Атырау, 28 наурыз 15:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Прокурор» ісі: Апелляция қалай көмектесті және қандай істердің беті ашылды

Сурет
9 296 просмотра

16 наурызда Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы Атырау облысы прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла СМАДЬЯРОВАҒА қатысты шығарылған үкімге апелляциялық шағымды қарады. Алқа үкімнен бірінші эпизод бойынша қорқытып пара алу белгісін алып тастады, үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалды. 

Естеріңізге салсам, облыстық прокуратура ғимаратының алдында өзін-өзі өртеу әрекетінен кейін үлкен резонансқа айналған істе Смадьярова бірінші инстанция сотында:

УГ-157/11 (әйелдер түзету колониясы) басшысы Нұрзада САҒЫНҒАЛИЕВАДАН тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау фактісін жасыру үшін 2 млн теңге сомасында пара алды;

2015 жылдың 9 шілдесінде Сағынғалиевадан төсек-жаймаларды беруде анықталған заң бұзушылықтар бойынша шаралар алмағаны үшін «қорқытып алынған» 6 млн теңгенің 1 млн теңгесін алды;

«Аманғалиева Г.» ЖК-ден бақылаушы органдарға қаржылық құжаттарды жолдамағаны үшін 2 млн теңге талап етті;

2015 жылдың 14 қарашасында Сағынғалиевадан сотталушының өз өзіне қол салу әрекетін жасыру фактісі бойынша шара алмағаны үшін бір мың АҚШ долларын алды;

2015 жылдың желтоқсанында Сағынғалиевадан «жалпы қамқорлық» жасау үшін 200 мың теңге алды деп, 5 эпизод бойынша айыпталған еді.

Биылғы жылдың 10 ақпанында №2 қалалық сотының судьясы Эльмира ОЙҚҰЛОВА оны барлық бес тармақ бойынша кінәлі деп танып, жалпы режимдегі колонияда «кіші әділет кеңесшісі» шенінен және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс жасау құқығынан айырумен, қылмыстық жолмен табылған мүлікті тәркілеумен қатар, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық туралы заң қолданылып, бұл мерзім екі есеге қысқарды. Ақырғы үкім - 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы. Бұған қоса сот прокурордың кішкентай жастағы (олардың бірі омырауда) балалары болғандықтан жазаны кейінге қалдыру туралы ұсынысын қабыл алмады. Сотталушының адвокаттары апелляциялық соттан өз қорғалушысын толықтай ақтауды өтінді.

- Смадьярова қорқыту арқылы пара алды деп белгіленген қылмыстық істегі 5 эпизодтың бәрі тек Сағынғалиева мен Г.Аманғалиеваның жауаптарына ғана негізделген, басқа дәлелдер жоқ! – деп еске салды апелляциялық алқаға адвокат Игорь ВРАНЧЕВ.

Адвокат Игорь ВРАНЧЕВ (сол жақта)

Шынымен де бұл сот тәжірибесіндегі егер алғашқы болмаса, өте сирек кездесетін жағдай. Тергеу ісі  сотқа қылмыстың заттай дәлелдерін де, фото немесе бейнедәлелдерін, тіпті аудиожазбаларын ұсынбады. Алайда айыптау үкімін шығару үшін сотқа Смадьярованың Атырау облысындағы түзету мекемесінің жұмысына бақылау жасайтын арнайы прокурор болып тұрған кезінде, оның кәсіби қызметінен тікелей немесе жанама түрде зардап шеккен адамдар тобының жауабы жеткілікті болды. Адвокаттар қылмыстық істің қозғалуына негіз болған айыптау мәнмәтінін атап өтті және логика тұрғысында зардап шегушілер жоқ, тек куәгерлері бар істің жекелеген кейіпкерлері туралы бірнеше дәлелденген фактілерді алға тартты. Істе әйелдер түзету колониясының бұрынғы бастығы Нұрзада Сағынғалиева басты рөлдердің бірін ойнайды. Ол көптеген заң бұзушылықтар жасаған. Лейла Смадьярова бұл әрекеттерді анықтаған соң қылмыстық жауапкершілікке тартылған және жұмыстан босатылған.

- Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабына сәйкес, ешкім де өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге міндетті емес, алайда біз 4 ай бойына осы нормаға қарамастан, Смадьярованың оған тағылып отырған айыптауларға қатысы жоқ екенін дәлелдеуге тырыстық. Сот Сағынғалиеваның өзінің жеке басын, оның бүкіл жауаптары мен дәйектерін қабылдаған сот сеніміне лайық па, оны назардан тыс қалдырды. Сағынғалиеваның өзі өз билігіндегі бюджет ақшаларын пайдалануға қатысты төрт эпизод бойынша қылмыстық іске тартылғанға дейін әлденеше рет тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал Смадьярова жұмыс орны бойынша тек жақсы жағынан ғана сипатталды. Оның үстіне, ол келген соң Атырау облыстық қылмыстық түзету мекемелері қызметкерлерінің тарапынан заң бұзушылықтарды анықтау нәтижелілігі артты, - деді сотта Вранчев. – Сот менің өтінішім бойынша талап етілген Сағынғалиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне  №162300131000093 болып тіркелген қылмыстық істің материалдарын ескеріп, назарға алмады. Алайда судья Ойқұлова Смадьярованың айыптауына қатысты емес деп есептеп, оны тексеруден бас тартты.

АЛ КУӘГЕРЛЕР КІМДЕР?

Ал адвокаттар қазір де бұл фактіні прокурордың бұрынғы көмекшісінің ісіне тікелей қатысы бар деп есептейді.

2016 жылдың 21 сәуірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық іс-қимыл бюросы Атырау облысы бойынша департаментінің әйелдер колониясының бұрынғы басшысы Сағынғалиеваға қатысты бастаған сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша оның іс-әрекеттерінен лауазымдық қызметін теріс пайдалану белгісі анықталды. Бір жылдай уақыт ішінде ол комендант О.МҰҚАНОВАДАН парадағы өз үлесін алып отырған. Комендант бастығының келісімімен әйелдердің гигиеналық төсемінің нормасын екі есеге қысқартып тастаған: айтуға ұят, алайда сотталған әйелдер бес төсемнен алған, ал қалған бесеуін әлгілер сатып, олжаларын бөліскен.

2016 жылдың наурызында колония бастығының міндетін атқарушы өз құрбысы Г.Аманғалиеваның ЖК-не ет пен балық үшін 424 мың теңгені заңсыз аударған. Ал іс жүзінде құрбысы мекемеге бұларды жеткізбеген.

Сол жылдың мамырында Сағынғалиева көлік жөндеу орнына жалған актілер бойынша өз көлігін қызметтік көліктерге қызмет көрсету келісімшарты бойынша жөндеткен.

Қызметтік құжаттамаларды, табельдер мен журналдарды тексеру кезінде 7 млн теңгеден астам сомада тағы бірнеше қаржылық заң бұзушылықтар анықталды.

Сағынғалиева ҚР ҚК-нің 361-бабының 2-тармағы («Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану») бойынша күдікті ретінде танылған. Содан кейін ол жазбаша түрде қылмыстық қудалау органына жүгініп, оған тағылып отырған іс-әрекеттерді жасағанын толықтай мойындап, өкініш білдірген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық іс-қимыл бюросы департаменті ҚК-нің 65-бабының («Шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату») негізінде Сағынғалиеваға қатысты сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы шешім қабылдады. Сол кезде оны «әділет майоры» арнайы шенінен айырып, ҚТЖ органдарынан шығарып жіберді.

Ол сонымен қатар, ҚК-нің 361-бабы бойынша сыбайлас жемқорлық заң бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Дегенмен де, сот куәгер Сағынғалиеваның жауаптарын «шынайы, сенімге лайық, сот отырысында зерттелген басқа дәлелдермен жинақталған жүйелі әрі расталған» деп есептеді. Сот комендант Мұқанованың «үнемдеген» әйелдер төсемін сатудан тіксінбеген куәгер М.Бименоваға және еті мен балығы жоқ кәсіпкер Аманғалиеваға сенбеуге негіз жоқ екендігін көрсетті...


ӨКІЛЕТСІЗ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ ПА?

Адвокаттар сотталушы Смадьяроваға қатысты айыптау үкімін жойып, басқа да бірқатар факторлар бойынша ақтау үкімін шығаруды өтінді. Олар шағымданған үкімде «сот тұжырымы істің шешілуіне әсер еткен едәуір қарама қайшылықтарға ие» екендігіне сенімді.

Олар, сондай-ақ, «жалпы қамқорлық үшін қорқытып пара алу» тұжырымдамасына қарсы.

