Атырау, 19 сәуір 17:43
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Әлихан Бөкейханның ізімен 2-ші бөлім. Қарқаралы

Сурет
10 217 просмотра

(1-бөлім)

МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТА ОРНЫНА «СОРҒЫ МЕН СУ ЕСЕПТЕГІШТЕР»

…Қарқаралыға кешке қарай жеттік. Айта кету керек, бүкіл экспедиция бойына Қазақ географиялық қоғам жоспарлаған шаралардан бөлек тосын жағдайлар орын алды. Оларды шешуге жергілікті тұрғындар, туыстар мен Фейсбук аудиториясы көмектесті.

Бір жақсы жері, қазақтар өте қонақжай және достық пейілдегі халық, қай жерде де мол дастарханмен қарсы алды. Келесі күні таңертең әкіммен және жергілікті әкімшілікпен кездесу жоспарланды. Алдымен біраз уақыт кішкентай Әлихан тұрған көпес Бекметьевтің жер иелігіндегі ғимаратты қарап шығуды ұйғардық. Қазір бұл ғимарат аудан әкімдігі жанындағы Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орынжайы. Ішінде көпес Бекметьевтің отбасына арналған бір бөлме бар. Содан кейін біз Әлихан білім алған училище ғимаратын қарауға кеттік. Бірегей тарихи училище ғимаратының жалға берілгенін көргенде қатты таң қалдық. Терезелерінде «Шұлық-ұйық бұйымдары», «Шегілетін киімдер», «Сорғылар, су есептегіштер, пластик тұрбалар» деген жазулар толып тұр. Ғимараттың салынғанына жүз жылдан асқан, ол заң бойынша музей болуға тиіс. Музей үшін бір бөлмені бөліп немесе ең болмағанда бұл жерде «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан оқыды деген жазуы бар естелік тақта орнатуға болар еді. Өкінішке орай, олай болмай шықты. Мәселен, кейінірек, біз Орынборда болған кезде, облыстық музейден бар болғаны екі күнге Орынборға жол-жөнекей соғып кеткен А.С.Пушкинге арнайы түгелдей бір бөлме бөлінгеніне назар аудардым. Әлихан Бөкейхан Қарқаралыда шамамен 1874-1886 жылдары 11-12 жылдай тұрған. Ал бұл жергілікті билік тарапынан анағұрлым назар аударуға лайықты едәуір ұзақ кезең.

Әлихан Бөкейхан оқыған училище

ЖАНЖАЛ ШЫҒАРУШЫ «ӨТЕ КІШКЕНТАЙ» БОЛЫП ШЫҚТЫ

Көрнекі алаштанушы әрі Бөкейханның өмірбаянын жазушы Сұлтан Хан ЖҮСІП жазғандай, Әлиханның Қарқаралыдағы өмірі 1873 жылы оның әкесі жеті жасар баланы Қарқаралы молдасы Зарифке медресеге оқуға берген кезеңінен басталады. 1873-1875 жылдары қазақша сауат ашқан Әлихан Қарқаралыдағы 4 сыныптық орыс-қазақ мектебіне өздігімен оқуға түседі. Бастапқы уақытта әкесінің танысы – жергілікті көпес Халиолла Бекметьевтің үйінде жатып оқиды. Оны Кәми Бекметьев деп те атаған.

Бөкейханның ерте өмір кезеңі туралы мәліметтердің негізгі дереккөзі болып табылатын Смахан төренің естеліктеріне сүйенсек, кішкентай Әлихан Бекметьевтердің үйінде ұзақ тұра алмаған. Өйткені, кішкентай бала кезінен өзіне шаруа жасатуға қарсы болған. Сөйтіп, өздігімен аралас бастауыш мектеп пансионатына ауысады. Ол кездерде орыс-қазақ мектептерінде білім алу 4 жылды құрайтын. Бұл туралы білгенде әкесі Нұрмұхамед қарсы болмайды, өйткені өз ұлының мінезін жақсы білетін. Мектептен кейін ол Қарқаралы қолөнер училищесіне оқуға түсіп, келесі 4 жылда «етік тігу шебері» мамандығын меңгерген. Сұлтан Хан Жүсіп жазғандай, училищеде жас Әлиханның әрі қарай білім алуына соққы болып тиген оқиға орын алады. Мектеп оқушыларының арасында төбелес басталған, ол ұлтаралық сипатта болған. Соның салдарынан кісі саны бойынша қарсы тараптан бірнеше есеге көп болған зардап шегуші тарап соттасқан. Өйткені, төбелес нәтижесінде шенеуніктің ұлы зардап шегіпті. Әлихан Бөкейханның ісі сотқа дейін жетеді, жанжал шығарған сол деп танылыпты. Оқиға барысына жоғары дәрежедегі басқа шенеунік Баязит Мамлеевтің ұлымен достығы және сот ісінде Әлиханның туған күнінің қате жазылуы ықпал еткен.

