Атырау, 28 наурыз 13:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Кішкентай ел» бес гектар жерге ие болды

4 093 просмотра

Жағымсыз жаңалық-тардан шаршадыңыз ба? Сіз үшін менде жақсы жаңалық бар: Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ (суретте) биліктен бес гектар жер алып, ерекше балалардың мұқтаждығы үшін экологиялық кешен жобасын жүзеге асыруға кірісуде.

«АРМАНЫМЫЗ ДА ОСЫ ЕДІ»

Ол туралы «АЖ»-да үлкен жарияланым жарық көргеннен кейін Ерланды (гиперссылка «Кішкентай елдің» үлкен жүрегі») Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ кездесуге шақырған:

Одан басқа, қабылдауда түрлі атқару органдарының өкілдері қатысты. Біз әңгіме барысында туындаған сұрақтарға сол жерден комментарийлер алдық. Біздің идеямызға шынайы қызығушылық білдіргені үшін әкімге ризамын. Жақсы әңгімелестік, ол бірнеше дұрыс кеңестер берді. Оның кеңесі бойынша, алдағы уақытта жер телімін ресімдеп, құжаттарын әзірлеу заңдық және басқа да проблемалар тудырмас үшін біз жобаны инвестициялық жоба ретінде мәлімдедік. Әрі қарай бізді қарсы алғандар жобамыздың мақсатын білген соң, бізді сөзсіз қабылдады. Сауатты, бей-жай қарамайтын адамдар кездесіп, бүкіл құжаттарды тез ресімдеуге көмектесіп, жақында ғана бес гектар жерге уақытша мемлекеттік акті алдық

Уақытша ма?

– Ол 10 жылға есептелген, содан кейін оны ұзартуға болады.

Жер қалай екен? Мақсатыңызға үйлесімді ме?

– Иә, керемет. Арманымыз осы еді: жері тегіс, құс фабрикасы ауданындағы өте таза жер, бүкіл коммуникация - газы, суы, жарығы жүргізілген, екі жағынан да көлік жолдары өтеді. Жақсы жерде орналасқан, мен, тіпті, кешеніміздің сұлбасын көріп отырмын, - деп күледі Ерлан. – Топырақ та өңдеуге жарамды деп ойлаймын. Ол жерде саяжай учаскелері алыс емес, ал көрші учаскеде шаруа қожалығы бар.

– Оқырмандарға идеяның төркінін еске салайын: сен «Кішкентай елдің» ерекше балалары дәлелденген әсері бар жылқы терапиясын қабылдау үшін, сондай-ақ, жылқыларға күтім жасап, жерді өңдеп, өз экологиялық көкөністеріңді өсіріп, еңбек терапиясынан өтуі үшін ипподром салуды жоспарладың. 

– Иә, солай, бірақ бас-аяғы бұл емес. Ең болмаса төрт шаршы метр болатын (біздің балалардың барлығы дерлік бұлшық ет түйілуінен зардап шегеді және бұлшық ет корсетін және жалпы, барлық бұлшық еттерін босаңсыту үшін гидротерапияға қатты мұқтаж) оңалту залдары мен бассейндер, бау-бақша мен атқорадан басқа, ол жерге контактілі зообақ: теңіз шошқаларын, аламандар, аквариум балықтарын, құстарды, қойларды, сиырларды... жинағым келеді. Яғни, балалардың қолмен ұстауға мүмкіндіктері болуы үшін ұсақ және қолға үйретілген анағұрлым ірі жануарларды. Бұл да терапия үшін маңызды. Балалар мен жануарлар жақсы үйлесім табады, мұндай мысалдарды жиі көріп жүрміз. Бұдан басқа, бұл балаларды дамытар еді және қала пәтерінің төрт қабырғасынан тысқары қоршаған орта туралы шынайы көрініс берер еді. Айтпақшы, бұл бақ пен оның бүкіл нысандары баршаға қолжетімді болады. Өйткені, дені сау қала балаларының да табиғатпен қарым-қатынасы аз. Олар да жер қазып, дүкенде кесіліп, оралып тұрған көкөністердің қалай өсетінін түсінетін болады. Оның үстіне, біз көбінесе қатарлас достары жоқ балалардың қарым-қатынас тапшылығын осылайша толтырар едік. Менің балаларыма бұл қарым-қатынас, түрлі балалармен достасу әрі қарай қоғамда әлеуметтену үшін өте қажет.
 
