Атырау, 29 наурыз 06:02
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Ақтөбе - Мақат» автомобиль жолын жөндеуге халықаралық қаржы институттары тартылады

3 084 просмотра


«Ақтөбе - Мақат» автомобиль жолы Азия Даму Банкi, Ислам Даму Банкi мен мемлекет қаржысына жөнделедi. Бұл туралы Мәжiлiстiң жалпы отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Бүгiн мәжiлiсмендер «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкi арасындағы Қарыз туралы келiсiмдi (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 және 6-дәлiзiн қосатын «Ақтөбе-Мақат» автомобиль жолын реконструкциялау жөнiндегi жоба) ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады.

Заң жобасымен ҚР Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек таныстырды. Министрдiң айтуынша, реконструкциялау халықаралық сауданың дамуына, жұмыс орындарының ашылуына, жол бойындағы бизнестiң дамуына және отандық материалдардың пайдаланылуына мүмкiндiк бередi.

«Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» Жолдауында Астанамен тиiмдi және сапалы көлiк қатынасымен макроөңiрлердi қосу үшiн орталық-оңтүстiк, орталық-батыс, орталық-шығыс бағытында автожол жобаларын iске асыруға тапсырма бердi. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберiнде 11 жобаны iске асыру көзделген. Олар - Астана- Алматы, Астана-Өскемен, Атырау арқылы Астраханға шығатын Астана-Ақтау, Алматы-Өскемен, Қызылорда-Павлодар, РФ шекарасы, Астана-Петропавл, Жетiбай-Жаңаөзен, Астана қаласының оңтүстiк-батыс айналма жолы, Орал- Каменка және басқа да жобалар. Олардың бiр бөлiгiн - 1 млрд 800 млн АҚШ долларын зайым сомасына - халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебiнен iске асыру жоспарлануда», - дейдi Қасымбек.

Министрдiң мәлiметiнше, «Ақтөбе-Мақат» жобасы бiрнеше көзден қаржыландырылады. Жолдың 299 км - Азия Даму банкi есебiнен, 156 км - Ислам Даму банкi есебiнен жөнделедi. Қазақстан мен Азия Даму Банкi арасындағы Қарыз туралы келiсiм 2016 жылы 7 желтоқсанда жасалған. Жоба бойынша асфальт төселiп, 11 көпiр салынып, 149 су өткiзгiш құбыр мен 2 жол өтпесiн салу көзделген. Жоба 2017-2021 жылдар аралығында iске асуы тиiс.

«Келiсiм шарттарына сәйкес, АДБ Ақтөбе мен Мақат елдi мекендерiнiң арасындағы ұзындығы 299 км жуық екi жолақты автомобиль жолдарының учаскесiн реконструкциялауға 240 млн 300 мың АҚШ доллары мөлшерiнде қарыз бередi. Болжамды шығындар сомасы 273 065 мың АҚШ долларын құрайды, оның iшiнде АДБ-нiң қарызы - 240 300 мың АҚШ доллары, республикалық бюджеттен қарызды бiрлесiп қаржыландыру - 32 765 мың АҚШ долларын құрайды. Аталған сомадағы АДБ қарызы Қазақстанға 5,5 жылдық жеңiлдiктi кезеңдi қоса алғанда 18 жыл өтеу мерзiмiмен берiледi. «Ақтөбе-Мақат» учаскесiн реконструкциялау мемлекетаралық және сауда қатынастарын кеңейтiп, тереңдетедi. Себебi, жол учаскесi «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлiк дәлiзiне қосылады», - деп түйiндедi Жеңiс Қасымбек.

Дереккөз: Baq.kz

10 мамыр 2017, 11:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.