Атырау, 29 наурыз 04:33
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Дүмшелер диагнозы

5 602 просмотра


Атыраудағы бағандарға, үйдің кіре берістеріне жапсырылған және әлеуметтік желілерде жарнамаланған жаңа компьютерлік диагностика жарнамасы 40 минут ішінде ағзаны сканерден өткізіп, бүкіл органның жай-күйін анықтауға уәде береді. Ешқандай қымбат тұратын анализдер, МРТ, УЗИ және белгілі бір сала маманы қажет емес. Ол емізетін аналар мен сәбилер үшін қауіпсіз, бар болғаны 8 мың теңге тұрады. «АЖ» тілшісі бұл әдіс авторының өз тәжірибесін концлагерь тұтқындарына жүргізгенін анықтады...

АҚШАСЫ АЛДЫН АЛА

Қоңырау шалып, телефон тұтқасынан: - Пациенттер өте көп, мен бір өзіммін, үзіліссіз жұмыс жасаймын деуге болады. Келіңіз, бәрін өз көзіңізбен көресіз. Тек, кешікпеуіңізді өтінемін, - дегенді сөзді естідім.

Аталмыш мекен-жайға белгіленген уақытта бардым. Привокзальный ықшамауданында орналасқан қарапайым кеңселік орынжай екен. Компьютерлер қойылған үстелдер, маңызды кейіп танытқан әйелдер отыр. Әлденелерді есептеп, компьютерлеріне құюда. Қабырғаларға түрлі тілдерде сертификаттар мен әртүрлі конференцияларда түскен фотосуреттер ілінген. Сәл күте тұруға тура келді, өйткені, пациенттер толы деп телефонмен сөйлескен дәрігер маман орнында болмай шықты. Дегенмен, бұл сол жерде отырған оның әріптестерінің біріне алдағы тексерілу жұмысы үшін менен бірден ақша алып, қолдан толтырылған түбіртекті беруге кедергі болмады. Бірнеше минуттан кейін бір қыз келіп, басқа кабинетке еріп баруымды өтінді. Өзін диагностикалық жабдықтың операторымын деп таныстырды. Айтпақшы, жабдық шағын қорапша түріндегі аппарат жалғанған қарапайым компьютер екен. Аппаратқа құлаққап жалғанған.

- Бұл арнайы айналы құлаққаптар. Біз био-резонансты тексеру жүргіземіз. Құлаққаптар арқылы сіздің ағзаңызға сигналдар түседі. Жасушалар осы діріл сигналдарына жауапты сигнал жолдайды. Арнайы жасалған бағдарлама осы сигналдарды оқуға мүмкіндік береді. Сондықтан қысқа уақыт ішінде сіздің тарапыңыздан ешқандай ақша және уақыт шығындамай, ағзаңызды басыңыздан бақайшағыңызға дейін тексеріп шыға аламыз.

Көңілім көтеріліп, өзімді ұстамауға бел байладым.

- Қандай шағымыңыз бар? Не мазалайды? Бәлкім, әлдебір органыңызды мұқият қарап шыққанымды қалайсыз ба?

- Жалпы, ондай ештеңе мазаламайды. Бірақ 12 апталық жүктімін, сәбиім үшін алаңдаймын. Дәрігерлер УЗИ мен анализдерді дұрыс көріп тұр ма екен? Оның үстіне әлсіздік бар, жүрегім айни береді, - деп абыржыған түр танытып, өзіме де күтпеген жерден өтірікті соғып жібердім. – Жүкті әйелдерге сіздің әдісіңізбен тексерілуге бола ма? Сәбиге зиян келтірмей ме екен?

- Біздің тексеру әдісіміз сізге де, сәбиіңізге де мүлдем қауіпсіз.

Сұрақтар мен жауаптардан кейін менен әшекейлерімді шешіп, құлағыма құллаққап кигізіп, компьютердің жанына отырғызды.

- Бағдарлама сізді сканерлеп болғанша, 40 минут күтуге тура келеді. Бір ғана өтініш - құлаққабыңызды шешпеңіз, - деп кеңес берді оператор. Содан соң мені компьютердің жанында оңаша қалдырып, өзі шығып кетті.