«ӨЗІМІЗДІ ӨЗІМІЗ АСЫРАйМЫЗ ҒОЙ»

Сенің балаларды жұмысқа орналастыру және оларды параолимпиадалық ойындарға дайындау туралы мақсатың болып еді ғой...

– Ерекше балаларды арнайы олимпиада ойындарына дайындағым келеді. Даун синдромы бар балалар физикалық тұрғыда дені сау, оларға күш шынықтыру керек. Чемпион болмаса да, қатысқанның өзі олар үшін жақсы болар еді. Бұдан басқа, мұндай балалардың аналарына қолдау көрсете аламыз. Оқытып, дайындау үшін мамандар тартып, аналары үшін тренингтер, семинарлар өткіземіз. Мен үшін өте маңызды мақсат – оларға табыс табуға мүмкіндік ұсыну, қолайлы жұмыс кестесі бар тігін цехын ашуды ойлап жүрмін. Анасы жұмыс істеп жүргенде, сәбиі ем алатын болады. 

Сіз табыс тапқыңыз келе ме? Осы керемет әлеуметтік жоба кәдімгі коммерциялық жобаға айналып кетпей ме?

– Мен өзім бизнестен келдім, әуел бастан «Кішкентай еліміз» үшін ешкімге алақан жаймай, өзіміз табыс тапсақ деген мақсат болғанын жасырмаймын. Шынымды айтсам, өтінуден шаршадым. Біз ең алдымен өз қажеттілігімізді қанағаттандыруға арналған бизнестің тез қайтарылатын бірнеше бағытын жоспарладық. Ал егер артық қалып жатса, табыс та таба аламыз. Бұлар органикалық таза көкөністер; тауық еті (біз бройлер өндірісін игергіміз келеді); тігін цехы мен өз қонақ үйіміз.

– Тіпті, қонақ үй де бола ма?

– Иә, жобаның бизнес жоспарына 16 орындық қонақ үй құрылысы енгізілді. Өйткені, бізге баланы емдеуге алып келеді, біз басқа қалаларда тұратындар үшін «курсовка» (курортта емделуге, тамақтануға құқық беретін құжат) жасап, оларды сатқымыз келеді. Әрине, науқас балалардың ата-аналары үшін қолжетімді бағаға. Өзіміздің және шақырылған мамандардың қатысуымен көптеген емдеу бағдарламаларын жоспарлап отырмыз. Аудан, тіпті басқа қалалардың тұрғындарын тұрмыстық жағдайлармен қамту үшін өз қонақ үйіміз керек. 

Жобада қандай мерзімде қайтарымдылық болады деп белгіленген?

– Ноғаев инвестициялық жоба форматын текке ұсынған жоқ. Өйткені, негізгі мақсат – біздің балаларымыз кәмелетке толған кезде оларды жұмысқа орналастыру. Қазіргі қоғамнан өз орнын табу олар үшін өте қиын екені ешкімге құпия емес. Ал оларға жұмыс керек. Оларға әлеуметтенуге, қоғаммен бірігуге қандай да болмасын кепілдік болу керек. Егер Алла қаласа біздің бизнес жобамыз 6-шы жылы алғашқы өнімін бере бастауы тиіс. Ол уақытта біздің қазіргі 200 баламыздың дені сау ең үлкендері кәмелеттік жасқа толады және өзіміздің нысандарда жұмыс жасауды бастай алады. Жылқыларға күтім жасауға көмектесіп, бақшаларда, тігін цехында жұмыс жасай алады...
 
«ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАЙТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ!»

Жоба жүзеге асып, тіпті, өзін ақтады делік...

