Атырау, 29 наурыз 01:36
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт-бардағы өлім туралы іс: 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылды

3 079 просмотра

Естеріңізге салсақ, 12 ақпанға қараған түні «Циклон Б» ЖШС-нің (жария ақпаратқа сүйенсек, фирма мұнай өндіруші және мұнай-сервис компаниялары үшін тендер бойынша жабдықтар мен құрылыс материалдарын сатып алумен айналысады - З.Б.) 31 жастағы менеджері Әлімжан МҰХАМЕДЬЯРОВ немере бауырымен және оның достарымен бірге "Олимп" спорт-барында ҚР мен Испания құрамалары арасындағы мини-футбол матчының барысын бақылап отырған.

Туысы Қазақстан құрамасы туралы қатты дауыстап жағымсыз сөз айтып қалады. 44 жастағы екінші бір келуші Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВ оған ескерту жасайды. Жанжал туындап, оған Ә.Мұхамедьяров араласып, А.Жұмағалиевты соғып жібереді. Алған соққыдан ол еденге құлап, сол жерде көз жұмады.

Атырау қалалық №2 соты қарастырған қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, болжалды қылмыскер екі күннен кейін қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-тармағы ("Жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда іс сотқа ҚР ҚК-нің 104-бабының 1-тармағына ("Абайсызда қазаға ұшырату") өзгертіліп жолданды.

Бұл бап заң бойынша үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған ауыр емес қылмыстар санатына жатады.

Үкімде айтылғандай, сот "Мұхамедьяров Жұмағалиевтың айқын агрессиясын көріп, ұқыпсыздығының салдарынан, өліп қалатынын білместен, оң жағынан келіп, оған оң жақ жұдырығымен бетінен соққы жасаған. Алынған соққыдан Жұмағалиев еденнің кафеліне басымен құлап, жабық бас сүйек зақымын алып, есінен танып қалады. Сотталушының байқаусыз әрекетімен зардап шегушіге жабық бассүйек-ми жарақаты салдарынан бас миы екі жарты шарының сұр затының жұмсақ қабықшасына қан кету түрінде ауыр дене жарақаты салынды. Аталмыш дене жарақаты тіршілік етумен сәйкес келмейтін жарақат болып табылатындықтан, зардап шегуші Жұмағалиевтың абайсызда өлуіне апарып соққан".

Сотқа дейінгі өндіріс кезеңінде тараптар кінәні мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімін жасады. Сот отырысында сотталушы Мұхамедьяров пен оның қорғаушысы іс жүргізу келісімін өз еріктерімен жасағандарын, іс бойынша қолда бар дәлелдер мен айыптауларға қарсы болмағандарын түсіндірді.

Осыған байланысты сот "сотталушы Ә.Мұхамедьяровтың түзелуі үшін әділ, қажетті және жеткілікті жаза тағайындау принциптерін басшылыққа ала отырып, оның тұрақты жұмыс орны бар екенін, қылмыспен тигізілген зиянды өтегенін, зардап шегуші тараптан талаптың жоқтығын назарға алып" (үкімнен үзінді), оны кінәлі деп тауып, 2 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады.

Мұхамедьяровқа қатысты іс бойынша тергеу ісі сұраған бұлтартпау шарасы - екі айға қамауға алу шарасы жойылып, ол сот залында қамаудан босатылды.

Сот мемлекет кірісіне Мұхамедьяровтан 40 666 теңге мөлшерінде мүрдеге сот-медициналық сараптама жасау бойынша іс жүргізу шығындарын өндіріп алуға қаулы етті.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

"Бостандықты шектеу" жазасы сотталушының келесі міндеттемелерді орындауын білдіреді:

- өзі тұратын облыс шегінен басқа жерге шықпау, сонымен қатар, тұрақты мекенжайын, жұмысын, оқуын оның жүріс-тұрысына бақылау жасауды жүзеге асыратын өкілетті мемлекеттік органдарға хабардар етпей ауыстырмау;

- Оқуынан және жұмысынан бос уақытында мекенжайын тастап кетпеу және алкогольдік ішімдіктер сатылатын жерлерге, ойын-сауық, көңіл көтеретін орындарға бармау.

19 сәуір 2016, 23:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.