ҚАРА ШАРШЫ

Айналы құлаққаптан ешқандай сигнал да, өз жасушаларымның жауап берген дірілін де сезбедім. Есесіне мониторда болып жатқан көрініске қызығушылықпен бақылау жасап отырдым. Экранда адам анатомиясы бойынша адам органдарының суреттері: бүйрек, бауыр, ми, жүрек, ұйқы безі және т.б. көрінді. Жекелеген органдардағы суреттер фотосуреттермен алмасты. Әр органның төңірегінде түрлі түсті – сары алтыбұрыштан бастап қара шаршыға дейін белгілер байқала бастады. Белгідегі түс күңгірт болған сайын, ағзаның аталмыш органының жағдайы да нашар дегенді білдіреді деп түсіндім. Сары алтыбұрыш – сау жер, қызғылт үшбұрыш - әлсіз өзгерістер, қызыл үшбұрыш – проблема бар, ал қара шаршылар – жағдай өте нашар. Қара шаршылардың мөлшеріне қарағанда, жағдайымның мәз емес екендігіне дайын болуым керек. Бұл аппарат, айтпақшы, жүктіліктің бар-жоғын анықтай алмайды.

Адам денесінің жүйесі мен органдарын қызықтай қарап отырып, 40 минуттың қалай зымырап өте шыққанын байқамаппын. Қайтып келген оператор бағдарламадан менің денсаулығым туралы мәліметтерді алатынын айтты. Содан кейін оларға дәрігер анализ жасайды. Бұл біраз уақыт алады, сондықтан бір айналып келуім керек екен. Бір жарым сағаттан кейін қоңырау шалып, диагноздың дайын екенін айтып, келуімді өтінді.

ҚЫМБАТ КАЛЬЦИЙ

Мені өзін кеңесшімін деп таныстырған басқа әйел қарсы алып, оқу сыныбын еске түсіретін басқа кабинетке еріп баруымды өтінді.

- Сізде қорқынышты ештеңе жоқ екен. Жүкті екенсіз. Есепке тұрдыңыз ба? Анализ тапсырдыңыз ба?

- Иә, бәрін жасадым.

- Жақсы. Соңғы анализіңізде гемоглабиніңіз қандай болды?

- 146, - дедім еш мүдірместен шынымды айтып.

- 146? Хм…, - деп ойланып қалды ол. – Ал дәрігерлер сізге қаныңыз өте қою деп айтқан жоқ па?

- Жоқ. Ондай айтпады.

- Қаныңыз қою. Варикоз мазалайтын шығар?

- Жоқ, ондай ештеңем жоқ.

- Бұл уақыт еншісінде, аппарат қазір проблема бар екенін көрсетіп тұр. Созылмалы гастрит, созылмалы тонзиллитіңіз бар екен, өт қабы толып тұр, тазарту керек.

- Қалай толып тұр? Немен? Қалай тазарту керек?

- Бұл мәселені босанғаннан кейін қолға алуыңыз керек. Әзірге сәбидің дамуына көңіл бөлу қажет.

- Айтпақшы, сәбиім қалай екен? Аспабыңыз не көрсетіп тұр?

- Әзірге бәрі жақсы. Сіздің жағдайыңызда жүрек айну, әлсіздік, ұйқышылдық болуы тиіс. Бірақ сәби дұрыс дамуы үшін сізге кальций қабылдау керек. Сізге екі препарат тағайындаймын – бірі сіз үшін кальций, екіншісі – сәби үшін. 20 күндік курс ішесіз, содан кейін сізге дәрумен кешенін тағайындаймыз.

- Қандай кальций ол? Оны қандай дәріханадан сұрайын?

- Дәріханадан ағзаңыз сіңіре алмайтын химияға толы кальций аласыз. Ал бізде табиғи кальций бар, жасуша деңгейінде ағзаға сіңеді. Мұндайды еш жерден таба алмайсыз. Егер бұл туралы қазір ойламасаңыз, анемия дамуы мүмкін. Бұл балаға зиян екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Жалған жүкті әйелді қорқынышты диагноздармен қорқытпай, кальций мен витаминдер тағайындаумен шектеліп, ашық ауада серуендеп, жүкті әйелдерге арналған гимнастика жасауды ұсынған биологиялық белсенді қоспалар ұсынатын танымал компанияның бұл «дәрігерлеріне» риза болмасқа болмайды.