- Бұған жол беруге болмайды, өйткені бұл жағдайда сот үкімде оның қайда айқындалуы керектігін көрсетуі тиіс еді. Өйткені қызмет бойынша қамқорлық немесе бетімен жіберушілік өз құзырына кіретін мәселелерді қолайлы шешуді білдіреді. Қызмет бойынша жалпы қамқорлық қарамағындағы қызметкерді белгіленген тәртіпті бұзып, анағұрлым жоғары лауазымға негізсіз тағайындауда, оны көтермелеу төлемдеріне, сыйақыларға ұсынылатын тұлғалар тізіміне енгізуде және т.б. байқалуы мүмкін, - деп мәлімдеді сотта Вранчев. – Сот егер қаржылық құжаттар бақылаушы органдарға жіберілген болса, кәсіпкер Аманғалиеваға қандай заңды мүдделер бойынша қандай зардаптар, соның ішінде қауіп туындауы мүмкін екенін анықтаған жоқ. Сонымен қатар, Смадьярованың өзінің қызметтік бабын пайдаланып, Аманғалиеваға оның коммерциялық қызметін Атырау облыстық түзету мекемесінің аумағында дамытуға қандай да болмасын қолдау көрсетуге мүмкіндіктері бар екені де анықталған жоқ. Смадьярова ҚТЖД өткізетін мемлекеттік сатып алулар процедурасына араласа алмайды, бірақ сот бұл дәлелді де назардан тыс қалдырды.

Бұдан басқа, үкімнің сипаттама-дәлелдемелік бөлімінде осы қылмыстық құқықбұзушылық жасалған жер, уақыты мен әдістері куәгерлердің жауаптарына сәйкес келмейді. Куәгерлердің ешқайсысы да Смадьярованың қорқытып ақша алғанын және Сағынғалиеваның оған ақша бергенін растай алмады. Олардың барлығы тек Сағынғалиеваның сөздерін алға тартты.

КУӘГЕРЛЕР МӘРТЕБЕСІ

Прокурор Лаура САМАТОВА апелляциялық алқадан үкімді өзгеріссіз қалдыруды, бірақ кішкентай балалары болғандықтан жаза мерзімін кейінге қалдыруды сұрады.

Сот тараптарды тыңдап: Смадьяроваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырып, бірақ қылмыстық істегі бес эпизодтан бірінші эпизод бойынша қорқытып алу туралы тармақты алып тастау жөнінде қаулы етті.

- Бұл іс фигуранттары үшін нені білдіреді, кейбір куәгерлердің мәртебесін қалай өзгертеді? – деп сұрадым Вранчевтан.

- Смадьярова үшін ештеңе өзгермеді. Кейбір куәгерлердің мәртебесі шынымен де өзгереді. Бұл бұдан бұрын 2016 жылдың 14 тамызында Сағынғалиеваға, Бименоваға, Мұқановаға қатысты 367-ші «Пара беру» бабы бойынша шығарылған қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны жоюға әкеліп соғады.  Өйткені, ол осы баптың ескертуіндегі 2-тармақтың негізі бойынша тоқтатылды. Онда пара берген адам, егер оған қатысты параны қорқытып алу орын алған болса қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Бұл қаулының жойылуы осы үш тұлғадан басқа бірінші эпизодқа қатысы барларды қылмыстық іске тіркеуді білдіреді. Бұлар пара беру үшін несиелер алған-мыс тұлғалар және олардың әрекеттері 367-баптың 3-тармағының 1-тармақшасы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара беруі») бойынша бағалануы тиіс. Осы бап бойынша пара сомасының 40 есе мөлшері түрінде (бұл әрқайсысынан 80 млн теңгеден – З.Б.) айыппұл немесе өмір бойына белгілі бір лауазымды иелену құқығынан айырумен және мүлкін тәркілеумен қатар  7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған (естеріңізге салсам, сот барысында тек комендант Мұқанова мен Сағынғалиева жұмыстан босатылған, қалғандары түзету мекемесінің жүйесінде жұмыс жасауды жалғастыруда – З.Б. )

- Смадьярованы қорғаушылар енді не істемекші?

- Әрі қарай шағымданамыз, Жоғарғы сотқа кассациялық шағым әзірленуде. Бірінші эпизод бойынша пара берушілерге қатысты қылмыстық істің қозғалуына белсенді түрде бақылау жасайтын боламыз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

17 наурыз 2017, 12:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.