Атырау, 23 сәуір 12:24
 бұлттыВ Атырау +26
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Астрахан тас жолы келер жылы жөнделеді

Сурет
6 173 просмотра

«АЖ» ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне жырға айналған Атырау-Астрахан тас жолының жөндеу жұмыстарына қатысты сауалдарын жолдап, комитет төрағасының орынбасары Сәтжан АБЛАЛИЕВТІҢ қолы қойылған төмендегідей жауап алды.

- Ақтөбе-Атырау – РФ шекарасы республикалық маңыздағы автокөлік жолын жаңғырту жұмыстары қашан басталады? Жобалық-сметалық құжаттар дайын ба?

- Жаңғырту жұмыстары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті сараптамалардан өтіп, жобаның көп бөлігін Ислам Даму Банкі қаржыландырады. Жұмыстарды 2018 жылдың 1 жартысында бастап, 2020 жылда аяқтау жоспарланып отыр.

- Жаңғырту жұмыстарын өткізетін мердігерді анықтайтын тендер өтті ме?  

- Негізгі қаржыландыруды Ислам Даму Банкі жүргізетіндіктен, мердігерді және құрылысты қадағалайтын консультанттарды анықтау бойынша халықаралық конкурстық рәсімдер Банктің талабына сәйкес жүргізілуде. Аталған конкурсқа Ислам Даму Банкіне мүше мемлекеттердің барлық компаниялары қатыса алады. 2018 жылдың 1 жартысында тиісті келісімшарттарға қол қойып, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Жұмыс күші және жол құрылысына арналған техника конкурсты ұтып алған компания тарапынан тартылатын болады.

- Жалпы, Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы тас жолын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге қанша қаражат бөлінді?

- «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахан)» автомобиль жолы үш учаскеге бөлінген. Атап айтқанда «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» және «Атырау-Астрахан» учаскелері. Мақат-Атырау бөлігі жөндеуден өткен.

Қазіргі уақытта «Қандыағаш-Мақат» учаскесі бойынша Азия Даму Банкімен 240 млн доллар сомасына қарыз туралы келісімге қол қойылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Қалған «Ақтөбе-Қандыағаш» (215 млн доллар) және «Атырау-Астрахан» (328 млн доллар) учаскелерін қаржыландыру бойынша Ислам Даму Банкімен қарыз туралы келісімдерге қол қою бойынша келіссөздер жүргізілуде.

- Қайта жаңғырту жұмыстары қыс мезгілінде де жалғаса ма?  Ол болашақта жол жабындысының сапасына кері әсер етпей ме?

- ҚР Құрылыс Ережелеріне сәйкес, қолайсыз ауа райы жағдайларында немесе қыс мезгілінде жол құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс түрлеріне және қолданылатын материалдарға байланысты түрлі талаптар мен шектеулер қойылады.  

Сонымен қатар, егер құрылыс жұмыстары минустық температурада жүргізілсе, жол жабындысының сапасына кері әсердің алдын алу мақсатында бетон қолданылатын жұмыстар үшін төмен ауа температурасының әсеріне қарсы сақтық шаралары қолданылады.

- Қолданылатын құрылыс материалдарының қазақстандық үлесі қанша?

- 95%.  

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор  

14 қараша 2017, 12:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.