа келіп қалса да үлкен ұлы кішкентай бала сияқты, ақылы дамымыған, есесіне балалардың церебралды сал ауруының ауыр түріне шалдыққан інісін қолына көтеріп жүреді. Үшеуі кіші ұлдың мүгедектігі бойынша алатын жәрдемақысына өмір сүреді. Асыраушысынан айырылғаны үшін алатын жәрдемақы беруден бас тартқан. Не жесір әйелсің, не мүгедектің анасысың, екеуінің біреуін таңда депті. Біздің мемлекеттік машинаның түсінігі бойынша қатарынан екі жәрдемақы алу өте «майлы» болады. Яғни, қасіреті бір басына жетерлік, ал қағаз бойынша ресми түрде ондай мәртебеге ие бола алмайды.


ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚТАР ТУРАЛЫ

Бұл майданда өзгерістер де болып тұрады. Рас, өте сирек. Әсия әзірге үшеуін еске алды. Бір отбасы көмектен бас тартыпты, 3 жыл ішінде алғаш рет. Демек, жағдайлары реттелген.

- «Менікілер» - ар-ұяты бар жандар, оларға көп әкелсе (әдетте, үлкен мереке кездерінде), қоңырау шалып, Әсия, бізге әзірге керек емес, біздің үлесімізді мұқтаж боп жатқан жандарға апарыңыздар дейтіндер бар..

Екінші жаңалық «анағұрлым жақсы» санаттан: бір әйел 5 баласымен адам тұратын баспанаға көшкен. Анасы күндіз балаларының қасында болады, ал жалға алу ақысын төлеу үшін кешкісін кафені тазалайды. Ал бұрын олар 9 жыл бойы еш жағдайы жоқ саяжай массивіндегі жұртта қалған бетон қорапта, бомждармен көршілес өмір сүрген болатын. Әрине, ол алма салынған пакет болса да, кез-келген көмекті ризашылықпен қабылдайды.

Үшінші сүйінші «жаңажылдық пакетті» апара жатқан үйі өртенген отбасылардан болуы мүмкін. Отағасы жұмысқа орналасып жатқан сияқты, сондықтан құжаттарын ресімдеп жатқан әлдебір кеңсенің алдынан кездесетін болдық. Адамдар көп жыл жүріп, үйлерін салады. Көшіп, өз үйлерінің қызығын көріп үлгермей, одан айырылып қалды. Үйлері өртеніп кетіп, қап қара болған қабырғасы ғана қалады. Қайта салуға ақшалары жоқ: әйелі екі баласын бағып отыр, вахтада жұмыс жасайтын отағасы үйі өртенбес бұрын жұмысынан айырылған. Енді балалары Ақтөбедегі әжесінде тұрады, ата-анасы туыстарында, жалдамалы бұрыштарда көшіп-қонып жүр. Осы отбасы жамылғы мен төсек-жайма сұраған екен. Кез-келген нәрсеге ұйықтаудан шаршапты. Олар шынымен де тұрақты жұмыс тапса, бұл отбасының өмірі реттелетініне сенімдімін.

ӘРЕКЕТ ЕТУ

- Қоғамда осындай көмекке деген көзқарас бірдей емес - кейбіреулер әлеуметтік арқа сүйеушілікке ықпал етеді деп санайды.

- Арқа сүйеушілерді көбейтіп жатырмыз ба? Бұл туралы ойланбадым, - деп Әсия абыржып қалды. Содан соң: - Егер біз оларды күн сайын қаматамасыз етіп отырсақ, онда солай. Ал «менікілер» қиын жағдайларда ғана қоңырау шалып, азық-түлік сұрайды.

- Ал бұл сценарийді өзгертуге бола ма? Сіздің нәтижелеріңізге қарағанда, 3 жыл ішінде тек бір отбасы ғана қиыншылықтан шыға алған.

- Әр отбасыны нақты алып қараған жөн. Көбінісе тұрақты жұмыс керек. Немесе баланы балабақшаға орналастыру керек. Жалғызбасты ана сәбиін қалдырып кететін ешкім болмаса қалай жұмыс жасайды?! Міне, сол кезде менікілер азаяр еді. Ал олар жұмыстан бас тартып отырған жоқ. Мәселен, маған кейде таныстарым қоңырау шалады: үй жинап беретін немесе баламен отыратын адамдар бар ма деп сұрайды. Мен тізімдегі «аналарға» қоңырау шаламын, олардың кез-келгені табыс табуға риза. Менің өзім де көбінесе осылай табыс табамын.

- Меніңше, біреудің дәрменсіздігін немесе ауруын, тіпті үнемі мұқтаждығын тұрақты бақылап отыру ауыр нәрсе...

- Менің өзім сондаймын, өзім осылай өмір сүргендіктен, оларды жақсы түсінемін. Неге көмектесу керек деп, сен сұрап отырсың ғой. Өйткені, отбасы жалақысын, зейнетақысын немесе жәрдемақысын алады – коммуналдық төлемін, жалға алу ақысын, несиесін төлейді, ал киім түгілі, дәрі-дәрмегі мен азық-түлігіне ештеңе қалмайды...

Ыңғайсыз үзіліс орнады. Әсия күйгелектеніп отыр, ол қажет нәрсені айтып отырмағандай сезінді, осы күндер бойына өзі туралы жазбауын өтінді, ұялады екен. Оған рефлексия тән емес, өзіне назар аудартқысы келмейді (оның ісіне пайдасы тию үшін осы жарияланымды жазуға әзер көндірдім). Ол әдемі сөйлей алмайды, ол барып жасауға, әрекет етуге үйренген. Өйткені, инсулин дозасын сатып алатын немесе айлық баспана жалдау ақысына ақша беретін біреуді таппаса, біреу өліп қалуы немесе мүгедек болып қалуы мүмкін екенін біледі. Және бұл дүниеде қайғы да көбейер еді. 


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Сурет пен видеоны түсірген Марат ТАКУЛИН

16 қаңтар 2018, 14:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.