Көпес Халиолла Бекметеев отбасының суреттері

Смахан төре өз естеліктерінде Әлиханның туған жылы 1865 жыл деп жазған. Ал сот ісінде 1870 жыл деп жазылыпты. Бұл кейіннен баланың шынайы туған күнінде жаңылыс туғызған. Бірақ бұл баланы жазадан құтқарып қалады. Алайда ол Мәскеудегі Бутырь түрмесінде болған кезде, тұтқын сауалнамасында туған уақытын «1866 жыл 5 наурыз» деп жазыпты. Ал төбелес кезінде құжат бойынша оның жазалануы мүмкін емес еді, өйткені «өте кішкентай» болған. Жазаламағанмен оны училищеден оқудан шығарып жібереді. Оның қалайша қайтадан оқуын жалғастырғаны туралы тарихта ештеңе айтылмаған. Алайда құжаттар арасындағы аттестат Әлиханның училищені аяқтағанын білдіреді.

Айтылу керек тағы бір маңызды факт: училище аттестатында Әлихан Нұрмұхамедов деп жазылған. Бірнеше жылдан кейін ол фамилиясын Бөкейханов деп өзгерту туралы өтініш берген. Бұған училищедегі сол төбелес маңызды үлес қосқан. Өйткені, Сұлтан Хан Жүсіптің мәліметтері бойынша, ол Орта Жүздің ханы Бөкейдің есімін ұраны ретінде таңдап алған.

Аттестатта мынадай жазу бар: «Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы сұлтанының ұлы Әлихан Нұрмұхамедов... Қарқаралы қазақ мектебінде 1879 жылғы 16 қыркүйектен бастап 1886 жылғы 16 маусымға дейін тәрбиеленген. ...1886 жылдың мауысым айында өткен үш сыныптық Қарқаралы училищесі оқушыларының ақырғы сынағы бойынша қалалық училищенің курс пәндеріндегі жетістіктері туралы аттестат алды... Қазақ мектебінде болған кезде, ол, Нұрмұхамедов етікшілік шеберлігін ойдағыдай оқып бітірді және өздігімен осы кәсіппен айналыса алады».

Жалпы Қарқаралыда Әлихан 1886 жылға дейін болады. Қарқаралыдан кейін біздің экспедиция Омбыға баруға тиіс еді, өйткені Қарқаралы қолөнер училищесін бітіргеннен кейін Әлихан өзін техникалық училищеге оқуға жіберген Омбы қаласына бет алған.

ДӨҢГЕЛЕК ТУРАЛЫ ЕСЕП

Әлихан Қарқаралыдағы училищенің соңғы курсында оқып жүргенде оларға генерал губернатор Колпаковский сапармен барады. Сапар кезінде күтпеген жерден оқушылардан: «760 шақырым жүргеннен кейін Омбы мен Қарқаралы арасындағы менің тарантас арбамның дөңгелегі неше рет айналды?» деп сұрақ қояды. Осы кезде Әлихан шығып, белбеуін шешіп, дөңгелектің диаметрін өлшейді. Жүресінен отырып, әлдене есептей бастайды да бірнеше минуттан соң есептің шешуін айтады. Қайран қалған Колпаковский училище директорына қолөнер училищесін бітіргеннен кейін баланы ОТУ-ға оқуға жіберуге тапсырма береді.

ҚҰНАНБАЙ МЕШІТІ

Сонымен қатар, біз «Құнанбай мешіті» деп аталатын жергілікті мешітте болдық. Оны Абайдың әкесі Құнанбай 1849-1853 жылдары салдырған. Ол туралы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Қарқаралы қаласында бүкіл Абай округінен және әкемнен, басқа да жандардан мешіт туралы жиі еститінмін. Ол Құнанбайдың мешіт салдырып, жұртшылықтың құрметі мен абыройға бөленгенін білетін. Бұл Қарқаралы қаласы мен бүкіл округтегі алғашқы әрі бірден бір мешіт. Құрылыс Құнанбайдың қаржысына өткен жылы басталған».