Бірақ тағайындаған препараттар үшін 20 мың теңгедей төлеуім керек екен. Бұл тек басы ғана.

Кешкісін маған дәрігер қоңырау шалып, «емді» неғұрлым ерте бастауға кеңес берді. Жағдайымның қалай жақсарып жатқанын кейін алдағы диагностикалардан біле аламын. Олар арзанырақ – 5000 теңге.

ТМД-ДАН БАСҚА ЖЕРЛЕРДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

Мен ресми медицинадан диагностиканың осы түрі бойынша комментарий алуға тырыстым. Алайда, мен жүгінген дәрігерлердің барлығы білмейміз, естіген емеспіз деп ат-тондарын ала қашты.

Интернеттен осындай биорезонанстың ұзақ тарихы бар екенін анықтадым. Бұл әдіс өзінің синкретикалық ілімін жасауды ұйғарған неміс дәрігері Рейнхольд ФОЛЛЬ идеясының жалғасы екен. Доктор Фолль шығыс медицинасы, шығыс мистикалық тәжірибелері мен гомеопатиясы үзінділерінен ала-құла мозаика жинақтаған. 1990 жылы көз жұмған доктор Үшінші рейх дәуірінде Освенцим концлагерінде адамдарға тәжірибе жүргізумен айналысқан «Ананербэ» СС бөлімшесінің құрамында болған. «Ананербэ» ұйымы 1933 жылы Гиммлердің бастамасы бойынша «құдіретті адамды» жасау мақсатында генетикалық манипуляцияны жүзеге асырған элиталық мистикалық орден ретінде құрылыпты.

Бірақ Фоль қандай да бір себептермен ауыр жазаға тартылмады. Медициналық практика жасау құқығынан айырылған ол сонда да  бұрын жинақталған материалды жетілдірумен айналысқан. 1953 жылы өз атымен аталған құрылғы мен әдістің авторы ретінде тағы да танымал болды. Басымнан өткерген «заманауи компьютерлік диагностика» жұмысының принципі осы әдістің негізімен жасалған.

Фоль әдісіне негізделген бұл аппараттардың барлығын адамды зерттеудің диагностикалық әдісі ретінде ресми ғылым баяғыда жоққа шығарған.

Осылайша, АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау  басқармасының (FDA) шешімімен, медициналық практикада Фолль әдісі бойынша электропунктуралық диагностиканы қолдануға тыйым салынған. 1970 жылдан бері бұл әдіс ресми түрде көбояушылық деп танылды.

Құрама Штаттар аумағына Фоль-диагностика аспаптарын импорттауға тыйым салынды және кейбір маркетологтарға заңмен қудалау туралы ескертті. АҚШ-та Фоль аспаптарын қолданғаны үшін кейіннен ірі айыппұлдар салынып, бас бостандықтарынан айырған бірқатар қылмыстық істер қозғалды. Канада, Австралия, Ұлыбритания Фоль-диагностика аспаптарын әкелуге тыйым салды.

ТМД-да бұл жағдай нашар. Бұл жерде көзбояушылық әдіс терең тамыр жайған. Ресей мен Белоруссияда 90-жылдары мұндай құрылғыларды өндірушілер денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде шенеуніктердің қолдауына ие болды. Ал кейбір жерлерде бұл аспаптардың дәстүрлі медицинада қолданылатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Бағымызға орай, Қазақстандағы емханалар мен ауруханаларда мұндай аспаптар жоқ. Бірақ биологиялық белсенді қоспаларды таратушылар оларды еркін пайдаланады, бұл азаматтар үшін өте қауіпті. Өйткені, құрылғы, мәселен, онкологияның бастапқы кезеңін анықтауға қабілетті емес.

Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті түсірген автор

12 желтоқсан 2017, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.