Атырау, 29 наурыз 16:11
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Біреу туған жерге, біреу тойған жерге

Сурет
3 920 просмотра


Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы орталық зерттеушілеріның қорытындысына сәйкес, Қазақстан жастарының 40% - дан астам елден кеткісі келеді. Шетелге кеткен осы жастардың өмірі қандай? «АЖ» тілшісі өзге елдерде тұрып жатырған жерлестерімізбен хабарласты.

Дарья ГАРАЗДЮК Қазақстаннан 5 жыл бұрын кетіп қалған. Қазір Прагада тұрады:

- Мен Қазақстаннан 17 жасымда мектеп бітіргеннен кейін кеттім. Шыны керек,  шетелде оқуды ойлағанда Чехияда оқимын деп ойламаппын. Кейін ата-анамның  өте көп күш салуымен осы елге оқуға түсіп, қалып қойдым. Қазақстан мен Чехияның менталитеті мен өмір сүру деңгейі әртүрлі. Маған бұл ел ұнайды.  Жуық арада осы елде тұру ықтиярхатын алуды жоспарлап отырмын. Әрі қарай көре жатармыз.


Кумисай ЛОТ, Қытайдың Тяньцзинь қаласында тұрады:

- Мен Қытайға тіл үйренуге бардым. Кейін Қытайдың Тяньцзинь қаласына көшіп барып, университетке оқуға түстім. Оқуым аяқталуға жақын. Бұл елде көп нәрсені үйрендім, ағылшын және қытай тілдерін жетік меңгеріп алдым. Бұл елдің мәдениеті маған қатты ұнайды. Экономикасы қарыштап дамып келеді. Қытайды жақсы көремін. Егерде отбасымның Қытайға көшіп келетін мүмкіндігі болса, мен осы елдің азаматы болып қалар едім.


Индира ЖҰМАЖАНОВА, Малайзия астанасы  Куала-Лумпурда тұрады:

- Мектеп бітіргеннен соң, Алматы қаласындағы беделді оқу орнының грантын иелендім. Бірақ Қазақстандағы білім сапасы ұнамағандықтан, Куала-Лумпурға оқуға түстім. Қазір өзім оқыған университетте жұмыс істеймін. Білесіз бе, Қазақстанда мектепте оқыған пәндерді университетте кері оқытады. Бұл маған теріс көрінді. Малайзия университеттерінде іс-тәжірибеге көп көңіл бөледі. Ал азаматтық алуға келсек, мен оны ауыстырмаймын. Осы елде алған білімімді өз елімнің пайдасына жұмсағым келеді. Бірнеше жылдан соң Қазақстанға қайтамын.


Жасырмайын, мен де 2014 жылы мектепті аяқтай салысымен өзге елге кеткім келген. Бірақ екі талпынысым да сәтсіз шығып, елде қалдым. Ол кезде менің елден кетуіме екі ғана фактор әсер етті: жемқорлық пен әлеуметтік әділетсіздік. Қазір де бұлар күшеймесе, жойылған жоқ... Ал қазіргі жастар елден кеткісі келеді ме?

Назгүл Жауынбаева,студент:

- Мүмкіндік болып тұрса, отбасыммен бірге көшер едім. Сол елде қазіргідей жалақыдан-жалақыға дейін қиналып, өмір сүрмейтін едім. Еуропа елдерінде болмасам да, оларда барлығы адамдар үшін жасалғанын білемін. Сондықтан Франция немесе Германияның азаматтығын алсам, жақсы болар еді.

Дүйсенбаев Асылхан, банк менеджері:

- Менің кеткім келмейді. Өзіме елім ұнайды. Қазақстан болашақта өзге елдер секілді бай-қуатты, дамыған мемлекет болады деп сенемін. Қоғамның өзгеретініне күмән келтірмеймін. Көп адамдар өзге елге қызығып кетеді, кейін тауы шағылып, кері қайтады.

Бижан Табылдиев, қала тұрғыны:

- Өзге елдің азаматтығын берсе, бас тартамын. Өйткені мен осында тұрып, өз елімнің дамуына үлес қосуым керек. Негізі елден кетуге еш себеп жоқ деп ойлаймын.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттер респонденттердің жеке мұрағатынан

12 қаңтар 2018, 10:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.