Атырау, 25 сәуір 02:04
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Стефан де Майе: «Мен Атырауға ризамын»

3 565 просмотра

Image 0Жақында North Caspian Operating Company (NCOC)басқарушы директоры Стефан де МАЙЕ (суретте) өзінің 2014 жылғы мамыр айынан бері атқарған лауазымынан кетті. Атыраудан кетер алдында ол «АЖ»-ға сұхбат беруге келісті.

«ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОДЕКСТІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК ДЕП ЕСЕПТЕЙМІН»

- Стефан, газетіміздің сайтындағы сіздің кетуіңіз туралы жаңалық астында сізді қолдаған жылы комментарийлер болды. Жаныңызға жақты ма?

- Әрине. Шет мемлекеттен жұмыс жасауға шақыртылған барлық экспаттар сияқты менің де белгілі бір міндетім болды. Біріншіден, біз қонақ екенімізді қашан да есте сақтауымыз керек. Бұл осы елде тұратын адамдарды, әсіресе, жергілікті дәстүрлер мен өмір қағидаларын сыйлауымыз керек дегенді білдіреді. Екіншіден, бұл жерде қысқа уақыт болатынымызды ескеріп, көп нәрсе жасап кетуге үлгеруіміз қажет. Бұл тек өз қызметімізді атқару емес, болашақ жұмыстарға жергілікті қызметкерлерді дайындау, үйрету. Әрине, өзімізді қабылдаған елдің рухани құндылықтары мен тарихын түсіну өте маңызды. Аз уақыттың ішінде көп нәрсені білу керек, бұл өз миссиямызды орындау үшін өте маңызды.

Мен басшы ретінде шешілуі тиіс міндеттерге өз көзқарасымды анық қалыптастыруға және өз қызметкерлерімді сыйлап, шыдамдылық танытуға тырысамын. Қашан да оларға жақын, ашық болып, компания ішінде өнімді жұмыс жағдайын жасауды мақсат қылып қоямын.

- Қазақстанның Экологиялық кодексі туралы. Сізді Қашағандағы жұмысты жеңілдету үшін кодекске өзгерістер енгізуге тырысты деп айыптап жатады. Бұл рас па?

- Әрине, Қазақстанның Экологиялық кодексіне өзгеріс енгізуді жалғыз мен көтерген жоқпын. Бұл, ең алдымен, Қазақстан халқының құқығы, мұны өздеріңіз шешулеріңіз керек. Дегенмен, Қазақстанның маңызды стратегияларының бірі - елдегі инвестициялық климатты жақсарту, шетелдік инвесторларды барынша көп тарту. Елдегі қолданыста жүрген ережелер мен нормалар шетелдік инвесторлардың өз капиталын салу-салмау керектігін шешу барысында маңызды факторлар болып табылады. Олар салыстырады. Жеке басым экологиялық кодексті жетілдіру және оны халықаралық танылған нормаларға сәйкестендіру елдеріңіздегі инвестициялық климатты жақсартады деп есептеймін. Бұл жерде қоршаған ортаға зиянды әсерді көбейту емес, жұмысты оңтайландыруға мүмкіндік беретін операциялық икемділікті қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер керек.

АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІ ЖАНЫМДЫ БАУРАДЫ

- Қазақстанда қалай жұмыс жасап, өмір сүрдіңіз?

- Маған осы жерде жұмыс жасаған ұнады, мен NCOC-дің жаңа басқару жүйесін – Солтүстік Каспий мұнай және газ жобасын әзірлеуге жауап беретін бірыңғай оператор компанияны құрумен айналыстым. Жұмыс қиын болды, проблемалар бастан асты, алайда барлығымыз бірге осы қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруға қол жеткіздік және құбыр желісін ауыстыру, нысандарды кестеге сәйкес кері қосу жұмыстарын жалғастыра бердік.