Құнанбайдың мешіті

Халық арасында Абайдың осы мешітте әлденеше рет болғаны айтылып жүр. Осы мешіттің имамы бізге қызықты көп нәрсе айтты: кеңес кезінде ол әкімшілік ғимарат ретінде пайдаланылған, ал кейін ол қоныс аударушылардың мұқтаждығына берілген. Алайда бұл ғимаратта орын алған жайттар келушілерді үрейін қашыратыны сондай, ол жерде түнеуге батылы баратындар аз болған. Бос ғимараттан азан дауысы естілетін көрінеді. Бұл, әрине, жаңа тұрғындардың зәре-құтын қашырған. Ал күмбезді бұзып, жарты айды алып тастамақ болғанда, тіптен адам нанғысыз жайттар орын алыпты. Күмбезді алып тастауға сұранған адам жоғарыға шыққан бойда жерге талып құлап түсіпті. Содан кейін күмбез мен жарты айға ешкім қол тигізбеген.

«ҚЫРҒЫЗДАР ПЕТИЦИЯСЫНА ЖОЛ БЕРІЛМЕУГЕ ТИІС»

Жалпы Қарқаралының өзі өте кішкентай әрі жайлы қала. Егер биіктіктен қарасаң, керемет көріністі көруге болады.

Мешіттен шыққан соң қазір жергілікті қазынашылық орын тепкен ғимаратқа аяқ бастық. 1905 жылы осы ғимаратта әйгілі Қарқаралы петициясы жасалып, оған Қарқаралы уезінің ықпалды 42 қазағы қол қойған.

Қарқаралы петициясы жазылған ғимарат

Осынау тарихи құжатты Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Жақып Ақбай, Темірғали Нұрекенов және басқалар секілді көрнекі қайраткерлер әзірлеген.

Петицияда жер мәселелері, сот құрылымы, діни мәселелер, білім беру және т.б. көтерілді. Алайда петицияның негізгі талабы қазақтарды Мемлекеттік Дума жұмысына жіберу болды. «Сауда жасау, егін шаруашылығы, балық шаруашылығы және басқа кәсіпшіліктермен айналысу сайлау құқынан айырмаған жағдайда, неліктен мал өсіру мәдениетімен айналысу қырғызды сайлау құқығынан айыруға тиіс?» деп сұрақ қояды петиция авторлары. Бұл өз кезегінде шенеуніктер тарапынан келеңсіздіктер тудырды. Өз хатында Семей облысының әскери губернаторы дала генерал губернаторына: «...Қырғыз жұртшылығының жоғарыдағыдай үкіммен әзірленген петициясына қандай жағдайда да жол берілмеуі тиіс» деп жазды.

Иә, Әлихан Бөкейханов секілді адамдардың билікке кедергі келтіргені анық. Бұл туралы ұзақ уақыт бойына жүйелі түрде мұндай адамдар халық жауы болды деп бізді иландыруы дәлел бола алады. Бірақ қазіргі биліктің өткен жылдардың тарихына қарым-қатынасы анағұрлым қылмысты. Мұрағаттар жария етілген секілді, кінәсіз өлтірілгендер ақталды, алайда бәрі бұрынғыша. Қарағандыда әлі күнге дейін Ленин атындағы көше бар, бірақ тіпті Әлихан Бөкейхан атында кішкентай өткелдің де болмауы көңілді жабырқатады. Біздің тарихымызға Қарқаралы әкімшілігінің қарым-қатынасы көңілге қаяу салды. Мемориалдық тақта секілді қарапайым нәрселердің жоқтығы экспедицияға қатысушылардың қатты қынжылтты.

Осымен біздің бағытымыздың Қарқаралы бөлімі аяқталып, біз Семей қаласына аттанып кеттік.

Экспедицияның бұл бөлімі де жеке толыққанды мақалаға лайықты.

Айжан ХАМИТ, «АЖ» меншікті тілшісі

Тарихи мәліметтер дереккөзі: Сұлтан-Хан Аққұлы (Жүсіп). Фотосуреттер: Қайырбек Кемеңгер, Айжан Хамит.

(Жалғасы бар)

(Автор Қазақ географиялық қоғамына осы экспедицияға қатысуға шақырғаны үшін алғыс білдіреді)

12 тамыз 2016, 20:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.