Атырау, 29 наурыз 01:46
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Астрахан трассасын қалпына келтіру: маршрут өзгермейді

5 267 просмотра

Исатай ауданы тұрғындарының арасында Атырау трассасы – Ресей шекарасы маршруты қалпына келтіруден кейін өзгереді деген қауесет желдей есуде. Кейбіреулері жолдың Жанбай ауылы арқылы салынатынын айтса, басқалары – бұрынғыша Аққыстау мен Тұщықұдық ауылдарының арасына салынады дейді. Ал енді біреулері нәтижесінде аудан орталығы Аққыстаудан Қызылүй ауылына көшеді деседі.

«Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы бөлімінің басшысы Сәуле КУРЖУМОВАНЫҢ айтуынша, республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Ресеймен шекаралас А-27 автожолын қалпына келтіру жұмыстарын «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында жүзеге асыру жоспарланған. Жоба Ислам және Азия даму банктері есебінен қаржыландырылатын болады.

Жоба аясында аталмыш жол учаскелерін – Ақтөбе облысымен шекарадан бастап Мақат поселкесіне дейін ұзындығы 155 километр (Мақат ауданында жол Атырау-Құлсары трассасына қосылады) және Атырау қаласынан Ресеймен шекараға дейінгі ұзындығы 277 километр жолды қалпына келтіру жоспарланған. Жобалау-іздестіру жұмыстары 2014 жылдың аяғында басталды, ол 2016 жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Мұнымен «Қостанайжолжоба», «Ақтөбежолжоба» жобалау институттары, «Жаңажол» ЖШС және «Арнай» өндірістік компаниясы айналысуда.

Бүгінгі күні жобалау-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтті. «Атырауинжстрой» ЖШС күшімен Ақтөбе-Атырау-Ресеймен шекаралас (Мақат ауданында) жолының 458-ші және 468-ші километрі арасындағы 10 км жол учаскесін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Куржумованың айтуынша, қалпына келтіруден кейін жол 3-ші санаттан 2-ші техникалық санатқа ауысатын болады. Яғни, жол төсемі толықтай ауыстырылады, кеңейеді, нығайтылады, еріген суларға арналған өткізбелер мен көпірлер қайтадан салынады.

Бұдан басқа, Аққыстау мен Тұщықұдық елді мекендерінде ұзындығы 17 километр айналма жол салу жоспарланған. Ол Тұщықұдық поселкесінің шетінен бастап Бақсай каналының және «Аламан» шайханасының жанынан өтіп, негізгі жолға қосылатын болады. Тұщықұдық пен Аққыстау поселкелерінің арасында жатқан ескі жол 3-ші техникалық санатқа дейін күрделі жөнделеді.

Жоспар бойынша трасса бойында орналасқан бүкіл елді мекендердің жанында жаяу жүргіншілер өткелі, автобус аялдамалары және демалыс аймақтары салынады.

Куржумова айналма жол құрылысынан басқа негізгі трасса маршрутында ешқандай өзгерістер жоспарланбағанын атап өтті.

Трассаның Атырау учаскесін қайта жарақтау бойынша толық ауқымды жұмыстарды 2017 жылдың екінші жартысында бастау жоспарланған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

13 желтоқсан 2016, 12:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.