Маған Атырауда тұрған ұнады және бұрын көрмеген Қазақстан мен Орта Азияны аралағаныма қуаныштымын. Атап айтсақ, киіз басу және күмістен зергерлік бұйымдарды дайындау, сондай-ақ, дәстүрлі қазақ музыкасы қатты ұнайды.

- Сіз басқа қандай елдерде жұмыс жасадыңыз?

- Бельгияда, Францияда, АҚШ-та, Чад пен Анголада жұмыс жасадым. Өз бетімше Еуропа, Латын Америкасы, Африка және Азия елдерін көп араладым.

- Мен сіздің Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін айтқаныңызды естідім... Аяқ астынан қазақша ән айтуыңызға не себеп болды?

- Музыка – адамдардың сезімін, ішкі рухани әлемін білдіретін керемет өнер. Қазақ әуендері романтикаға толы, олардың қайталанбас бірегейлігі, өзіндік ерекшелігі мені баурады. Біздерге, еуропалықтар үшін бұлар басында таныс әуендей естіледі, алайда кейін аккорд пен модуляцияның кенет өзгеруі, әуен мен ырғақтағы өзіндік реңкі қатты таңғалдырады.

Мен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін бірнеше жыл бұрын Астанада Плачидо Домингоның орындауында естідім. Бұл ән жанымды тез баурап алды, кейіннен құштарлықпен жаттап алдым.

ҚАШАҒАННЫҢ МАЗАРЫНА БАРҒАНЫ ТУРАЛЫ

- Сіз жолсыз, жапан түзде орналасқан Қашағанның мазарына бардыңыз. Бұл атаның басына барған бірде-бір экспат есімде жоқ. Қандай мақсатпен бардыңыз? Қашағанның рухы ашуланып жатыр деп ойлап, жібітуге бардыңыз ба? Әзіл, әрине...

- Өздеріңіз білетіндей, NCOC-дің Баутинода ірі материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы бар, сондай-ақ, ол Атырау облысы сияқты Маңғыстау облысындағы ірі әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырады. Сондықтан мен сол жаққа көп барамын.

Бұл жобаға келместен бұрын мені теңіздегі осы үлкен мұнай кен орны атауының қайдан шыққаны қызықтырды. Мен Қашағанның үлкен ақын болғанын білдім, өлеңдерімен таныстым. Қызығушылығым одан сайын артты. Мен оның мазары Маңғыстауда орналасқанын білгенде басына барып, құрмет көрсеткім келді. Қайтқан кісінің басына бару мен үшін үйреншікті шаруа. Бірақ мен өзімнің мұны жасаған NCOC-дің бірінші басшысы екенімді білген жоқпын. Бізді сол жерде Қашағанның ұрпақтарының бірі қарсы алды, барлығы қазақ дәстүрімен өтті.

Әзіл әзілімен, бірақ мен Қашаған ашуланып жатыр деп есептемеймін, ақындар табиғаты ондай болмауы керек, сондай-ақ, мен ырымшыл адам емеспін. Мен жәй ғана жергілікті салт-дәстүрлерге қызығамын, зерделеп, бағалаймын. Осы сапарымды естігендердің неге таңғалғанын өзім де түсінбедім.

- Осы жобада қандай жоспарларыңызды жүзеге асыруға үлгермедіңіз?

- Бұл - әрине, Қашағанды кері қосу. Біз жұмыста үлкен ілгерілеушілікке қол жеткіздік, көптеген көлемдер мерзімінен бұрын аяқталды, алайда осы қыста құрлықта, көктем келе теңізде жасалатын жұмыстар көп. NCOC-дің барлық қызметкерлеріне және жаңа басшыға жаңа жылда үлкен табыстарға жетулерін тілеймін. Ал Атыраудан ризашылықпен кетіп барамын.

- Болашақта жұмысыңызды қайда жалғастырасыз?

- Мен Эксон Мобилге қайта барамын. Компанияның ғаламдық жобаларында өз күшім мен мүмкіндіктерім жеткенше жұмыс жасайтын боламын.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

7 қаңтар 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.