Атырау, 28 наурыз 16:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

​Сенат БАҚ туралы заңнамаға түзетулерді қабылдады

2 507 просмотра

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Заң жобасын дайындау барысында жан-жақты талдау жүргізе отырып, осы мәселелердің барлығын қамтыдық. Құжат бір жылдың ішінде қоғамда ашық талқыланды. Министрлік оған барынша мүмкіндік жасады. Парламенттің, қоғамдық бірлестіктер мен журналистер ұйымдарының өкілдерімен арнайы жұмыс тобын құрдық. Бұдан бөлек, бірнеше рет республикалық, сондай-ақ өңірлік деңгейдегі талқылаулар өтті. 

Сонымен қатар азаматтар интернетте де қызу талқылап, ұсыныстар жолдады. Жобаны жетілдіру барысында барлық ұсыныстар мен пікірлер ескерілді. Қорыта айтқанда, заң жобасында 16 заңға және 6 кодекске 280-нен астам өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылып отыр», - деді Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев. 

Осы орайда министр жобада қарапайым азаматтардың ақпарат саласындағы құқықтарын қамтамасыз ететін бірқатар нормалар ұсынылып отырғанын атап өтті. Солардың бірі тұлға мен редакция арасындағы дәлелсіз ақпаратқа қатысты дау-дамайды сотқа дейін шешу тәртібіне қатысты.

«Қазір ақпараттың таралу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бір ғана жалған дерек санаулы уақытта адамға орасан нұқсан келтіре алады. Сондықтан да біз азаматтарды осындай жағдайдан қорғай отырып, сонымен қатар мәселені сотқа дейін реттеу жолын ұсынып отырмыз. Әрине, бұл ретте заңда БАҚ- тың теріске шығарудан бас тартып, азаматтың сотқа жүгінуін күту сақталады», - деп түсіндірді Д. Абаев.

Тағы бір қарастырылып отырған мәселе - cубтитрді және сурдоаударманы қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуге байланысты. 

«Ақпарат құралдарында азаматтардыі рұқсатынсыз олардың суретін қолдануға арналған талаптар тізбесі бекітілді. Мысалы, ендігі жерде қандай да бір тұлға мәдени-көпшілік, спорттық және басқа да шараларға әрі жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысса, журналистер оның суретін рұқсат сұрамай-ақ жариялай алады. Балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар да қарастырылып отыр. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды «тазартылған Интернет контентімен» қамтамасыз ету талабы көзделуде», - дейді министр.

Бұған қоса, күш көрсету, жәбірлеу салдарынан зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер мен оның суретін баланың өзінің немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз қолдануды шектеу тәрізді өзгерістер ұсынылып отыр. Мұнымен қоса, БАҚ-тың қызметіне қолдау көрсету мақсатында бірқатар өзгертулер енгізілмек. Мәселен, қолданыстағы заңда болмашы заңбұзушылық үшін ақпарат құралының тиражын тәркілеуден бастап, қызметін тоқтатуға дейінгі бірқатар қатау шаралар қарастырылған болатын. 

Жаңа жобада осындай әкімшілік жазаларды жеңілдететін немесе алып тастайтын нормалар қамтылды. Баспа БАҚ үшін тағы бір жеңілдік - газеттің немесе журналдың өкілетті органға өткізілетін міндетті данасын енді электронды түрде тапсыруға рұқсат берілмек. 

«Тұтатас алғанда, заң жобасы ақпарат, байланыс және ақпараттандыру субъектілері үшін оңтайлы жағдай жасап, олардың одан әрі қарқынды дамуына бағытталып отыр» -деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Дереккөз: inform.kz

21 желтоқсан 2017, 12:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.