– Бүкіл табыс тек жобаны ұстауға және дамытуға жұмсалатын болады. Бәрі ашық болу үшін тысқары тәуелсіз қатысушылардан құралған қамқоршылық кеңесі қаржылық бақылау жасап отырады. Мен қазір осы қатысушыларды іздеп жүрмін. Маған қоғамның алуан түрлі  құрметті, сенімді өкілдері керек. Қазір де олар құрылыс кезеңінде шығындардың жұмсалуына бақылау жүргізу үшін керек. Мен бұл ақшаға, тіпті, жақындағым да келмейді.

Қаржыдан қашықта болғың келуі ізгі ниетіңнен ғой, бірақ, бақылау жасап, тікелей өзіңнің қатысқаның қажет шығар?

– Солай ма? Бұл жауапсыздық деп ойлайсың ба? Мен қаржы туралы ештеңе білгім келмеді, тек емдеу мәселесімен, оқытумен, бизнес-процесті құрумен айналысқым келді. Бірақ, біреуі екіншісіз мүмкін емес шығар. Біз қазір бұл істің тетіктерін ойластырудамыз, егер қажет болса, қатысуға, жауапкершілік алуға әзірмін.

Ал ақша көп пе? Сөзіңе қарағанда, жобаның бірінші кезеңі өте көп шығынды сияқты.

– Олар әлі жоқ (күлді.). Біз қазір бір қорытындыға келіп, шамамен сметалық құнын жасап, содан соң жобаны жобалау-сметалық құжаттама жасау үшін кәсіби мамандарға тапсырамыз. Ал содан кейін қаржы жинауды бастаймыз. Маған соңғы жылдары көмектесуге әзір екенін білдірген адамдар мен компаниялар өте көп хабарласты. Мен «әлі уақыты келмеді» дедім. Біздің мол қаржыға мұқтаждығымыз болмады, өз жәрмеңкемізден және шағын қайырымдылық қаржыларынан түскен ақша жететін. Мен қазір сол жандарға, уақыт келді, бізге бүкіл Атырау қаласының басты көрнекі орны етуді армандаған бақты салуға көмектессеңіздер деп айтқым келеді. Көмектескісі келгендер қазір біз туралы еске алады деп үміттенемін. Біз кез келген көмекті қабылдаймыз: жеке еріктілердің қатысуынан бастап, қаржылық қолдауға дейін, телімді тазарту, перделермен, ыдыс-аяқпен, қағаздармен қамтамасыз ету болса да. Қазір көмекшілеріміз бар. Мәселен, бүкіл кешеннің сәулет-құрылыс жобасын қазір қаладағы жақсы танымал сәулетші Сағат САТҚАНОВ тегін әзірлеуде. Ол бұл проблемамен жақсы таныс, өйткені, өзі де ерекше баланың әкесі. Біреулер біздің атқорамызға жылқылар әкелуге әзір. Бей-жай қарамайтын біздің жерлестеріміздің көмегімен басқа да мәселелердің шешілетіндігіне сенемін. Үнемі қолдау көрсететіндеріңіз үшін сіздерге, «Ақ Жайыққа» өте ризамын. Сіздердің біз туралы әр жарияланымыңыз әрдайым жұртшылықтың жақсы көзқарасын тудырады. Сіздер болмасаңыздар, ештеңе де болмас еді.

Рақмет! Қуаныштымыз. Біз бұл жобаның атауы туралы әңгімелемедік қой.

– Әзірге атауы «Экобақ», бірақ, бізге басқа – жеңіл, позитивті, біздің жобамыздың мақсатын: сауықтыруды, ерекше балаларға көмек көрсетуді, экологиялылықты... айқындайтын атау керек. Бірақ, әзірге ондай ештеңе ойластырған жоқпыз.
– Бәлкім, үздік атауға байқау жариялармыз?

Олай етуге бола ма?

– Неге болмасқа? Құрметті оқырмандар, осы жобаға атау беруге қол ұшын берсеңіздер. Оның идеясын бейнелейтін ассоциациялық түсініктерді бақ, ферма, балалар, органика, экологиялық, денсаулық, табиғатпен үндестік... деген сөздермен білдіруге болады. Идеяларыңызды azh.kz сайтындағы мақаланың астына комментарий ретінде қалдыра аласыздар. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Марат  ТАКУЛИН

2 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.